​«Қыз шай» деген дәстүрді білесіз бе?

0
568

"Қызойнақ" немесе "Қыз шай". Бұл дәстүрлердің қайсысы дұрыс?


​«Қыз шай» деген дәстүрді білесіз бе?

фото: ernur.kz

Бұл дәстүр қазіргі кезде орындалып жатқан, өмірімізге енген батыстың дәстүрі, яғни «қызойнақ» дәстүріне ұқсас келеді. Бірақ, ойланып қараңыздаршы, «қызойнақ» емес, «қыз шай» деп айтылса естір құлаққа да түрпідей тимейді, әдемі естіледі.

Сондықтан, осы дәстүрімізді қайта қолға алып, шетелдік жоралғыларды өзімізге тықпалай бермей, қазақтың ежелден келе жатқан әдемі дәстүрлерін әдіптеп, әспеттеп, кәдемізге жаратсақ несі айып? !

Қайта керісінше той-думан, ойын-сауықты жақсы көрген ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен мұрасын айшықтай түсеміз. «Жиған-тергенің тойға, жақсылыққа шашылсын!» деп тілек тілейтін, ниетін жақсылыққа бұрған халқымыздың ойын-сауыққа, көңіл көтеруге қатысты да өте әдемі салт-дәстүрлері жетерлік.

Мұндай дәстүрлер ағайын-туыстың қадірін арттырып, бауырлардың арасын жақындата түседі. Тіпті күйбең тіршілік деп бір-бірімен етене жақын араласуға уақыт таппай жүргендерге де бұл дәстүрдің тигізер көмегі орасан.

Себебі, ағайынның өзімен хат-хабар алмасып тұрсаңыз да, балаларын жете тани бермеуіңіз мүмкін. Қазақ қандай дана халық болған, «он үште отау иесі» деп, балаларын ересек өмірге ерте дайындаған. Ақылман, данагөй қариялардың, ақсақалдардың, ақ жаулықты аналарымыздың қасында кішкентай бала да отыратын болған. Қазіргідей бала алдында айтылмайтын әңгімелер ол кезде үлкендердің тарапынан айтылмайтын. Керісінше, бала сол ғибраты мол әңгімелерді құлағына құйып өседі, үлкендердің ақылын тыңдап, өмірді танып өседі. Сондықтан, бала кезінен ағайынның балаларымен араласып, тай-құлындай тебісіп өскен ұл да, қыз да тамырынан ажырамайды және қыз бойжетіп, ұзатылар шаққа жеткенде сол ағайын-туыстың барлығы да қызға деген қимастығын білдіріп, көңілін аулап, жанын жадырату үшін «қыз шай» деген дәстүрді орындаған. Ұзатылатын қыздың ағайын-туыстары қонаққа шақырып, шай береді. Бұл дәстүр қазір еліміздің бүкіл аймағында қолданылады деп айтуға келмейді. Сонда да бұл дәстүрді сақтағандар бар.

Шай ішуді де дәстүрге айналдырып, қуанышты жәйттерді атап өту үшін ақ дастарханды жайып, шай беруді, шай құюды да өнер деп бағалайтын халықпыз.

фото: bugin.kz

Шайға қатысты халқымызда әртүрлі дәстүрлер бар, солардың бірқатары С.Кенжеахметұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабында айтылған. Соларды атап өтейік:


Көңіл шай

Адам өмірінде қуанышты да, ренішті де жайлар бола береді. Қуанышты жағдайда көңіл білдіріп, құтты болсын айту бар. Ал кейде адам басына іс түскенде, тұрмыста кездесе беретін қиын жағдайда, ренішті, күйінішті кездерде қиыншылыққа ортақтасып, ақыл-кеңес береді. Ашулы сәтте басу айтады. Міне, осындай кездерде ауылы аралас, ағайын-туыс көңіл білдіреді, оған рухани жәрдем береді. Үй иелері оларға, әрине, дастарқан жаяды. Аталған екі жағдайда да жайылған дастарқан берілетін ас-судың аты – көңіл шай. Көңіл білдіру мен көңіл айтудың мәні екі басқа.


Тәтті шай

Кейде ата-ананың келісімінсіз, қызды алып қашып үйленетін кездер де болады. Мұндай жағдайда жігіт жағынан құдалардың аяғына жығылуға, яғни, кешірім сұрап, келісімге 4-5 адам барады. Олар арғы-бергі жақтан сөз қозғап, ата-бабалардың салған жолы деп дәлелдеп қыздың ата-анасы мен туысқандарының бетін бері қаратып жігіт ауылына шақырады. Оларға кең дастарқан жаяды. Бұл рәсім «тәтті шай» деп аталады. Демек бұл атына сай, құда-құдағилардың танысу, білісу, келісім, ынтымақ шайы. Мұнда жақсы тілектер айтылып, алдағы той жайы әңгіме болады. Тәтті шай ренжіскен адамдарды татуластыруға беріледі. Ал қазіргі таңда «тәтті шай» деп қыз бен жігіттің ата-аналарының құдаласу алдындағы келісім шайы деуге болады.


Бейсенбі, жұма шай

Бейсенбі, жұма шайлары бір отбасының адамы қайтыс болғанда осы күндерде аруаққа бағышталып жайылатын дастарқан. Бұған жақын туған-туыстар, жанашыр адамдар келеді. Дұға оқылады. Марқұмның жақсы істері мен мінез-құлықтары да айтылады. Көңіл айтуға кешіккен адамдар да осы күндері келуге тырысады.


Күзем шай

Істің басталар сәтінде де, ол аяқталған соң да халық атаусыз, ескерусіз қалдырмайды.

Мысалы, күзем алынып болған соң әр үй бір-бірін шайға шақырып көңілді кеш өткізеді.

Оның аты – күзем шай.


Шашу шай

Қазақ әр науқандық шаруашылық кезінде немесе жаңа іс басында бас қосып, үй иесі осындай атпен аталатын қазан асады, шай дайындайды. Мұндай шашулар сиыр бұзаулап уыз пісірілгенде, малға ең салғанда, қой қырқымы, жылқы күземі аяқталғанда т.б. науқандық шаралар кезінде жасалады.
Міне, осындай шай ішудің өзін дәстүрге айналдыра білген ата-бабаларымыздың аманатын жалғастырып, ағайын арасындағы бауырмалдылықтың артуына әрбіріміз үлес қосайық.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Оқи отырыңыз:


«Абысын асы» бүгінде ұмытылып кетті ме?


ҮМЕге келген ҮНДЕМЕЙ ҚАЛМАЙДЫ