Дүниежүзілік банк Өзбекстанға $50 млн жеңілдетілген несие береді

0
836

2029 жылы жоба аяқталатын уақытқа қарай, болжам бойынша, Өзбекстанның ITES-қызмет секторында 25 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады және 15 мыңдай тұрғынның ұқсас салаларда жұмыс істеуге мүмкіндігі болады.


Дүниежүзілік банк Өзбекстанға $50 млн жеңілдетілген несие береді

ERNUR.KZ. Дүниежүзілік банктің атқарушы директорлар кеңесі «Өзбекстандағы цифрлық инклюзия» жобасын жүзеге асыру мақсатында $50 миллион көлемінде жеңілдетілген несиені бекітті, деп жазады inform.kz.

Жоба үкіметтің экономиканы цифрлық дамытуын қолдап, ауыл мен шалғай аудандардағы мыңдаған жастың цифрлық технологиялармен жұмыс істеу қабілетін арттырып, ақпараттық технологияға негізделген қызмет көрсету салаларында (ITES-қызмет) жұмысқа тұруға көмектеседі.

- Дүниежүзілік банк қолдайтын жаңа жоба Өзбекстанға экономикалық өсім, жұмыс орындарын құру және шетелдік инвесторларды тартуға ITES-қызмет секторын пайдалануға мүмкіндік береді. Оны Цифрлық технологиялар министрлігі жанындағы IT-Park ауыл мен елдің шалғай аудандарында тұратын 30 жасқа дейінгі мыңдаған жасты оқыту мақсатында жүзеге асырады. Жоба аясында осы азаматтарды жұмысқа алған ITES-компаниялар түрлі жолмен ынталандырылып отырады», - деп атап өтті Дүниежүзілік банктің Өзбекстандағы өкілдігінің басшысы Марко Мантованелли.

2029 жылы жоба аяқталатын уақытқа қарай, болжам бойынша, Өзбекстанның ITES-қызмет секторында 25 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады және 15 мыңдай тұрғынның ұқсас салаларда жұмыс істеуге мүмкіндігі болады. Жоба осы мақсатқа түрлі іс-шара арқылы жетуді көздейді. Оның ішінде мыналар бар:

- елде заманауи кеңселерді ұсынатын өңірлік 11 ITES-орталық қызметін іске қосу;

- 6200 жасқа, оның ішінде 3100 әйел мен 250 мүгедектігі бар адамға негізгі кәсіби дағдыларды дамыту бағдарламаларын оқыту;

- ITES-компанияларға қызығушылығы бар 9000 жасты, оның ішінде 4500 әйел мен 360 мүгедек адамды жұмыспен қамту;

- Өзбекстандағы шетелдік және жергілікті ITES-компаниялардың қызметіне жағдай жасау үшін қажет нормативтік-құқықтық құжаттарды дайындау.

Жоба іс-шараларының арқасында 240-қа жуық жаңа ITES-компания IT-Park резиденті атанып, Өзбекстандағы операциялық қызметін бастайды.