Бішкекте қазақ-қырғыз зиялыларының IV форумы өтті

0
1 356

Форумды Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырды.


Бішкекте қазақ-қырғыз зиялыларының IV форумы өтті

ERNUR.KZ. Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Бішкек қаласында бүгін, 26 қараша күні “Бекем бауырластық байланыстар” атты қазақ-қырғыз зиялыларының кезекті IV форумы өтті, деп жазады egemen.kz.

Алқалы жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Мәулен Әшімбаев, Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Сұлтан Раев, Қырғыз Республикасы Білім және ғылыми министрі Каныбек Исаков, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Нұрпейісов, Қырғыз Республиканың Жогорку Кенеш депутаттары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, екі елдің танымал ғалымдары, академиктер, ғылыми институт басшылары, зиялы қауым өкілдері және журналистер қатысты.

И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің бас ғимаратында өткен форум қазақ-қырғыз бауырластығы мен тұлғалар тағылымын арқау етті.

Жиын барысында қазақ-қырғыз зиялылары бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық, ортақ рухани құндылықтар жайында ой бөлісіп, жасалып жатқан еселі еңбектерге оң баға берді. Сондай-ақ, әдебиет, өнер және ғылым саласындағы сабақтастықтың ары қарай түркі әлемі мен жаһандық мәдени байланыстарда алатын орны туралы пікір алысты.

Осы орайда, сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Мәулен Әшімбаев өткен ғасырларда екі елдің достығының нығаюына ұлт зиялыларының зор үлесін қосса, егемендік алған жаңа дәуірде бауырлас елдердің арасындағы ынтымақтастықты ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен «Мәңгілік достық» туралы шартқа қол қою арқылы нығайта түскенін айтты. Бұған қоса ол зиялы қауым арасындағы ынтымақтастық пен мәдени байланыс дәстүрінің өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екенін, оны жастарға кеңінен насихаттау керек екеніне тоқталды.

Сонымен қатар, Форум аясында Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған үш жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Атап айтқанда О.Караевтың «Чагатайский улус. Государство Хайду. Моголистан» атты еңбегі, қазақ тіліне алғаш рет толық аударылып басылған қырғыз халқының тарихи дастаны «Ер Есім» және З.К.Курмановтың «Кыргызский филиал партии «Алаш»: создание, деятельность, судьба» атты кітаптары көпшілік назарына ұсынылды.

Басқосудан кейін форум делегаттары Чон-Таш ауылында орналасқан, ХХ ғасырдың 30 жылдардағы репрессия құрбандарына арналып салынған «Ата-Бейит» мемориалдық кешеніне арнайы барып, гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Айта кету керек, қазақ-қырғыз зиялыларының алғашқы басқосуы Түркі академиясының бастамасымен 2018 жылдың сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен болатын. Бұдан кейін туысқан екі елдің ынтымақтастығына айрықша ықпал еткен игі шара сол жылғы қазан айында Ош қаласында жалғасын тапты.

Сонымен қатар, Ұлы даланың мәңгілік мирасы “Манас” дастаны мен көрнекті ғалым Шоқан Уәлиханов тағылымына арналған үшінші форум биылғы маусым айында Жетісу жерінде ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз еліне ресми сапары қарсаңында Бішкек қаласында өткен төртінші жиын екі елдің бекем бауырластығы тақырыбына арналды.