Флорида штатында ауруханалар КВИ жұққан науқастарға толды

0
646

Елдің оңтүстігіндегі Аризона, Техас, Джорджия, Оңтүстік Каролина штаттарында да індет өршіп тұр.


Флорида штатында ауруханалар КВИ жұққан науқастарға толды

ERNUR.KZ. АҚШ-тың Флорида штатында ауруханалар түгел науқастарға толды. Бейсенбі күні штат аумағында коронавирусты жұқтырған 9 мыңға жуық адам тіркеліп, 120 науқас көз жұмды, деп хабарлайды Хабар24.

Елдің оңтүстігіндегі Аризона, Техас, Джорджия, Оңтүстік Каролина штаттарында да індет өршіп тұр. Айта кетер жайт, тап осы штаттар карантин шараларын жеңілдеткен алғашқы аумақтар болған еді. Осыдан кейін бұл аймақта эпидемиологиялық ахуал ушығып кетті. Енді мамандар саны күрт артып кеткен науқастарды емдеуге жергілікті денсаулық сақтау жүйесінің мұршасы жетпейді деп дабыл қағып отыр.


- Эпидемиологиялық ахуал тұрақталды деп ойлаған кезіміз болған еді. Сонда коронавирусқа шалдыққан барлық науқас бір қабатта жататын. Алайда жағдай өзгеріп, науқастарды екінші, содан кейін үшінші және төртінші қабаттарға орналастыруға тура келді. Күн сайын жағдай қиындап келеді, - дейді жансақтау бөлімінің меңгерушісі Эндрю Пастевский.


Сондай-ақ АҚШ-тың бүкіл аумағында қайтадан жаңа антирекорд тіркелді. Бір күннің ішінде коронавирусты жұқтырған 60 мың адам анықталды. Соңғы мәліметтер бойынша, елде науқастар саны 3 миллионнан асып, 135 мың адам осы аурудан қайтыс болды.