​«Бұдан да қыздарға барғаны жақсы еді»: Күйеуінің еркектерге қызығатынын білген келіншектің әңгімесі

0
5 785

«Жүре берсең, көре бересің»... тап осындай оқиғаның ортасына түсемін деп ойламаппын өмірімде...


​«Бұдан да қыздарға барғаны жақсы еді»: Күйеуінің еркектерге қызығатынын білген келіншектің әңгімесі

Келіні кетіп қалған, қызы қайтып келген сияқты жағдайларға душар болған таныс әйелдер көп. «Ана келінге ақылыңды айтшы», «кетіп қалды, барып алып келейік» деген өтініштерін тастай алмай, оның үстіне «бір некелі жұпты қайта жарастырғанның сауабы мол» (деп ойлап қоям өзімше) деп барып қайтамын.

Жақында телефоныма таныс бір әпке қоңырау шалды. «Келмесең болмайды, өзің ұзатып келген қыз қайтып келіп отыр. Миына ақылыңды құйып кетші келіп... Әкесі жанымызды шығарып барады...»


Жалынғандай болған соң жұмыстан шыққанда үйлеріне бас сұқтым. Үш қызы бар еді, ең кішісін осыдан 5 жыл бұрын ұзатқанда, қасында болып өзім барып қайтқанмын. Күйеу бала тәп-тәуір жігіт болатын, өздері бір-бірін тауып, сөз байласып жүріп шаңырақ көтерген. Жеткенше «ол қыздың мұндайы жоқ еді, ешбір жаманатын есітпегенбіз, не боп қалды екен?» деген сұрақ тұрды көмейімде.

Кіргеннен әпке жылап қоя берді. «Осы уақытқа дейін бір қыңқ дегенін естміегенмін, екі баласын жетектеп шауып кепті. Не болғанын айтпайды, «солай шештім» дейді де қояды. Бұған не көрінгенін қайдам?».

Қызға қараймын, көздері жылағаннан ба, ісініп тұр. «Менің өміріме араласып қайтесіздер? Мен солай шештім...» деп ол да безірейе қалды. Менің келгенімді анық жақтырып тұрған жоқ. Сонда да «сөйлесейік» деп оңаша бөлмеге алып кірдім. Ішімнен «нең бар осы, өз проблемаң жетпей ме?» деп өзіме өзім ұрсып жатқанымды жасырып қайтем?!

«Ештеңе айтпайды мына безіреюімен...» деп ойлап кіргем. Әңгімені неден бастарымды білмей «болды ма, бітті ме күйем-сүйемдерің?» дедім диванға отыра бере. «Сіз араласпаңызшы, а?» деген жауап күткен одан. Жиырма алтыдағы екі баланың анасы болып үлгерген келіншек күтпеген сұрақ қойды өзіме.


«Күйеуіңіз гей боп шықса қайтер едіңіз, тұра берер ме едіңіз онымен?»


Маңдайыммен барып көрінбейтін әйнекке соғылғандай болдым. Қайталап сұрайын десем, құлағым бәрін анық естіді. Оның да түрінен жыларман хәлге жетіп өзін әзер ұстап тұрғандығы байқалады. Қойған сұрағына менен жауап күтіп тұр екен. Не дерімді білмедім.


«Қалай сонда?!...»

Менен оңған жауап естімейтінін білген ол жұлқынып орнынан тұрды да, терезенің алдына барды. «Вот, солай! Менің имандай сеніп, азамат деп етегінен ұстаған күйеуім гей екен. Ол қыздарға қараудың орнына жігіттерге аузының суы құриды. Кім білсін, не істеп, не қойып жүргенін... Фу, тіпті ойлағым да келмейді...» Келіншектің тұла бойын іштен шығара алмаған ашуы, сыртқа білдіргісі келмей жасырған күйі дірілдетіп тұр. Мұндай қалпында бірдеңеге ұрынары немесе өмір бойы өкінетін ақымақтық жасай салуы да ғажап емес.

Аздаған үнсіздіктен соң жағдайды жұмсарту үшін әрі әңгіме басталған соң аяғына дейін жеткізбек болдым. Анығында, мынадай проблемасы бар келіншекке дейтінім де жоқ екен деп шығып кеткім келген. Рас қой, не ақыл айтасың мұндайда?! «Күйеуім гей екен, не істесем болады?» деген сұраққа миымда жауап та жоқ екен. Мейлі, ең болмаса ішіндегісін ақтарып айтып алсын деп тыңдауға бейімделдім. «Өзің білерсің не істесең де... Айтып жеңілдеп аламын десең, құлағым сенде...» деп едім, солқылдап жылап қоя берді. Бұл маған сырын айтатын, ақыл сұрайтын қыз-келіншектердің жылауына ұқсамайды. Өмірден безініп, өз-өзімен аласұрып алысқан адамның жылауы. Бірінші рет көріппін мұндайды...


«Бақытыма көз өтті ме, білмеймін... Менен бақытты жан жоқ еді осыдан екі жыл бұрын. Екінші сәбиімді босанғанда ол ұзақ уақыт маған жақындамай жүрді. «Денсаулығын әбден нығайтып алсын» дегені шығар деп онша мән бермедім. Өзі де тым қызуқанды емес еді. Енді бала бар дегендей... Төсекке салқындығын байқасам да, онысын түсінуге тырыссам да тырыстырып шалбар киіп, айна алдында тұратынына көңілім күпті бола берді. Бірдеңенің дұрыс емес жаққа бастап бара жатқанын сездім, бірақ не екенін тап баса алар емеспін. Бір ойымнан өзім шошып кетем кейде...

Айтуға да ұялады екенсің мұндайды... Анда-санда еркектік міндетін орындағанда оның әрекеті ұнамай бара жатты. Бір жолы тым беріліп өзін-өзі аймалап кеткенде мен де есімді жиып алдым. Сондай бір жиіркенішті, адамның кеудесінен теуіп, лоқсытып жіберетін қылық көрсетті. Сұрауға батылым бармады, өзі де ашыла қоймады. Бірақ сол түннен соң мен де, ол да өзгердік. Жақындасуға қорқатын сияқтымыз...

Бәрі де сол бір телефондағы видеодан басталды ғой. Түн ортасында кейде телефон қарап жататынын білетінмін. Бір күні түнде жайсыз дауыстан оянып кеттім. Даусын бәсеңсіте алмай қалды ма әлде мені оянбайды деп ойлады ма, әйтеуір қолбырап телефонын қолынан түсіріп алды. Онысы мен жаққа түсіп, қолын созғанша мен алып үлгердім. Жаман дауыс... Еркектің даусы... Өзім өшіре салайын деп телефонның экранына көзім түсіп кетті. Масқара-ай!

Егер әйел мен еркекті көрсем де оны түсінер едім ғой... Телефонда еркектердің емінген, еміренген видеосы... Жалаңаш... Сондай жиіркенішті видеоны көріп отырған күйеуіме ашуым шықты. «Біреу ғой, байқамай ашып жібердім» деп ақталғанымен оған әсер еткенін көріп тұрмын... Сол күні бірінші рет ұрсып қалдық. Ойым сан-саққа жүгіріп, содан соң мұндай видео жіберетін адамның кім екенін білгім келді. Әйелдік қызғаныш қой, баяғы. Бірақ ішім бір жамандықты сонда-ақ сезген екен.

Ақыры телефонын ақтаруыма тура келді.. Білесіз бе, аты-жөнін «Неска» деп сақтап қойған біреумен сұмдық хат жазысады екен. Алғашын әйел деп ойладым. Ішімдегі жаман ойға қарсыласып, «несі бар, барлық еркек жүреді» деп ақтап алғым келетін сияқты. Бірақ миыма құрт боп кірген күдік ақыры әлгі нөмірдің иесіне қоңырау шалдыртып тынды.

«Да, дорогой...» деген еркектің даусын естігенде талып қала жаздадым. Тамағымды қырнап кеткен ащыдан жөтеліп қалдым-ау, тағы бірдеңе дегенінен қорқып тұтқаны тастай салыппын. Артынша вацаппен хабарлама келді. «Что с тобой?... Я купил вот это...» деп өзінің әйел кимейтін ішкиім киіп тұрған еркектің суреті келгенде сол жерде бүткіл денем күйіп кете жаздады...»


Келіншек қабырғаны нәзік қолдарымен еркекше ұрып-ұрып жіберді. Аузынан тек ыстық жалын шығып жатқандай көрінді. Көз жасы құрғап кеткен бе, бұл жолы жылаған жоқ.


«Сол күні екеуміз құрған шаңырақ тас-талқан боп қирады. Ең жаманы не болғанын білесіз бе? Оның сондай екенін мойындап, көзіне жас алғаны... Еркек алдыңда «мен ол жігітті жақсы көремін, бір жылдай кездесіп жүрміз, саған қалай айтарымды білмедім...» деп жылап тұрса қайтер едіңіз?! Жоқ, мен одан «Оттама! Менің телефонымды неге тексересің? Оның бәрі әзіл, давай, шайыңды әкел одан да» деген сияқты нағыз қазақтың еркектеріне тән әрекет күткенмін. Іштей мені еркекше балағаттап, тіпті, телефонын тексергенім үшін жұдырықпен қойып қалса деп тіледім. Бірақ менің сенген азаматым көз алдымда әп-сәтте әйелге айналып шыға келді.

Біз байғұс тек «кетем» деп қана қорқытамыз ғой. «Иә, өзім де айтайын деп жүргенмін. Біз әрі қарай бірге бола алмаймыз» деп адам жүрегін айнытатындай майысып айтқанда өле қалғым келді... Оны мен атам мен енеме де айта алмадым. Олардың күйіктен өледі ғой мұны естісе?! Одан да мені жек көре берсін. «Келініміз бүлік шығарып кетіп қалды» деп ойлағаны дұрыс. Қызым мен ұлым да оның әрі қарайғы әрекеттерін көріп қспей-ақ қойсын деп шештім.»

Аузыма түскені «Оны өзгертуге болмай ма екен?» деген ғана сөз болыпты.

«Өзгергенмен, еркекпен жанасқан еркекті енді мен жаныма жуыта қоям ба? Жоқ, менде қазір бүткіл еркектен жүрегім айнып отыр... Тек ұлым...ұлымды дұрыс тәрбиелей алайыншы. Құдайдан соны ғана тілеймін...»

Ащы запыран құсып жылады келіншек. Мен не айтарымды білмедім. Тек иығына қолымды қойып «Өз өмірің – өзіңнің қолыңда, балаларыңды ойла...» деп қана шығып кетуіме тура келді. Есіктен сығалап кеткен анасының бұл әңгімені естіген-естімегенін білмеймін, бірақ, шыққан соң бұған араласа алмайтынымды айтып қоштасуыма тура келді. Кетерімде «қызыңызбен жақсылап сырлассаңызшы, түсінесіз» деуге ғана тілім келді.


Өте ауыр әңгіме болды мен үшін... Кейінірек жағдайын сұрап-білуге де батылым барған жоқ. Мұндаймен бетпе-бет кездеспеген соң, тек ұзынқұлақтан естіген әңгіме деп жеңіл қарайды екенмін. Қазақ жігіттерінің арасында осынау сұмдық жағдай бар дегенге өзімді сендіргім келмейтін. Содан бері ер-азаматтарға сыни көзбен қарай бастаған да сияқтымын... Мұндайдың себебі неде? Неге қазақ жігіттері арасынан да шығып жатыр бұл сұмдық?!

Өз сұрағыма өзім жауап іздеп жүрмін әлі...

иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден

Жазып алған: Ж.Байтұрым,

ERNUR.KZ