​Жұлдызнама бойынша: Қыз-келіншектерге ғана оқуға болатын құпия болжам

0
7 049

Бұл құпияларды білсеңіз, еріңізді қалай басқаруды да бес саусақтай білетін боласыз.


​Жұлдызнама бойынша: Қыз-келіншектерге ғана оқуға болатын құпия болжам

фото: privetlove.ru

Әлем елдері мен алпауыт компанияларды басқарушылардың көпшілігі – ер-азаматтар. Алайда, солардың басым бөлігінің артында жеңіле отырып жеңетін, бағына отырып басқаратын бір әйел тұрады. Тіпті, қарапайым еркектердің де ең кішкентай деген қадамының астында әйелдің ықпалы жатады. Еркектер мұны мойындамайды, өйткені, ақылды әйел оны басқарып отырғанын ешкімге білдірмейді. Сіз де сол ақылды ханымдар қатарынан болып, еріңіздің тізгінін өз қолыңызда ұстап, қажетті бағытқа бұру арқылы табысты азаматқа айналдырғыңыз келе ме? Ендеше, бірінші оның жұлдыз белгісін, екінші, соған сәйкес басқару құпиясын біліңіз.


Тоқты

Тоқты-еркектің басқару тетігін өз қолыңызға алу үшін оған қалай сөйлеу керектігін білуге тиіссіз. Олардың тумысынан менменшіл, өзін қатты жақсы көретіні белгілі. Сондықтан, Тоқты-серігіңіздің құлағынан кіріп, бойын алатын, жанына майдай жағатын жылы сөзді, мақтауды аямаңыз. Кішкентай болсын іс-әрекетін мақтап-мадақтап жіберсеңіз, көп ұзамай-ақ үлкен-үлкен ерліктеріне куә боласыз.


Торпақ

Бұл белгі иелерінің көңілін көтере отырып тілін табу ақылды әйелдің қолынан оңай келеді. Ол үшін дәмді тамаққа тойғызып, жақсы демалысын қамтамасыз ете алсаңыз болғаны. Көп әзірленбейтін тағамдарды ерекше әрлеумен түрлендіріп ұсынуды жиілетіңіз. Бос уақыттарыңызды қызықты өткізудің сан алуан амалдарын ойластырыңыз. Ол үшін жасап жатқан еңбегіңізді еріңіз міндетті түрде бағалайды. Сіз дайындаған дәмді асқа сүйсініп отырғанда жай ғана тұспалмен айтқан тілегіңіздің өзін түсініп қойып, орындауға барын салады.


Егіздер

Егіздер белгісіндегі ерлердің ең суқаны сүймейтін нәрсесі – біреудің қысым жасауы, жеке шекарасын бұзып-жарып кіруі. Мұндай әрекетке барған адаммен ол ешқашан ымыраға келе алмайды, ешқандай ұсынысына келісе қоймайды. Сондықтан, оған сөзіңізді өткізгіңіз келсе, көбірек еркіндік беріңіз. Басқару жібіңіз барынша ұзын болсын. Қаншалықты тынысын тарылтпайтындай кеңдік берсеңіз, оның басын қажетті бағытқа бұру соншалықты оңайға түседі.


Шаян

Шаяндардың жаратылысы романтикаға жақын, жаны нәзік, сезімге, эмоцияға берілгіш. Бұл белгі иелерінің әйелін бағалауы, оның талап-тілектеріне мән беріп, айтқанына құлақ асуы үшін бірінші кезекте өзіне деген махаббатына сенімді болуы шарт. Сондықтан, айтқаныңызды жасатамын десеңіз, алдымен оны шын сүйетіндігіңізді, шын берілген, шын тілеулес екендігіңізді көрсетіңіз, сендіріңіз. Арғы жағы оңай. Жан мен тән қалауын лайықты қанағаттандырып тұрған әйелге көп ұзамай-ақ барын да, нарын да береді.


Арыстан

Арыстан-азаматтарды басқару оңай емес. Ал, оларды басыбайлы билеп-төстеу ешбір әйелдің қолынан келмейтін, мүмкін емес шаруа. Әйткенмен, азды-көпті бедел жинап, сол арқылы кей тұстарда сөзіңді өткізіп тұруға, кей шешімдеріне ықпал жасауға болады. Ол үшін Арыстанды екеуара одақта басты тұлға өзі екеніне, маңызды шешімдерді өзі ғана қабылдап, сіздің соған бағынатыныңызға сендіруіңіз қажет. Түптеп келгенде, сіздің итермелеуіңізбен қабылданған шешім екені еш білінбеуге тиіс. Бұл үшін елеусіз тұспалдар, нәзік те қорғансыз әйел образы, өзіңізді құрбандық ретінде көрсету сынды амалдар көмектеседі. Байқаңыз, бұл тұстағы шекара көзге көрінбейтіндей елеусіз, абайсызда тыйым салынған жаққа аттап кетпеңіз.


Бикеш

Бикеш-ерлерге жағу үшін, оның көңілін табу үшін интеллектуалдық деңгейіңіз оныкімен бірдей болуға тиіс. Оған қоса, сырт келбетіңізге де ерекше мән беріп, күнделікті образдарыңызға айрықша сән беріп, көзін де қуанта біліңіз. Сонда ол сізді өзіндік пікірі бар жеке тұлға ретінде көреді. Сөзіңізге құлақ асып, тілегіңізге ден қояды. Ал, салдыр-салақ, өзіне қарамайтын, бойын күтпейтін әйелді «әйел» деп те, «тұлға» деп те қабылдамайды. Ондай жағдайда ықпалыңыздың да жүрмейтіні анық.


Таразы

Таразы-ермен құрған отбасылық одақта күйеу мен әйелдің таразысының басы тең тұрсын десеңіз, барынша сабырлы да шыдамды болыңыз. Мінезінің тым құбылмалы, бірде көл, бірде шөл жан екенін талай рет көзіңіз көрген болар. Сіз де осы аумалы-төкпелі көңіл-күйдің ыңғайына қарай қисаюды үйреніңіз. Жоғарыда айтқан сабыр мен шыдам көңілінің ауа райы жайсыз күндері керек болады. Ал, жайма-шуақ күндері қалауыңыз бен талабыңызды айтып үлгеріп қалыңыз. Қадамдары мен шешімдеріне осылай ғана ықпал жасауға болады.


Сарышаян

Басқаруға оңайлықпен берілмейтін ер-азаматтардың қатарына Сарышаяндар да кіреді. Сондықтан, оған ыңғайлы емес, ықпалды, бағынышты емес, басқарушы жар болғыңыз келсе, ақыл мен айла, ептілік пен естілік ауадай қажет. Алдымен басқару тетігінің кілтін тауып алу үшін еріңізді жақсылап зерттеңіз. Оның ойындағысын айтқызбай ұғып, көңіл-күйін көзқарасынан түсінетіндей дәрежеге жетіңіз. Жұбайлар арасындағы жеке әлемде де жүрегінің қалауын дәл тауып үйреніңіз. Содан соң барып «кілтін бұрай» беруге болады.


Мерген

Бостандықты тым жоғары бағалайтын Мерген-еркекті те толығымен билеп-төстеу мүмкін емес. Әйткенмен, сырлас та сенімді досына айналып, тиісті жерінде бір саты төмен түсіп, жол беруді үйренсеңіз, қажет уақыттарда өмірлік серігіңізді өз дегеніңізге көндіруге мүмкіндік бар.


Тауешкі

Тауешкі-ерлерге ең керегі де, ең маңыздысы да – жайлылық пен тыныштық. Тынышын бұзып ызыңдай беретін әйелдің «әуенін» тыңдамауға барын салады. Ал, көп сөйлемейтін, бірақ, бір айтқанда нық айтатын әйелдің сөзіне міндетті түрде құлақ асады. Тек ол үшін үйде жайлы атмосфера орната білсеңіз, ашық да адал қарым-қатынас жасасаңыз жеткілікті. Ең бастысы, жалғандық пен жасандылыққа жол бермеңіз. Ондай айла-амалдарды Тауешкілер алыстан сезіп қояды.


Суқұйғыш

Суқұйғыш-серілерді басқару үшін айла-шарғы өнерін меңгеру артық емес. Себебі, оларды алдап-сулап қана айтқанға көндіруге болады. Бір мезгілде алыс та жақын, ыстық та суық, кейде айқын, кейде жұмбақ бола алсаңыз, Суқұйғыш серігіңіздің іс-әрекеттерін жөнге салып, реттеп отыру қиынға соқпайды.


Балықтар

Бұл белгі аясында дүниеге келген ер-азаматты басқару үшін барынша жасырын, елеусіз әрекет ету керек. Әдептен озбаңыз, әр сөзіңізге, әрбір іс-әрекетіңізге абай болыңыз. Сіздің түпкі ниетіңіздің қандай екенін мүлдем білмегені, оны қандай да бір шешім не әрекетке итермелегіңіз келетінін сезбегені абзал. Ой-пікіріңізді, салмақты себептер мен дәлелдеріңізді, түрлі тұспалдарды айта отырып, «өзің біл, өзің шеш» деген сынды сөздермен соңғы шешімді өзіне қабылдатыңыз.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ