Дәрігер науқастардың бүйрегін қалталы клиенттерге трансплантациялау үшін кесіп алған

0
365

Пәкістанда 2010 жылы адам мүшелерінің саудасына заң бойынша тыйым салынған.


Дәрігер науқастардың бүйрегін қалталы клиенттерге трансплантациялау үшін кесіп алған

ERNUR.KZ. Пәкістанда қалталы клиенттерге трансплантациялау үшін адамдардың бүйрегін заңсыз кесіп сатқан дәрігер басқаратын сегіз адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды, деп жазады stan.kz.

Пәкістанның Пенджаб провинциясы үкіметінің басшысы Мохсин Наквидың айтуынша, дәрігер Фавад Мұхтар бүйректі алу операциясын донор науқастардың келісімінсіз өз үйінде жасаған.

Наквидің айтуынша, дәрігерге операция кезінде ассистент ретінде автослесарь көмектескен. Осылайша олар кем дегенде 328 ота жасап, соның салдарынан кем дегенде үш донор қайтыс болған.

Тергеушілердің мәліметінше, қамауға алынғандар шетелдік науқастарға 10 миллион рупийге (120 000 доллар) және пәкістандық науқастарға үш миллион рупийге бүйрек сатқан.

Мохсин Накви доктор Мұхтардың осыған дейін бес рет қамауға алынғанын, бірақ әр жолы ол жемқор полиция қызметкерлерінің көмегімен босатылғанын жеткізді. Бүйрек саудагерлерінің тобы негізінен 13 миллион халқы бар Лахор қаласында, ел астанасы Исламабадтың жанындағы Таксила және Кашмирдің Пәкістандық бөлігінде жұмыс істеген.

Пәкістанда 2010 жылы адам мүшелерінің саудасына заң бойынша тыйым салынған. Донорлардың, дәрігерлердің және делдалдардың шетелге органдарды жаппай сатуын тоқтату үшін билік "он жылға бас бостандығынан айыру және айыппұл салу" сынды қатаң жазалар енгізген. Алайда халқы кедей және құқық қорғау органдары жемқор Пәкістанда орган саудасы әлі күнге дейін өркендеп келеді.

Айта кетейік, жыл басында Пенджаб полициясы астыртын операцияда бүйрегі алынып тасталған жоғалған 14 жасар баланы тапқаннан кейін орган саудасымен айналысатын тағы бір топты құрықтаған еді.