​«Абысын асы» бүгінде ұмытылып кетті ме?

0
607

Бұл дәстүрдің өзі бар болса да, бірақ атауы ұмытылған секілді


​«Абысын асы» бүгінде ұмытылып кетті ме?

фото: ВКонтакте

«Абысын» сөзі қазақтың туыстық атауларының бірі. Абысын (әйел) – ағайынды жігіттердің әйелдері бір - біріне «абысын» болады. Абысындар өзара жақын, сырлас, мұңдас болады, бірігіп ынтымақты жұмыс істейді. Бір - бірінің өкпе, назын, әзіл - қалжыңын сыйласыммен көтереді. Қазақта «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген сөздің философиялық мағынасы осындайдан шыққан. Абысындардың үлкені «шешей», кішісі «келін» деп аталады.

Халықтық тағылымдарда «абысын асы» деген дәстүр бар. Ері жолға шыққанда олар абысындарын шақырып, дастарқан жайып, әңгіме - дүкен құрады. Бұл дәстүр олардың сыйластық, татулық, бірлік - ынтымағының белгісі әрі ұлттық тәрбиенің бір түрі.

«Абысын тату болса – ас көп,

Ағайын тату болса – ат көп» деген мақал сөздің түп-төркіні де абысындардың өзара татулығы ағайындылардың да татулығына бірден бір үлес қосатынын дәріптейді.

«Абысын асы» дәстүрінің татулыққа, жанашырлыққа және бауырмалдылыққа негізделгенін ұғу қиын емес. Бұрын бір ауылдың әйелдері, яғни абысындар, күнделікті өмір күйбеңімен ертелі - кеш үй шаруасында жүретіндіктен бір ауық шер тарқатып, шаруаның жайын ақылдасу, көңіл көтеру барлығы да осы абысын асында орын алады. Олар ата - ене, күйеуінің рұқсатынсыз ешқайда шыға алмайды. Қазір де солай ғой, келіндер әлбетте ата-енесінің, күйеуінің рұқсатымен ғана үйден шыға алады. Кейде ауыл адамдары айтқа, тойға, қазаға үлкен - кішісі аттанып кетеді де ауылда тағы сол әйелдер қалады. Абысындардың еркіндеп қалатын кезі міне осы сәт. Олар мұндайда өздері бір үйге бас қосып жылы - жұмсағын қазанға салып, шәй қойып өздері бір кеш сауық жасайды, өлең айтады, бой көтереді, сырласады. Дастарқанды кең жайып дәм татады. Міне, осы бас қосу, осындағы дәм «абысын асы» деп аталады. Бұл да қазақ әйелдерінің ырысты ынтымағының көрінісі болатын.

Жасыратыны жоқ, күйбең тірліктің әсері деп жылы жауып жүрміз, бірақ осындай дәстүр қазір де керек. Өйткені адам күйбең тірліктен де бір ауық бой жазып, сергіп тұрмаса, тозып кетеді. Сондықтан, абысындардың осындай әңгіме-дүкен құрып, сергитін сәті болғаны дұрыс.

Мүмкін атауы өзгергенімен, бұл үрдіс ішінара орындалып та жатады. Мысалы, ауылда да қалада да ай сайын бас қосып, тек қана әйелдердің бас қосатын отырыстарын қазір «гәп» деп атап жүрміз.

фото: tolqyn.kz

Ол да қазақтың ежелгі дәстүрі «абысын асына» ұқсайды.

Абысындардың ауызбіршілігі, сол әулеттің сойылын соғып, бір-бірінің шешімі қиын мәселесі болса бірігіп атқарып, ақылын айтып, жол көрсетіп, қолынан келіп жатса көмегін де аямайтын дастархан басында шешілетін тұрмыстық мәселелерді оңай шешуге керемет мүмкіндіктер емес пе?!

Ендеше, неге осы «абысын асы» деген атауды қайтарып, құлаққа да жағымды, қазақылықтың көрінісін жаңғыртатын дәстүрді құптамасқа?

Абысын асында өсек-аяң емес, тіпті бір-біріне туысқандық қарым-қатынасты жалғастыратын балалардың да санасына татулықты, бірлікті, бауырмалдықты ұялатып, сол жолға тәрбиелейтін дәстүр емес пе? Бала да үлкендерден үлгі алады. Аналарының бір-бірімен тату-тәтті, сырлас құрбы болғанын көрген балалар да бір-біріне жақын болады.

Ал ағайынның көптігі, бір-біріне деген жанашырлығы осындай тәрбие алған балалардың бойынан көрініс табатыны шындық.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ҮМЕге келген ҮНДЕМЕЙ ҚАЛМАЙДЫ


«СЫБАҒА САҚТАУ» салты сапардағы жақыныңа тілекші болып тұрады