Ер адам бұрынғы әйелінің құлағы мен мұрнын кесіп тастаған

0
666

Дәрігерлер жәбірленушіні аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.


Ер адам бұрынғы әйелінің құлағы мен мұрнын кесіп тастаған

ERNUR.KZ. Қырғызстанда 39 жастағы ер адам бұрынғы әйелін аяусыз соққыға жыққан. Бет, мойын және басынан жарақат алған 36 жастағы әйел ауруханаға жеткізілді. Оның құлағы мен мұрны кесілген. Дәрігерлер жәбірленушіні аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Аталған оқиға қоғамда резонанс тудырды, деп жазады stan.kz.

Шу ауданы Селекционный ауылында жантүршігерлік оқиға орын алды. Жәбірленушінің әпкесінің айтуынша, ажырасқаннан кейін ер адам оны бірнеше рет ұрып-соғып, азаптап, зорлаған және өлтіруге әрекеттенген.

"Көп жағдайлар болды. Біз бірнеше рет полицияға хабарластық, арыз жаздық, сот-медициналық сарапшыға миллион рет бардық, ұрып-соққан сәтін видеоға түсірдік, бірақ бәрі бекер. Құқық қорғау органдары бізге ол өлтірмейінше іс қозғамайтынын және түрмеге қамай алмайтынын айтты. Сіңлім екі ұлын жалғыз өзі асырап отыр. Бұрынғы күйеуінің полицияға да қол көтерген сәттері болды. Содан кейін оны түрмеге жабу керек еді, бірақ туыстары ақша беріп, соттан аман алып қалды. Осы оқиғадан кейін ол күн сайын әпкемді аңдып, соңына түсе бастады", - деп жазды жәбірленушінің әпкесі әлеуметтік желіде.

Осы оқиғадан кейін қылмыскер ұсталды.

Аталған жағдайдан кейін парламент отырысында депутаттар тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын көтерді. Олар Ішкі істер министрінен осы мәселені қолға алуын сұрады.

"Неге біздің елде резонанс болған кезде ғана мәселені бақылауға алады? Қылмыскерге заң аясында шара қолдануды талап етемін. Неге мұндай істер әйелдер қиналып өлгенде ғана бақылауға алынады? Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейту керек. Полицейлердің оқиға орнына бірнеше сағаттан кейін келгені дұрыс емес", — деді Нилуфар Әлімжанова.

Төтенше жағдайға қатысты депутат Гүлшарқан Құлтаева да пікір білдірді. Оның айтуынша, әйелге мұндай қатыгездік көрсетуді ақтауға болмайды.

"Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында әйелдер құқық қорғау органдарына жүгінеді. Алайда мәселеге немқұрайлы қараудың салдарынан оның нәтижесін қазір көріп отырмыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы барлық арыздардың көтерілуін және оларға қатысты тиісті шара қолдануын талап етемін. Әйтпесе, біраз уақыт өтіп, әйелдер не мүгедек болып қалады, не өледі", - деді депутат Гүлшарқан Құлтаева.