​«Көрпені» таңғы уақытта «бүлкілдету» түндегіден де пайдалы

0
24 137

Жарты сағатқа ертерек тұрып «шаруаны» бітіріп тастасаңыз, оның пайдасы еріңізден гөрі өзіңізге көбірек болмақ.


​«Көрпені» таңғы уақытта «бүлкілдету» түндегіден де пайдалы

суреттер ашық дереккөзден алынды

Ұйқыдан әзер оянғанда ері емеурін танытып жатса, көпшілік әйелдердің қабағы тырысыңқырап қалады. Түсінуге болады, баланы мектепке, балабақшаға дайындау, таңғы ас, жұмысқа дайындалу, т.б.

Бірақ жарты сағатқа ертерек тұрып «шаруаны» бітіріп тастасаңыз, оның пайдасы еріңізден гөрі өзіңізге көбірек тиетінін айтқалы отырмыз. Оған еріңіздің жоқ демейтіні белгілі. «Жоқ» деп жатса, осынау мақаланы оқып беріңіз немесе сілтемесін «атып» жіберсеңіз жеткілікті.

Әзілге сүйенсек те, көрпені таңғы уақытта «бүлкілдетудің» пайдасы расымен де түндегіден көбірек пайдасын тигізеді.

Ұйқысы қанған жұптың қимылы сергек

Жұмыстан шаршап келіп бала-шағамен у-шу болып барып жастыққа басыңыз әзер тигенде көңіліңіз тағы бір «жұмысты» қаламайды-ақ. Дегенмен, оның шешімін таңғы уақытта табуға болады.

Ұйқыңыз қанып, бойыңыз сергек қалыпта жасаған «шаруаңыз» әдеттегіден әсерлі де нәтижелі боларына кепілдік бермесек те, соған жуықтап қалады.


Жылы төсекте - жылы құшақ

Қыстың күндері төсекте жатып жылынып алғанша ұйқы да келіп жетеді. Таңертең сол жылы төсектен шықпай-ақ өте бір ыстық ұяда жасаған «шаруа» көңілге хоштық сыйлайды.

«Жазда ше?» дейсіз бе? Түнде онсыз да ыстықтап жатқанда төсек шаруасына кімнің ынтасы бола қойсын?! Ал таңғы уақыт , таңғы салқын бәрінен де қолайлы емес пе?

Жұмысқа асыққан кезде тән құштарлығыңыз тез оянады

Ұйқыдан оянан салысымен мида сансыз шаруалар дабыл қағып тұрады. Ондай кезде адамдың тәнінде құштарлық та тез оянады екен. Әдетте түнде тән қалауыңызды шақыра алмай қиналсаңыз, таңғы уақытта шаруаны тез әрі нәтижелі аяқтауға болатын көрінеді.

Таңғы «шаруа» - сәтті күннің кепілі

Таңғы тәтті ләззаттың дәмін алған адамның күні бойына көңілді жүретіні белгілі. Жұмыс орныңызға ыңылдап ән айтып жететініңізге біз кепіл.

Қызметтестеріңіз не болғанын жүзіңізден-ақ біліп, жымың ете қалса, таңданбаңыз. Яғни, олар да оның дәмін татқан деген сөз. Әйтпесе, қайдан біледі?!


Ұйқыдан тез оянудың тамаша тәсілі

Ұйқыдан ояна алмай түске дейін маужырап жүретін жандардың қатарынан болсаңыз, біз ұсынған таңғы уақыттағы «шаруа» - нағыз сізге арналған.

Кофе ішіп, оятқыш сағаттың дауысына жүйке жұқартқанша, еріңізге «таңғы 6:30-да...» деп емеурін танытып қойсаңыз жеткілікті. Бойыңызды күні бойы басатын бойкүйездіктен сол күні-ақ арылып шыға келесіз.

Миыңыздың босап қалғанын сезінесіз

Кешегі күннің мәселесі бүгінгі күні де таңертеңнен бастап миыңызға салмақ салмасын десеңіз, таңғы «төсекті» жіберіп алмаңыз.

Әдетте, жыныстық қатынастан соң (әрине, ол нәтижелі болуы керек) адамның бойында оптимистік қасиеті оянады. Болмайтынның бәрібір болмайтынын түсініп, кешегісіне қолды бір-ақ сілтейсіз де, бүгін қайта бастайсыз. Ширыққан жүйкеңіздің босаңсып, миыңыздың ұсақ-түйектен босап қалғанын бірден сезінесіз. Өмір сізге күліп қарап тұрғанын түсінесіз.


Ештеңеден қысылмайсыз, ұялмайсыз...

Әдетте кешкісін оңаша отауға кіру үшін аздап дайындық қажет. Ал таңғысы сол жерден басталып кете береді. Иіссу себініп, айнаға қарап қажеті жоқ. Оған еріңіз мән бермейді де...

Таңғы төсекте қажетті гормондар көбірек бөлінеді

Таңертең жыныстық қатынаспен айналысқан адамның бойында адамның көңіл күйіне тікелей қатысы бар окситоцин мен эндорфин гормоны әдеттегіден көбірек бөлінеді.

Яғни, сол күнгі көңіл күйіңіздің қандай боларын ойша шамалай беріңіз.

Таңертең еркектер белсендірек болады

Ұйқыға жатар алдындағы сәтпен салыстырғанда таңертең еркектер әдеттегіден белсендірек болады. Бұл әсіресе, ересек тартып қалған жұптарға маңызды кеңес.

Таңертең елеңдететін ештеңе жоқ

Теледидарда футбол болмайды, сериал да жоқ. Телефонға да ешқандай хабарлама түсіп жатпайды, интернет те тыныш. Таңертең тұра салып смартфонға шұқшиюға ынта да жоқ. Балалар ұйықтап жатыр, дала да тып-тыныш.

Нағыз уақыты емес пе?!


Ыстық құшақта жатып таңды қарсы алып көріңіз

Қашанғы қараңғы түн құшағында боласыз? Таңмен бірге тәтті ләззаттың дәмін татып көргіңіз келмей ме?

Таңғы асқа тәбетіңіз ашылады

Әдетте таңертең ас ішуге мүлде құлқыңыз болмайтын ба еді? Содан түске таяу ғана қарныңыз ашып, қолға түскенді жеп немесе кофемен асқазанды «шайып» алып жүретін бе едіңіз?!

Оның дұрыс еместігін, денсаулығыңызға қиянат жасап жүргеніңізді түсінсеңіз де, таңертең тәбетіңізді шақыра алмай жүрсеңіз, міне!

Таңғы төсектен соң қалай қарныңыз ашпас екен! Таңертеңгіге деп дайындап қойғаныңыз жетпей қалып жүрмесін, кешкісін қамдап қоя салыңыз.

Дайындаған: Ж.Байтұрым,

ERNUR.KZ.

Дереккөз: edinstvennaya.ua