​Еріңіз төсекте жуыспай жүр ме? Себебін іздеп көріңіз...

0
8 381

Жұмыстан келді. Жуынып-шайынды. Асын ішті де ұйықтап қалды... Бір емес, бірнеше рет... Сіз жатырсыз, дөңбекшіп... Оның есінен шығып кеткен тәріздісіз. Таңертең тұрып, асын ішер-ішпестен тағы кетті жұмысқа... Ештеңе түсіне алар емессіз. Сізге деген сезімі суып кеткен сияқты. Әлде... «Мүмкін емес. Қай уақытта барып үлгереді? Оған да ақша керек шығар?! Бірақ... кім біледі???»


​Еріңіз төсекте жуыспай жүр ме? Себебін іздеп көріңіз...

фото: mammypage.ru

Жұмыстан келді. Жуынып-шайынды. Асын ішті де ұйықтап қалды... Бір емес, бірнеше рет... Сіз жатырсыз, дөңбекшіп... Оның есінен шығып кеткен тәріздісіз. Таңертең тұрып, асын ішер-ішпестен тағы кетті жұмысқа... Ештеңе түсіне алар емессіз. Сізге деген сезімі суып кеткен сияқты. Әлде... «Мүмкін емес. Қай уақытта барып үлгереді? Оған да ақша керек шығар?! Бірақ... кім біледі???»

Осындай ой жетегіне кеткенде өзіңізді қоярға жер таппай, еріксіз күдікке жол беріп, өз алдыңызға бұлқан-талқан боласыз...

Иә, күдіктенетін-ақ жайт. Күйеуі төсекте суына бастаса, әйелдің ішін ең бірінші қызыл ит – қызғаныш тырнай бастайды. Арқасынан құшақтағанда қолыңызды қағып тастаса, одан бетер өртенесіз. Бұлай кете берсе, дау-жанжалға ұласып, артық сөздер де айтылып қалуы мүмкін.

Бірақ неге мына біз, әйелдер, себебін теріс жолдан басқа себептерін қарастырып көрмейміз?

Еркектер қандай жағдайда төсек жақындығынан бас тартады?

1-себеп: Еріңіз аса еңбекқор немесе «төсекқұмар» емес

Еркек те адам. Ол да шаршайды. Таңнан қара кешке дейінгі жұмыс, қызметінде болып жатқан келеңсіз мәселелер мен шаршау – бәрі де жиылып келіп оны төсек тұрмақ өзін ойлауға да мұршасын келтірмейді. Тіпті, өзі тұрмақ баласын, достарын да ұмыта бастауы мүмкін.

Сырттай бақылап көріңіз. Байбалам салуды, түсініктеме беруді сосын талап ете жатарсыз. Алдымен кешке келгенде балаларына назар аударған уақытын бақылаңыз. Кейде тіпті, бала-шағасының бүгін не істеп, не қойғанын сұрауға шамасы жетпесе, сонымен қатар, достары қоңырау шалып жатса «мені жоқ дей салшы» десе, расында тым қатты шаршап жүргені. Оған жайлы төсек пен тыныш ұйқы ғана керек жағдайға жеткен. Мұндайда төсекте ісі барын, тіпті, сіздің бар екеніңізді «ұмытып» кетуі де орынды.

Қабағыңызды тырыстырып, балаларыңызға дауысты қатты көтеріп өзіңіздің «бар» екеніңізді білдіргенше, төсекке жатқанда жай ғана арқасын сипаңыз. Ту сыртынан құшақтап жатыңыз. Бұл сіздің оның жағдайын ойлап уайымдайтыныңызды білдіреді. Болмай бара жатса, еңбек демалысына шығуын сұраңыз. Оған демалыс керек. Күш-қуатын арттыратын дәмді асын алдына қойыңыз.

Содан кейін ғана күнделікті жатын төсектің сәнін өзгертіп, өзіңіздің бар екеніңізді білдіре аласыз. Тіпті, ерекше шілтерлі ішкиім де оның ойын сізге аудара алады.

2-себеп: Ауырып жүрген жоқ па?

Байқаңызшы, еріңіз түн ортасында тұрып дәретін өтеуге жиі шықпай ма? Стресті басатын дәрі-дәрмек ішіп жүрген жоқ па?

Стресс демекші, дене еңбегіне қарағанда ой еңбегін көп талап ететін қызметтегі еркектер стреске көп шалдығады. Олар әйелдер сияқты емес, күйзелісін іште ұстайды. Шаршауын басу үшін антидепрессант дәрілер ішуі мүмкін. Қайсыбір дәрі болмасын, біріне емі болса, екінші бір мүшеге зияны болары белгілі. «Басым ауырды» деп үздіксіз дәрі іше беретіндер де төсектен ерте қалатынын назбен ғана жеткізіп қойғаныңыз артық болмайды, пайдасын көрмесеңіз...

Еріңіздің денсаулығынан кінәратты байқадыңыз ба, дәрігерге сүйреңіз. «Сүйреңіз» дейтініміз, еркектер «белден төмен» жақтың ауруына ем табу үшін дәрігер алдына баруға құлықсыз келеді. Асықпай жүрген болса, қандай айла қолдансаңыз да, дәрігерге апарыңыз. Мұндай кезде төсек ләззатын ойлауға сіздің де құлқыңыз болмаса керек.

3-себеп: техника – төсекті ұмыттырады!

Қазір не көп – заманауи техникалар көп. Ноутбук, компьютер, планшет, ең ақыры ұялы телефондардың ішінде еркектің есі кететін ойындар жеткілікті. Жәй ғана әлеуметтік желіге кіріп-шыққанның өзінде 2 сағаттың қалай өткенін өзіңіз де білмей қаласыз.

Егер сіздің де еріңіз осыларға тәуелді болса, ол жақында сізді құшағына алуды ұмытады дей беріңіз. Гаджеттерге тәуелділік әйелдерге қарағанда ерлер арасында кең тараған. Ғаламтор ішіне басымен кіріп кеткен адам тән қалауын ұмытады. Төсекте жатып қолтығына қол жүгіртіп байқасаңыз, ол «қазір-қазір» немесе «ертең, жарай ма, ертең дедім ғой саған!» деп ашуланып кетуі де мүмкін. Себебі, оның қолында смартфон деген «сүйіктісі» бар.

Айтпақшы, оған қарап отырмаса ас батпайтын теледидар деген «күндесіңізді» қосыңыз.

Күйеуіңізді құшағыңызға қайтарғыңыз келсе, үйде тәртіп орнатыңыз. Теледидар-ғаламтор дегенге үйде бір-ақ сағат уақыт бөлінсін. Бірақ қалған уақытты қалай өткізу керектігін де алдын ала ойланып қоюыңыз керек. Тағы да сол жатын бөлменің ішіне ораламыз. Әдемі төсек, шілтерлі ішкиім... Тағы не бар күйеуіңіздің сезімін қытықтайтын?!

4-себеп: Өзіңіз...

Ауыр болса да айту керек, күйеуіңіздің көп жуыса бермейтініне жоғарыдағылардан бөлек өзіңіз де кінәлі болуыңыз мүмкін. Себепті алыстан емес, жақыннан, өзіңізден іздеп көріңіз.

Күйеуіңіз неге үйге асықпайды? Жұмыс орнында неге көп уақытын өткізеді? Неге жатын бөлмеде сіздің қасыңызға кеп жатуға құлқы жоқ? Неге теледидар алдында жатып қап, «үстіме көрпе жаба салшы» дейді?

Оған бірінші себеп – оңаша қалғанда атқаратын «істе» әйелдің тым ақылдымсып кетуі болуы мүмкін. Ол болмаған күнде еркектен артық белсенді әйел де өзінен жеріте береді. Бұл психологиялық тұрғыда дәлелденген. Өзінен «күші» асып тұрған әйелдің алдында еркек сенімсіздігін жоғалта бастайды.

Сондай-ақ әйелдің еріне немқұрайлы қарауы мен үнемі көңілсіздігі де кеудеден итеретінін білсеңіз керек.

Төсекте тізгінді қашан да еркек алуы керек. «Артық қыламын деп тыртық етіп» жүрмеңіз. Еркек қашанда еркектігін жасап, барлық мәселеде алда жүргенді қалайды. Қаламаса, сіз қалауына себеп болыңыз.

5-себеп: Төсек... бар, бірақ басқа жақта...

Жоғарыдағы 4 себеп болмаған жағдайда ғана соңғы себепті анықтауға болады.

Еркектердің жаратылысында бар бір шындықты мойындаған да жөн. Бала кезінде ұлдар өзін жалықтырып жіберген ойыншығын лақтырып тастап, жаңасына, басқасына ұмтылады. Әрине, ойыншығын ешкімге бермейді. Бірақ одан да күшті, қызықт ойыншыққа аңсары ауады да тұрады. Олар ержетіп, есейсе де қанында ол «қасиеті» қала бермек.

«Сорпа іше береміз бе, палау жейік те...» Дөрекі болса да естіген сөздер, айтылып та жүр. Әзілге сүйесе де, «сорпа» мен «палаудың» айырмашылығы барын еске түсіргісі келеді. Бірақ нақты «мынадай» деп айта алмайды.

Еріңіздің төсекке жуыспайтын себебі осы болса, жағдай қиындау. Жоғарыдағы себептерді жоюға болады-ау, бірақ су ішіп үйреніп қалған «күміс бастаудан» арылту қиынға соқпақ. Бұл кезде темірдей төзімді жүйке, асқан шыдамдылық және тәтті қылық керек. Қылығыңыз жоқ па, шығарыңыз. Сүйкімділігіңізді арттырыңыз. Оқыңыз, үйреніңіз және соның бәрін әкеп еріңіздің алдында іске асырыңыз да, оны бір сәтке болса да таңғалдырыңыз.

Басқа жақта жайлы төсегі бар еркекті қайтару қиынға түседі. Бірақ, әйелдің қолынан келмейтіні жоқ. Еріңізге жаңа бір «жұлдызды» қырыңыздан танылсаңыз жеткілікті. Бірақ оған «тәттіні» үнемі ұсына беруге болмайды. Бір рет есінен тандыратын етіп ұсынсаңыз, көпке дейін қайда барарын білмей абдырап жүреді. Байқайсыз да, қиыс кетіп бара жатыр-ау дегенде тағы бір «иек астынан соққы» бересіз. Қалай ұясына оралмас екен.

«Кетсе, барсын. Не істеймін енді? Амал жоқ, балалар үшін...»

Мәселе де тап сол балаларда жатыр! Олар сезбейді, байқамайды деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Аңсары өзге бастауға ауып тұрған еркекті қайтарып алудың екінші бір маңызды себебі – өзіңіз үшін! Өзіңіздің осал емес екеніңізді өзіңізге дәлелдеңіз! Осы қиындықты жеңіп шықсаңыз, басқасы сіз үшін ұсақ-түйек боп қалады. Ол денсаулығыңызға да оң әсер етеді. Күресу арқылы бойыңыздағы барлық теріс қуатты, күйзелісті бойыңыздан қуып шығасыз.

Жайнаған Байтұрым,

ERNUR.KZ