​«Рамазан айы – нәпсіні тыйып үйренетін уақыт»: Оразада жыныстық қатынастан бас тартқан жөн бе?

0
10 335

Екі медбике мен еден жуушы келіншек бір-бірін түртіп қалып, «мынаны күйеуіме айтып берсем не дер екен» десіп жатты...


​«Рамазан айы – нәпсіні тыйып үйренетін уақыт»: Оразада жыныстық қатынастан бас тартқан жөн бе?

Қасиетті Рамазан айында сауал көбейеді. «Не істеуге болады?», «Нені істеуге болмайды?» деген сияқты түрлі жағдайға байланысты сұрақтардың жауабын іздейді көпшілік. Соның бірі – жыныстық қатынас төңірегінде өрбитіндері де кездесіп жатады.

Биылғы Рамазан айыбасталған тұста ауруханаға жатуға тура келді. Емделушілер арасында оразаға байланысты әңгімелерді жиі құлағым шалып қалып жүрді. Жатқан палатам ортақ демалатын орынға таяу болғандықтан, онда отырған жандардың әңгімесі бізге анық естіліп тұрады.

Үлкендердің әңгімесін тыңдаған әрқашанда қызық қой. Алпыстан асқан екі-үш әйел ораза кезінде жасауға болмайтындар тақырыбына ауысқан екен, мен де қастарына жайғастым. Үшеуінің де ойлары бір жерден шығып, Рамазан айында алдымен тілді, сосын тамақтан тыйып, мұсылманның парызын адал өтеуді әңгімелеп жатты.

«Оразада төсектен де тыйылған дұрыс» деп қалды мен келгелі осында жатқан көзтаныс болып қалған әйел. Қалған екеуі оның бұл сөзін күтпесе керек, «е, неге?» дегендей қарап қалды. Осы тұста мен де әңгімеге қосылдым.


«Неге олай дейсіз? Ораза ұстағандар ауыз ашқан соң некелі жарына жақындай беруге болады емес пе? Оған рұқсат етілген ғой», - деп өз пікірімді қыстырдым қарап отырмай.


Жақтырмай қалатын шығар деп ойлағам, бірақ кең көйлегінің етегін бір қымтап алған ақ жаулықты әйел маған жылы қарады да, өз ойын айтты.


«Мен мүлде болмайды деп отырғам жоқ. Әрине, болады. Бірақ Рамазан айында төсекке деген нәпсіні де тыя білген дұрыс болады. Оның көптеген пайдасы бар...», - деп әңгімесінің соңын қызықтырып аз-кем үнсіз қалды.

Біз әлбетте, білгіміз келіп назарымызды бұра, оған жалғастыруын өтінген түрімізді байқаттық. Еден жуып жүрген келіншек те швабрасына сүйеніп біздің әңгімемізге ден қойыпты. Қарап қалған жоқ, арғы жақтан келе жатқан екі медбикені шақырып алды. «Келіңдер, тыңдаңдар. Қызық әңгіме боп жатыр...»


«Төсекке деген адамның қалауы тез оянып, тез сөнетін нәрсе. Осындай сезімді игере алмай әйел де, еркек те көптеген қателікке ұрынып қалғанын білесіңдер, көріп-естіп те жүрсіңдер ғой. Шыдай алмай басқаның төсегін басып қойғандар да жетеді.

Ал ораза ұстағанда осы сезімді тыйып ұстауға болады. Отыз күн тәнмен жақындаспаса, оған ештеңе де болмайды. Қайта шыдамын шыңдайды, ай бойы құлшылығын жасап, бар назарын парызына бұрады.

Бұны мен неге сүйеніп отырмын? Үйдегі аталарың мен оның босағасын аттағалы бері ораза ұстайды. Қазір намазын да қаза етпейтін жан. Сол жас күнінен бастап Рамазан айы басталғаннан мені әурелемейтін. Төсекте деймін... Ол кезде жаспын, солай болуы керек деп ойлаушы едім. Кейін некелі жандардың арасында ауыз ашып, намазын оқыған соң рұқсат екенін білдім. Бірақ «Неге?» деген сұрақты қоюға ұялып жүрдім. Ұят қой, «неге маған жақындамайсың?» деп тұрсам...


Бір күні сол әңгімені өзі бастады. Ораза кезіндегі тыйымдарды айтып отырғанда жәй білгім келгенін айтып, осы сұрақты қойдым ақыры, ұяла отырып.


«Иә, мен оны алдын ала айтуым, түсіндіруім керек еді саған. Қателік менен... Дұрыс, ораза ұстағандарға төсекте жақындаспасын деген тыю жоқ. Сонда да жылына бір рет келетін қасиетті ай – нәпсіңді тыйып үйренетін уақыт. Еркек те, әйел де бұл жағынан осылай жаттығуы, өзінің шыдамын шыңдап, сезімін де тұсаулай білуді үйренуі керек. Тұрақты қатынаста болып жүріп, айтқан жерден аулақ, әйел немесе еркектің денсаулығында кінәрат бола қалса, төсекке жарамайтындай жағдай туындаса қайсысы болмасын, өзін уақытша тыя білуі керек қой.

Рамазан айы – ең біріншіден, парыз болса болса, екінші жағы – шыдамыңды шыңдай білу. Кез келген жағдайда өзіңді ұстай білуге, басқаруға үйрететін ай. Мен сондықтан да бір ай нәпсімді тыямын. Сен бала босанып, қырық күн қалпыңа келгенше бұл шыдамдылық маған өте жақсы көмектеседі. Оның үстіне сен де демаласың», - деп соңында әзілдеп қойды.

Мен сонда ғана ұқтым. Рас қой, әйелдің де жағдайы келіспей қалатын уақыттар болып тұрады. Сондайда еркек басқа жақтан іздеп кетпей, нәпсісін тұсаулай тұрса, соған үйренген болса, жақсы емес пе? Бір айды таза құлшылықпен, ниет етумен, тілек айтумен, өзін тәрбиелеумен өткізсе несі айып?

Оның үстіне Рамазан айында отбасында ораза тұтатын жан болса, ол тағы күйеуің болса әйелдің төсекке қарауға да уақыты болмас. Ауызашар асы мен таңғы сәресін дайындау үшін де әйелдің тазалығы болғаны жақсы. Бәріне үлгеріп жатса мақұл, етекке оралатын бала тағы бар. Осындай уақытта түбегейлі емес, төсектен аздап «демалса» жақсы.

Міне, елу жылға бастапты сол аталарыңмен өмір сүргеніме. Жылына бір рет төсектен тыйылғанымыз ешқандай зиян берген жоқ, қайда пайдалы болмаса. Ол айда ойламақ түгілі, уақыт та болмайды. Аталарың түнімен намаз оқып, кітап ақтарады. Мешітке барады. Бір ай демде зу етіп өте шығады. Қажеттілігін байқамай да қалатынбыз сол төсегі құрғырдың», - деп әжей әңгімесін әзілге сүйеп барып аяқтады.


Ойымды іште қалдырдым, екі медбике мен еден жуушы келіншек бір-бірін түртіп қалып, «мынаны күйеуіме айтып берсем не дер екен» деп өз жұмыстарына қарай бет алды. Оның үстіне кешкі ас уақыты болған екен, әңгімені осы жерден аяқтап бәріміз асханаға беттедік.

Ойлана келе оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім. Жеке көзқарасым – ауруханадағы әйелдің айтқанының жаны бар секілді. Міне, көзді ашып-жұмғанша Рамазан айының жартысына жуығы өте шығыпты. Жылына бір рет келетін парыз өтейтін айда бұл да дұрыс секілді.

Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?!

Ж.Байтұрым,

ERNUR.KZ