18+: ​Әйел еркектің «ҚАЛАҒАНЫН БЕРМЕЙ» жүрсе, 5 СЕБЕБІ бар

0
4 347

"ЖОҚ!" деп теріс қарап жатып қала бере ме?


18+: ​Әйел еркектің «ҚАЛАҒАНЫН БЕРМЕЙ» жүрсе, 5 СЕБЕБІ бар

Мұндай проблема ерлі-зайыптылардың көпшілігінде кездеседі. Бірақ «қаламай жүр, бас тартты» деп шағым айтатындардың көпшілігі еркектер екен.

Бәлкім, шағым айтуға тұрарлық шығар?! Мүмкін, еркектердің «шағымшылдығына» табиғаттан жаратылысы себеп болар?! Қалай десек те, мұндай мәселе бар және бола да береді. НЕГЕ?


Себебін іздеген еркек алдымен өзінен де «кінә» іздеуі керек екен.


Психологтар мен сексолог мамандардың ортақ зерттеуі бойынша, әйелдердің төсек қатынасынан бас тартатын себептерін жинақтапты. Осынау себептерге қарай отырып, «шағым айтатын» еркектер өздерін де, төсектегі жағдайды түзей алады.


Суып бара жатқан сезімді қайта лаулату керек шығар?

Әдетте төсектен ләззат табу үшін ерлі-зайыптының екеуінің де қалауы бірге түйісуі қажет. Бірақ өмірі бірсыдырғы өтіп жатқан көптен бірге тұрмыс кешкен жандар арасында сезімнің сууы да қалыпты жағдай. Ашығын айтқанда, бір-біріне деген «тәбеті» тартпай қалатын сәттер жиі кездеседі. Оған әртүрлі себеп болуы мүмкін.

Бірақ «солай екен-ау» деп қарап қала беруге болмас. Суып бара жатқан сезімді қайта тұтату керек. Тек қана бірінші қадам жасалса жеткілікті мұндайда.

  • Қолынан ұстап екеуден-екеу ұйқы алдында қыдырып келіңіз. (Қолынан ұстау міндетті.)
  • Себепсіз бір тал гүл сыйлаңыз.
  • Сағынғаныңызды айтып хабарлама жазыңыз.
  • Оңаша қалуға тырысыңыз (соған жағдай жасаңыз).
  • Қалауы болмаса да, ту сыртынан құшақтап жатыңыз.
  • Осының барлығы да әйеліңіздің суыған сезімін қайта алаулататынына сеніңіз.


Жүкті немесе жас босанған ба?

Бұл кезеңдерде әйелдің төсек қатынасын қаламауы – заңдылық. Ол үшін уайымдап немесе күдіктеніп қажеті жоқ. Тіпті, қасыңызға жатпай қоюы мүмкін. Жүктіліктің салдарынан немесе жас босанған соң бойындағы өзгерістерің әсерінен әйелдер көбіне осылай етеді. Шыдаңыз.

Мәселен, өзі құрсағындағы шаранасы үшін толқып-уайымдап жүргенде төсек қатынасы туралы ойлайды дейсіз бе?

Сол сияқты, жаңа туған нәрестенің күтімімен оның төсек тоятын ойлауға уақыты бола қояр ма екен?

Мүмкін, жүктілікте немесе босанған соң дәрігер белгілі бір уақыт аралығында жыныстық қатынасқа түсуге болмайтынын айтқан болар? Ал ол оны сізге білдіруге қорқып жүрген жоқ па? Мүмкін, сізді қате түсініп қалар деп бата алмай жүрген шығар? Ашық сөйлесіп, қолдайтыныңызды, көмектесетініңізді білдірдіңіз бе?

Түсінуге тырысыңыз.


Үй шаруасынан шаршап жүрген болар?

Әйелдің шаруасы ешқашан біткен емес. Мейлі, үйде тұрмыстық техниканың заманауи соңғы үлгілері болса да, бала-шағалы әйелдің атқаратын міндеті еркектерден әлдеқайда көп.

Үйге кіре салып баланың барлығы бірінші анасын іздейтінінен-ақ түсіне берсеңіз болады. Үйде 4 бала болса, бір ас үстінде 4 сұрақ қойып, соның барлығына жауап берудің өзі әйел затына түсетін салмақ. Сол 4 баланың күтімі де әйелдің міндеті. Тіпті, мектеп-балабақшаға барып-келунің өзі уайым әйелге.

Ал жұмысынан бөлек үй шаруасын да қосыңыз оған.

Егер әйеліңіз сенбі-жексенбі күні тек демалып, өзінің күтімімен айналысып, басқа шаруаға мойын бұрмайтын болса, онда «неге түнде менің кеудемнен итереді?» деп ренжуіңіз орынды болар, бәлкім?!

Бірақ демалыс күндері үй тазалап, дәмді ас жасап, кір жуып, қонақ күтіп, өзі бір сәт демалмайтын болса, онда әйеліңіз шаршап жүр. Оған демалыс керек. Шаршап жүрген әйелге төсек қатынасы керек емес. Оның орнына ол 15 минут болса да ұйқысын қандырғанды дұрыс көреді.

Ендеше, әйеліңіздің демалуын қамтамасыз етіңіз. Көмектесіңіз. Әйелдің 40 жаны болғанымен, оның нәзікжанды екенін ұмытпаңыз.


Тартымсыз болып кеткен жоқсыз ба?

Әйелдің жыл өткен сайын бұрынғы нәзіктігі жоғала бастайтыны сияқты есейген сайын еркектің де тартымдылығы 25 жасындағыдай бола бермейді.

  • Толысып, қарын шығады немесе тым арықтап, бұлшықеттер серпімділігін жоюуы мүмкін.
  • Сақал-шашқа ерте ақ түсіп, тістер сарғаяды.
  • Ауыздан жағымсыз иіс шығып, түнде қорыл пайда болады.
  • Әжім түсіп, білектің күші кетеді.
  • Темекінің иісі сіңіп, термен араласады...

Тізе берсең, өзіне күтім жасамайтын еркектің бойынан көптеген мін табуға болады. Осылардың барлығы бойынан табылатын еркектің құшағында әйел жатқысы келе ме, соны бір сәтке болса да ойлап көрдіңіз бе?


Өзіңіз ғана ләззат алып жүрген жоқсыз ба?

Әйелдің ағзасы солай, төсек ләззатын жиі ала бермейді. Еркектердің оргазм алуы әйелге қарағанда оңайлау.

Ал мұндай құпиясын әйел айта бермеуі мүмкін. Тіпті, жасырып, өтірік ләззат алған кейіп таныта салуы да ықтимал. Онда да сізді ренжітіп алмау үшін...

Әйелдің ағзасын зерттеп, оған да мүмкіндік беруіңіз керек. Төсек қатынасында өзімшіл болмаңыз. Яғни, оған да ләззат сыйлауға тиіссіз. Олай болмаған күнде тек тән жақындығын ғана орындаудан әйел де жалығады. Содан соң да оның қалауы болмауы мүмкін.

Бұл тақырыпта ашық сөйлескеннен дұрысы жоқ.


иллюстрациялық суреттер ашық дереккөзден алынды


Түрлі дереккөздерден жинақтап, дайындаған: Ж.Байтұрым,

ERNUR.KZ


Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет