Еуроодақ вакцина төлқұжатының жарамдылық мерзімін ұзартты

0
705

Құжат екпе салдырғандар ғана емес, ауруға қарсы анти-денелері бар адамдарға да беріледі деген шешім қабылданды.


Еуроодақ вакцина төлқұжатының жарамдылық мерзімін ұзартты

ERNUR.KZ. Еуропалық Одақ вакцинаны растайтын цифрлық төлқұжаттың жарамдылық мерзімін тағы бір жылға, яғни 2023 жылдың маусым айына дейін ұзартты, деп жазады 24.kz.

Құжат екпе салдырғандар ғана емес, ауруға қарсы анти-денелері бар адамдарға да беріледі деген шешім қабылданды. Ал енді Еуроодақ аумағына сырттан келгендер қайтпек? Олар қандай екпе салдырып, қандай құжатпен жүруге тиіс?

Еурокомиссия вакцинаны растайтын сертификаттардың жарамдылық мерзімін тағы бір жылға ұзартты. Сонымен қатар цифрлық төлқұжатты беру ережесін де жетілдіру керек деген шешім қабылдады. Атап айтқанда, Еврокомиссияның сертификат клиникалық зерттеулерге қатысқандарға және ағзасында антиденелері бар адамдарға берілуі керек деген ұсынысы бар. Ал сырт елден келген саяхатшылар тек Еуропада мақұлданған препаратты қабылдаса ғана аймаққа кіре алады дейді комиссия басшылары.

"Басты талап Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі құптаған препарат Еуроодақтың барлық елдерінде де мақұлдануы керек. Ковид-сертификатта міндетті түрде вакцинаның соңғы дозасы қабылданған күні белгіленеді. Егер препарат Еуроодақта мақұлданған болса, құжатты Одақ елдері қабылдауға тиіс болады", - дейді Кристиан Виганд, Еврокомиссия өкілі.

Бүгінде өзге мемлекеттерде өндірілген әрі Еуроодақта мақұлданбаған вакцина салдырған азаматтар үшін кәрі құрлық елдеріне кіру өзекті мәселеге айналды. Әсіресе, оқуға, емделуге немесе іс-сапармен келгендер үшін қиыншылық туды. Оның үстіне бустерлік дозаға да талап күшейіп барады.

"Жұмыс бабымен жиі Брюссельден Мәскеуге баруға тура келеді. Жарты жыл бұрын «Moderna» вакцинасының екі дозасын қабылдадым. Тақауда Мәскеу қаласында «Спутник» препаратын салдырдым. Ал Бельгияда Спутник бустерлік доза ретінде мойындалмаған. Осыған орай Бельгияда вакцина мерзімінің аяқталуына байланысты ревакцинация қажет. Бұл аздай мұнда еуропалық QR-кодты қажет етсем, Мәскеуде ресейлік QR-кодым болу керек. Ақылға қонбайтын нәрсе!", - дейді Вернер, Брюссель тұрғыны.

Еурокомиссия өкілдері ковид-сертификаттың визаны алмастыра алмайтынын ескертті. Бұл тек қосымша санитарлық құжат. Дегенмен Брюссель алдағы уақытта өзге елдермен бірлесе отырып ортақ цифрлық сертификат жүйесін әзірлеуге ниетті.