Бангладеште батыс елдеріне арналған киім-кешек қоймасында жарылыс болып, 40 адам көз жұмды

0
514

Бангладеште батыс елдеріне арналған киім-кешек сақталатын қоймада жарылыс болып, қырық адам көз жұмып, жүзден аса адам жарақат алды.


Бангладеште батыс елдеріне арналған киім-кешек қоймасында жарылыс болып, 40 адам көз жұмды

ERNUR.KZ. Жарылыс қоймада басталған өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде болған. Әзірге себебі белгісіз. Жергілікті билік ұсынған мәліметке сәйкес, бірнеше контейнерде жанғыш заттар сақталуы мүмкін, деп жазады Stan.kz

Ауруханалар жаралы адамдарға лық толы, ал билік азаматтарды өз еркімен қан тапсыруға шақырды. Жарақат алғандардың бір бөлігі әскери госпитальге жеткізілген. Зардап шеккендердің басым бөлігі ауыр жағдайда болғандықтан, дәрігерлер құрбандар санының артуы мүмкін екенін мәлімдеді.

5 маусымда еріктілер қоймадан қаза тапқандардың мәйітін шығаруға көмектескен. Жарылыс салдарынан 5 өрт сөндіруші зардап шекті. Із-түссіз жоғалып кеткендер араасында бірнеше журналист пен өрт сөндіруші бар.

Жарылыс дауысы бірнеше шақырымнан естілген, ал жақын маңдағы ғимараттардың терезі сынған. Жергілікті дүкен иесінің айтуынша, шынының сынығы бір жарым шақырымға ұшып, көлшігіне келіп түскен. Ал жарылыстан соң нағыз "от жауыны" басталған.

Жалынды ауыздықтау жұмыстары жексенбі күні жалғасқан, сонымен қатар қоймада бірнеше рет кішігірім жарылыстар болған.

"Біз іште қалған жанғыш заттар кесірінен өртті әлі бақылауымызға ала алмадық", – деді Бангладеш өрт қызметінің басшысы Майи Уддин.

Химиялық заттардың теңізге түспеуі үшін әскерилер де жұмылдырылған.

Ситкунда қоймасында өрт кезінде 4 мыңға жуық контейнер болған. Бангладештегі үлкендігі бойынша екінші порт – Читтагонга арқылы жөнелтілетін контейнерлер алдымен осы қоймаға алып келінген.

Жергілікті билік контейнерлерде миллиондаған долларға бағаланатын киімдер болғанын айтады. Оларды батыс елдеріне экспорттау жоспарланған. Соңғы жылдары Бангладеш әлемдегі екінші киім экспорттаушыға айналған еді.

Бұған қарамастан қауіпсіздік техникасы жиі бұзылады екен. Салдарынан тігін цехтарында да бірнеше рет алапат өрт болған.

Dhaka Tribune газетінің мәліметіне сәйкес, 2005 жылдан бері 12 кәсіпорын апатынан елде мыңнан аса адам опат болған.