АҚШ Ресей және Қытаймен жаңа ядролық келісім жасауға ниетті

0
1 678

"Егер келісімге келе алсақ, бұл бүкіл әлем үшін тиімді болар еді".


АҚШ Ресей және Қытаймен жаңа ядролық келісім жасауға ниетті

ERNUR.KZ. АҚШ елі Ресей және Қытаймен жаңа ядролық келісім жасаспақ. Бұл туралы Америка президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп жазады 24.kz.

Десе де, Құрама штаттар мұндай қадамға тек орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою жөніндегі келісімнен шыққаннан соң ғана бармақ. Ресми шешім өз күшіне еніп те қойған. Трамптың айтуынша, Мәскеу мен Бейжің бұл келісімге асқан қызығушылық танытып отырса керек.

"Біз ядролық қару келісімі бойынша Ресей тарапымен сөйлестік. Әңгіме барысында аталған келісімге сай екі тарап та ядролық қарудың кей бөліктерінен бас тартуы қажет екені айтылды. Қазір бұған Қытай елін де қосқымыз келеді. Егер келісімге келе алсақ, бұл бүкіл әлем үшін тиімді болар еді", - деді Дональд Трамп.

Естеріңізге сала кетейік, 1987 жылы АҚШ пен КСРО басшылары қашықтығы 500-ден 5500 шақырымға жететін зымырандарды қолдануға тыйым салатын келісімге қол қойған еді. Кейін Америка елі ұшу қашықтығы 500 шақырымнан асатын жаңа қанатты зымыран жасап шығарды деп Ресейді айыптаған болатын.

Алайда Ресей билігі мұны жоққа шығарып келді. Ақырында АҚШ-тың аталған келісімнен бір жақты шығуынан соң Ресей келісім-шарттарын орындауды тоқтату туралы қаулыға қол қойды.