Америка Украинаны ядролық соққыға әзірлеп жатыр

0
664

Мәскеудің "ядролық шантажынан" Батыс бұрынғыдай зәресі ұша қорқуды қойды.


Америка Украинаны ядролық соққыға әзірлеп жатыр

ERNUR.KZ. Құрама Штаттардың Украинаға ядролық жарылыстарды анықтауға арналған "радиациялық датчиктерді" жеткізгені белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz.

Жай жеткізумен шектелмеді. АҚШ Ядролық қауіпсіздік жөніндегі федералдық ұлттық әкімшілік (Federal National Nuclear Security Administration) Украинада ядролық соққыға қарсы озық желі орнатуда.


Оның аясында Америка осы елді тактикалық немесе стратегиялық ядролық қаруды немесе лас бомбаны қолдануды тез анықтауға, соны жүзеге асырғандардың тұлғасын сәйкестендіруге мүмкіндік беретін құрылғылармен жабдықтап, іске қосып жатыр.

Себебі әрбір елдің ядролық қаруының жарылысы өзгеге ұқсамайтын көрінеді. Тиісті аппаратуралармен тіркесе, атомдық сигнатурасы немесе "изотоптық қолтаңбасы" (изотопная подпись) арқылы оған кім кінәлі екенін әшкерелеуге болатын көрінеді. Яғни, Ресей Украинаға ядролық соққы жасап, "мен емес, лаңкестердің ісі шығар" деп бұлтарып кете алмауға тиіс.

Украинаға кең ауқымды соғыс ашқалы бері Кремль жаһанды ядролық қаруымен қорқытып келеді. Кремль өз пропагандистерінің аузымен біресе Украины, біресе Вашингтонды, біресе Еуропа астаналарының бірін ядролық күлге айналдыруға доқ көрсетуден танбай келеді.

Таяуда АҚШ Өкілдер палатасында осы тақырыпқа қатысты парламенттік тыңдау өтті. Сонда америкалық Энергетика министрлігінің құрамындағы федералдық агенттік – Ядролық қауіпсіздік жөніндегі федералдық ұлттық әкімшілік әлемді елең еткізген мәліметтерін жариялады.

Нәтижесінде, Вашингтон жау жаппай қырып-жою қаруын қолдана қалса, қапы қалмай, дайын отыруы үшін Украинаны сол ең үрейлі сценарийдің жүзеге асуына дайындап, оның салдарларын жою үшін қажетті нақты шараларды қабылдап жатқаны мәлім болды.

Ядролық апаттар жағдайында қолдау көрсету тобы (NEST) – Қауіпсіздік агенттігіне бағынатын атомшы эксперттердің жасырын бөлімшесі саналады. Бұл топ бүгінде Украина территориясының өне бойын радиациялық датчиктермен қамту, жергілікті персоналды үйрету жұмыстарын жүргізуде. Украиналық мамандар әлемдік ең озық әрі таптырмас құпия тәжірибені игеріп жатыр. Олар елдің әр өңірінен тоқтаусыз түсетін ауқымды деректерге мониторинг жасап, өңдеуге, халықты өлмге соқтыратын сәулеленуден барынша қорғау және алдын алу шараларын жүзеге асыруға үйренеді.

The New York Times сұрауына жауап берген агенттік "Украинаның барлық өңірінде атомдық датчиктер желісі өрістетіліп жатқанын" және олар "кез келген ядролық қару жарылысының орнын, ауқымын, салдарларын сипаттауға мүмкіндік беретінін" түсіндірді. Бұл құрылғылар "Ресейді өз авторлығын жасырып, өзге күштер арқылы ядролық қаруды пайдалануының кез келген мүмкіндігінен айырады".