​Транссексуализм: бұл дерттен адам айыға ала ма?

0
4 973

Әйел боп туылып еркек, еркек бола тұра әйел болғысы келетіндерге қоғамның ықпалы бар ма?


​Транссексуализм: бұл дерттен адам айыға ала ма?

иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден

Транссексуализм, біздің тілмен айтқанда жатарылысынан айнып, жынысын ауыстыру мұсылман елдерінің қағидатына қайшы. Десек те, жынысын ауыстырғандарға шошына қарамайтын, қайта заңды түрде қолдау көрсетіліп жатқан елдердің қатары көбеймесе, кеміп жатқан жоқ.

Ұлдардың қызша қылық көрсеткенін, қыз баланың затына құмартқанына бала кезден осықырына қарайтын қазақ үшін бұл мәселе де бүгінде өзекті болып келе жатқандығы жасырын емес. Айтуға ауыз бармаса да, қазақ жігітінің бойжеткен кейпіне енгісі келетінін, тіпті жынысын ауыстырғысы келетіндер бар екендігін де жасыра алмаймыз. Оған 7-арнаның «Өз ойым» бағдарламасына қонақ болған 22 жастағы Gayana есімді студент дәлел.

Бұл ғана емес, 2009 жылдан бері елімізде жынысты ауыстыруға рұқсат берілгенді, содан бері 30-ға азаматтың өз жынысын ауыстыруға өтініш білдіргенін қосыңыз. Оның ішінде жігіттердің қыз болуға деген ниеті басым екендігін де интернеттегі бір мақаладан көз шалып қалғаны бар.

Жарайды делік, (демегенде қайтеміз?!) осы бір жыныс ауыстыру дегеннің сонау түбіне барып көрелікші. Неге бұлай? Ол дерт пе? Емделуге бола ма? Оған қоғамның қандай да бір қатысы бар ма?

Тағы да сол интернет қойнауындағы мәліметтерге сүйенсек, трансгендерлер өздерін «гей» санамайтын көрінеді. Олар өздерін биологиялық жынысына қарама-қарсы адам ретінде сезінеді.

Сол сияқты, трансгендерлер қоғамның қысымы нәтижесінде қатты күйзеліске түсіп, соның нәтижесінде олардың білім алу қабілетіне және психикасына нұқсан келетінін зерттеулер анықтаған.

Тағы бір дереккөзде трансгендерлердің жұмыссыз қалуы мен кедейлікке тәуекелділігі жоғары деп көрсетіліпті. Бұл әрине, кәдімгі адамдарменсалыстырғанда... Тіпті, медициналық көмекке жүгінгенде кемсіту, мазақ болу мен ашық түрде көмек көрсетуден бас тартқан жағдайлармен ұшырасқан. Осыған байланысты жынысын ауыстырғандар амалсыз өмірлеріне қауіп төнетін өзін-өзі емдеуге мәжбүр көрінеді.


Транссексуализм – ауру ма?

Әрине, оларға «ауру» деген қатты тиеді. Бірақ олардың жағдайы ресми түрде ауытқушылық деп танылған: ТРАНСГЕНДЕРЛІК пен ТРАНССЕКСУАЛИЗМ әлемдік дәрігерлердің қолданысындағы Халықаралық классификациялық аурулар түріне жатады.

Одан бөлек, пациенттер арасында ұзақ уақыт бойына гендерлік қанағаттанбаушылық жағдайы жедел, соның ішінде өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші жоғары деп танылған. Ең қорқынышты көрсеткіш – трансгендерлердің арасында жынысын ауыстыруға мүмкіндігі болмаған 73%-ы өмірінде ең болмағанда бір рет өзіне қол жұмсаған жағдай тіркелген.

Сондықтан да ота жасау арқылы жынысын ауыстыру – олардың өмірін сақтап қалуға деген бірден-бір жол деп есептеліп отыр.


Бұған қоғам кінәлі ме?

Дені сау адамның, яғни, өз жынысына көңілі толатын жандардың транссексуализмді қоғам әсерінен деуі қалыпты жағдай. Бірақ, адамның бойында жынысына көңілі толмаушылықтың, яғни, ауытқушылық (әлі оның не екенін сезінбесе, түйсінбесе де) 5-6 жастағы баланың бойынан байқау оған қоғамның қатысы жоқтығын көрсететін көрінеді.

Өз жынысына көңілі толмаушылықтың алғашқы белгілері баланың кім екендігін (ұл немесе қыз), соған сәйкес іс-әрекет, жүріп-тұруды үйрете бастағанда оның қарама-қарсы жыныстың әрекетін қайталауы, соған құмартуынан байқалады деседі мамандар. Өз жынысын мойындамауы 14-16 жаста баланың өзіне байқалып, тек 30-40 жаста ғана жынысын ауыстыруға нақты шешім мен мүмкіндікке ие болады екен.

Бұл жерде де шетелде жынысын ауыстыруға шешім қабылдаған балалар туралы айтуға болар еді. Бірақ тәптіштеп жатпай-ақ қоялық.

Қалай пайда болады?

Транссексуализмнің әлеуметтік-психикалық ауытқушылық категориясына жататындығын айттық.

Бірақ осы ауытқушылық қайдан, не себепті пайда болады?

Түрлі дереккөзде түрлі себептері айтылады. Қазір ғалымдардың көпшілігі гипоталамус (гипоталамус – аралық мидағы көптеген жасушалар тобынанан тұратын кішігірім аумақ - уикипедия) ядросының дифференциялануы деген пікірде.

Бұл жағдай баланың құрсақта жатқан кезінен бастап пайда болып (яғни, бала патологиямен туылады деген сөз), жылдар өте келе дами бастайды. Осыған байланысты, трангендерлердің пайда болуы қоғамның қатысы жоқтығын алға тартады зерттеушілер.


Қанша рет операция жасалады?

Жынысын өзгертуге бас тіккендер кемінде 6-7 отаны бастан өткереді екен. Ол – вагинопластика, фаллопластика, уретропластика, скротопластика, феминизация, бет-жүздің маскулинизациясы, мастэктомия, басқа да бірнеше эстетикалық оталар және т.б. болып кете береді. Кейде мұндай оталардың саны 20-ға жетуі мүмкін екен!

Ал отадан кейінгі жағдай ше?

Отадан кейінгі оңалу уақыты кейде жылға жуық болса, енді біріне бір жылдан аса уақыт кететін көрінеді. Оның ішінде қиындық тудартыны, бір мүшенің отасы екінші біріне зияны тиіп, оны қалпына келтіру үшін емделу тағы бар. Олардың кейбірі әлдетте, отасыз өтпейтіні тағы белгілі.

Әйел мен еркекке тән гормондарды есепке алатын болсақ, отадан кейінгі горомоналды дәрі-дәрмекке тәуелді болуды қосыңыз. Сондай-ақ, жынысын ауыстырғысы келетін адамға осының барлығы түсіндіріледі. Яғни, оның қандай қадамға бара жатқандығы айқын болмаса да жеткілікті дәрежеде көзін жеткізеді.


Егер ауру болса, неге емделмейді?

Иә, бұл дерт. Бірақ тума дертті емдеудің қиындығы белгілі. Оларға расында қиын. Тек өздерін шынайы қабылдай алғанда ғана олар іштей үйлесімділік табады, ортаға лайықты екендіктеріне көзі жетеді. Бұл жерде енді басқа тақырып басталып кетеді...


Қазақи тәрбиеде қалай көрініс тапқан?

«Ұл деген қыздың киімін кимейді», «ұл бала қыздың қуыршағымен ойнамайды», «сен – жігітсің!», «міне, жігіт!», «жігіт деген апасының қасына жата ма екен?!» деген сөздерді естіп өскен болуларыңыз керек.

Сол сияқты, «қыз бала ұлдардың киімін кимейді», «қыз бала қуыршақ ойнайды», «қыздың жүрген жүрісі білінбеуі керек», т.б. сияқты ескертуді әжелеріміз талай айтқан. Сол айтқаны бойынша тәрбиелеп отырған ата-әжелерімізді дана емес кім дейсің?

«Апаңның қасына жатам деп апа сасып кетіпсің» десе енді ғана өзінің ұл екендігін біліп келе жатқан балалар әже-апасының қасына жатпай қоюшы еді-ау. Сол сөзі арқылы баланың бойында намысты, санасында ЕРКЕК деген ұғымды сіңдіре білген ғой.

«Дұрыс, ұл бала солай өседі» деп оның балалық сотқарлығының өзін болашақ ЖІГІТ болып қалыптасуына пайдасы бар екендігінен білдіріп отырған емес пе? Аттың құлағында ойнауды ерте жастан үйретіп, ел қамы үшін туған АЗАМАТ екендігін ұқтыра өсіргенін ешкім жоққа шығара алмас.

Қуыршақ ойнатып, болашақта солай бесік тербетіп, баланы жөргектейтінін қыздарына тәй басқаннан түсіндіре білген қазақ әжелеріне таудай етіп ескерткіш қоюға болады. Ұл бала секілді атқа мініп шаппақ түгілі арын сақтатып, арықтан аттатпағанды айтсаңшы.

«Әйел адам ер кісінің киімін кимейді, әсіресе, жүкті кезде...» дегенді де естігенім бар еді. Осының сыры жоғарыда айтқан құрсақта болатын ауытқушылықты болдырмаудың бір себебі емес пе екен деген ой санамда жүгіріп өтті...

Мақалаға әртүрлі дереккөзден мәліметтер алынды

Дайындаған: Жайнаған Байтұрым,

ERNUR.KZ