Әзербайжан Таулы Қарабақта қаза тапқан әскерилердің санын жариялады

0
727

​100-ден астам сарбаз хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында, қазіргі кезде оларды іздестіру жұмыстары қолға алынды.


Әзербайжан Таулы Қарабақта қаза тапқан әскерилердің санын жариялады

ERNUR.KZ. Әзербайжанның қорғаныс министрілігі Таулы Қарабақтағы қақтығыста қаза тапқан әскерилердің санын ресми түрде жариялады, деп жазады sputnik.kz.

"Отан соғысы кезінде қарулы күштеріміздің 2783 сарбазы қаза тапты. Олардың ішінде 103 әскериді ДНҚ сынамасы арқылы индентификациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 100-ден астам сарбазымыз хабар-ошарсыз кеткендердің қатарына кіреді. Қазіргі кезде оларды іздестіру және отбасыларына хабарландыру бойынша тиісті шаралар қолға алынды", - делінген ресми хабарламада.

Министрліктің мәліметіне сәйкес, медициналық мекемелерде 1245 адам емделіп жатыр. Алдағы уақытта қаза болғандардың аты-жөні, туған жылы, әскери шені және тағы басқа қосымша ақпарат жарияланады. Ол үшін арнайы комиссия құрылды.

Таулы Қарабақтағы шиеленістің өршуі

Естеріңізге сала кетейік, 27 қыркүйекте Әзербайжанның қорғаныс министрлігі Армения қарулы күштерінің Қарабақтағы байланыс сызығы маңындағы елді мекендерге оқ жаудырғанын мәлімдеген еді. Өз кезегінде Арменияның қорғаныс министрлігі Қарабақ Әзербайжан тарапынан "әуе және зымырандық шабуылдарға ұшырағанын" хабарлады.

Әлем мойындамаған Таулы Қарабақ республикасының басшысы Араик Арутюнян әскери жағдай енгізді. Арменияда да әскери жағдай енгізіліп, мобилизация жарияланды. Әзербайжанда әскери жағдай бүкіл елде емес, кейбір аймақта ғана енгізілді.

Қазақстан жанжалдың ушығуына қатты алаңдаушылық танытып, тараптарды келіссөз жүргізуге шақырды. Бірқатар мемлекет, соның ішінде Ресей тараптарды сабырлыққа үндеді.

Сонымен қатар, БҰҰ қауіпсіздік кеңесі Таулы Қарабақтағы ауқымды ұрыс қимылдары туралы хабарламаларға алаңдаушылығын білдірді.