Бейрут губернаторы: жарылыс шығыны 3-5 млрд долларды құрады

0
707

Апат аймағы деп танылған Бейрутта екі апталық төтенше жағдай режимі енгізілді.


Бейрут губернаторы: жарылыс шығыны 3-5 млрд долларды құрады

ERNUR.KZ. Бейрут губернаторы Марван Аббуд сейсенбі күні портта болған жарылыстың шығыны 3-5 млрд долларды құрағанын мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.


Аббудтың айтуынша, оқиға орнына жіберілген 10 өрт сөндіруші мерт болған. Сонымен қатар, жүздеген қала тұрғыны баспанасыз қалды.

Қуатты жарылыс Бейрут порты маңында, Ливан ӘТК базасына жақын жерде болды. Жарылыс толқыны ондаған үй мен автокөлікті қиратты, ел астанасының көп бөлігіндегі ғимараттардың терезесі сынған. Жергілікті билік өкілдерінің мәліметі бойынша, 2015 жылы кеден қызметі тәркілеп, қоймада сақталып тұрған 2,7 мың тонна аммиак селитрасының детонациясы жарылысқа себеп болған.

Кейінгі мәліметтер бойынша, 100-ден астам адам қаза тауып, 4 мыңнан астам тұрғын зардап шекті. Елде аза тұту күні жарияланды. Апат аймағы деп танылған Бейрутта екі апталық төтенше жағдай режимі енгізілді.

Бейрут кемежайындағы жарылыс кезінде Ливандағы астық қорының шамамен 85 проценті жойылды. Өйткені оқыс оқиға кезінде ірі астық сақтайтын элеватор талқандалған.