Сіз ШОПОГОЛИКсіз бе?

0
1 373


Сіз  ШОПОГОЛИКсіз  бе?

Жылдың жаңа мезгілі жақындады. Қыз-келіншектер қауымы гардеробты реттеуге кірісіп кетті. Біреулері былтырғы киімдерге ревизия жасаса, екіншілер базар мен дүкен аралауды бастап кетті. Сіз не істеп жатырсыз?

Өзіңізді әр мезгіл мен жағдайға сай жаңа киім алмаса көңілі көншімейтін шопоголиктер санайсыз ба? Әлде барды киіп жүре беретін үнемшіл, қанағатшылдар қатарына жатқызасыз ба? Мұны анықтауға, бәлкім, жұлдызнама көмектесер?


Тоқты

Сапырылысқан халық, ыстық әрі тар киім өлшейтін орын, өлшемі өтірік жазылған киімдер, қымбат баға мен төмен сапа – мұның бәрі Тоқтының ашуын келтіреді. Содан да базарлар мен сауда орталықтарына бара бермейді. Тек киім-кешек пен аксессуарды жинақ түрінде ұсынатын, толық образ сатып алуға болатын таңдаулы дүкендерге ғана барады. Онда да жиі емес.


Торпақ

Қолына ақша түскен күні «аламын» деп жоспарлаған бұйымдарын көз алдына тізіп жүреді. Көйлек, шалбар, сөмке, сырға – қиялында бәрі бар. Бірінші мүмкіндік туғанда басқа істің бәрін ысырып қойып, арманын жүзеге асыруға кіріседі. Бәрін түгелдеп болған соң шыттай киініп, мейрамханаға барып дәмді ас ішеді. Осының бәрі олар үшін ләззат сыйлайтын терапия.


Егіздер

Олар үшін жалғыз жүріп киім-кешек алу – ақшасын желге ұшырғанмен тең. Не сапасыз, не керексіз дүниелерді жинап алады. Сондықтан қасына сән мен үйлесімнен хабары бар бір кісіні ерте жүргені абзал. Жанында ақылдасатын адам болса ғана ойы жүйеленіп, өзіне не керегін жақсы білетін болады.


Шаян

Олар тек көңілінен жүз пайыз шыққан, мінсіз киім мен бұйымға ғана шығындалады. Таңдауы өте ұзақ. Сапалы да сәнді, өзі қарапайым, сөйте тұра салтанатты, ерекше әрі ыңғайлы болуы, тері мен шаш, көз түсіне сәйкес келуі – осындай көптеген талаптарының бәріне сай болса ғана сатып алады. Асығыс таңдау, «осы жарап қалар» деп атүсті қарау жанына жат. Қаншалықты ұзақ уақыт бөліп таңдап алса, соншалықты ұзақ киетін болады. Оның жылдар бойы киген киім-кешегі сынын бұзбайды. Сондықтан, қызына не немересіне мұраға қалдыруға да жарап қалады.


Арыстан

Егер имидж-кеңесші, стилист, шоппинг-кеңесші секілді мамандықтар бойынша қызмет етсе, көп табысқа жетер еді. Себебі, расында да талғамы биік. Сән сарапшысы да бола алады. Өзінің ешкімге ұқсамайтын айрықша стилін тапқан, сонысымен көпті тәнті етеді. Шопоголик емес, тек өзіне керегін таңдап, тауып ала біледі. Гардеробында басы артық, ештеңемен үйлеспейтін киім болмайды.


Бикеш

Өмірдің барлық саласында озат әрі мінсіз Бикештер бұл тұсқа келгенде осалдық танытады. Шопинг – олар үшін азаппен тең. Сондықтан, дүкен аралауға киетін ештеңесі қалмағанда ғана шығады. Киім-кешекке аса қызықпағандықтан, соңғы сәннен де хабары жоқ. Тек, тік пішімді, классикалық үлгіге келетін, ыңғайлы да сапалы болса жеткілікті деп санайды. Содан да болар, былтырғыдан қалған, антитренд киімдерге жиі ұрынады.


Таразы

Негізінде шопоголик болғысы келеді. Киім-кешек дүкенін аралауға жиі шығады. Әр затты бір көріп, әрқайсына көңілі кезек ауып ұзақ жүреді. Бірі тым қымбат, екіншісінің сатушысы сыпайы емес, үшінші бір дүкен іші көңілсіз... Тек үш-төрт айналып шыққан соң ғана бір киімге тоқтап, сатып алуы мүмкін. Иә, мүмкін. Нақты емес. Кейде күні бойына босқа жүріп, кеш түскенде «керегімді таппадым» деп қайтып кетуі де ғажап емес.


Сарышаян

Нағыз шопоголиктер деп Сарышаяндарды атауға болады. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Белгі иелері қандай дүкенге кірсе де, жүйткіген жылдамдықпен аралап, ана басынан бірнеше, мына басынан бірнеше киімді лезде іліп шығады. Содан соң шетінен киіп көруге кіріседі. О, ғажап! Қайсысын кисе де, құйып қойғандай жараса кететіні не сиқыр? Өлшемі келмей қалу, түсі реңін ашпай қалу, пішімі пошымына сай келмеу деген сияқты мәселелер болмайды. Осыдан кейін қалай шопоголик болмасқа?


Мерген

Әр дүкенге бір бас сұғып, ондағы ассортиментпен толық танысып, бағаларды салыстыруға шыдамы жетпейді. «Осы болады-ау» деген киім қолына іліксе, алады да, кері қайтады. Себебі, киім-кешек таңдау – олар үшін іш пыстыратын іс. Көбіне жеңілдіктер, жаппай сатылымдар болса, соларға ілініп қалуға тырысады. «Фасоны ескі ме? Оқа емес. Түсі басқа киімдерімен үйлеспей ме? Сонда да кие берем. Сапасы онша емес пе? Сол да мәселе болып па? Бастысы – бағасы арзан. Бәрібір бірнеше кигеннен кейін тозады емес пе?»


Тауешкі

Негізінде талғаммен киінеді. Өзіне тән стилін тапқан. Алайда, айналасындағыларға оның киіну үлгісі іш пыстырарлық, тым қатаң болып көрінеді. Кім не ойласа да мейлі, бастысы өзіне ұнайды. Сәннен көрі сапасына көбірек мән береді. Көңілінен шыққан бір-екі брендке байланып, солардың айнымас адал, тұрақты тұтынушысына айналады. Қымбат заттардың жеңілдік, жаппай сатылымдарын ұтымды пайдалана біледі. Арзан екен деп, сорпасы татымайтынға ұрынбайды.

Өзне не керегін нақты біледі және жолай әр нәрсеге алданбай, керегін ғана алып қайтады.


Суқұйғыш

Көпшілік жаппай ағылатын базар, сауда орталықтарынан, танымал дүкендерден зат алғысы келмейді. Себебі, ешкімде жоқ ерекше киім-бұйымдар керек. Қажетін екінің бірі біле бермейтін ерекше орындардан іздейді. Көйлек керек пе? Қаланың бір түкпіріндегі кішкентай бутиктен өзгешесін тауып алады. Аксессуар керек пе? Үйінен жасап сататын қолөнер шеберіне қолқа салады. Осындай тапқырлығының арқасында үнемі «қайдан алдың?» деген сұрақтың астында қалады. Сұраушыларға қайдан тапқаныңызды қорықпай айта беріңіз. Себебі, сіз сияқты қалаған затын іздеп түкпір-түкпір аралайтындар аз.


Балықтар

Белгі иелерінің бойында сұлулық пен үйлесімділікті жүрекпен сезетін айрықша қасиет бар. Соның арқасында жас кезінде де ең сәнділер қатарынан табылған. Қартайса да, жарасымды киінуден алдына жан салмайды.

Дүкенге кіргенде алдымен асықпай аралайды. Сосын әр жерден керегі мен көңілінен шыққанын теріп алады. Сырттай қарағанда ол киімге көз салып қарамаған, жай ғана қолына ілінгенін алып жүргендей көрінуі мүмкін. Бірақ, бірінен соң бірін кигенде олардың үйлесімділігіне таңдай қағасың.

Кейде мұның жаман жағы да бар. Айталық, бір-бірімен үйлесетін киімдер топтамасынан бірін алып, екіншісін қалдыруға қимай қалады. Нәтижесінде бір айлық табысын бір-ақ күнде жұмсап жіберуі әбден мүмкін.

Аударған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


ЖҰЛДЫЗНАМА БОЙЫНША: Баланың ОҚУҒА ЫНТАСЫН қалай ОЯТАМЫЗ?