Газада халық гуманитарлық көмек тиелген жүк көлігіне таласып, бір-бірін таптап кеткен: 110 палестиналық қаза тапты

0
204

Адамдардың көпшілігі жүк көліктеріне қарай жүгіріп, қолына түскенді алып кетуге тырысты.


Газада халық гуманитарлық көмек тиелген жүк көлігіне таласып, бір-бірін таптап кеткен: 110 палестиналық қаза тапты

ERNUR.KZ. Газада гуманитарлық жүк тиеген көлікке тұрғындар жармасып, салдарынан 110-дан астам палестиналық қаза тапты, деп жазады stan.kz.

Бейсенбі күні таңғы сағат 4:00-ден кейін гуманитарлық жүк тиеген конвой Израиль бақылау-өткізу пункті арқылы Газаға кірді. 18-ден 30-ға дейін жүк көлігінен тұратын колонна бірнеше жүз метрге созылған.

Адамдардың көпшілігі жүк көліктеріне қарай жүгіріп, қолына түскенді алып кетуге тырысты. Өйткені Газаға бірнеше апта бойы ешқандай көмек келмеген.

Гуманитарлық көмекті күткен халық жүк көлігін қоршап алған. Соның кесірінен көлік кейбір адамды қағып кеткен. Желіде тараған видеода мыңдаған адамның жүк көліктерінің үстіне шығып, айналасына жиналғанын көруге болады. Оның үстіне бақылау бекетіндегі израильдік сарбаздар қауіпті жағдай туындады деп оқ жаудырған.

Газаның ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігі 112 палестиналық қаза тауып, 760-ы жараланғанын алға тартты. Олар халыққа оқ атқан израильдік әскерлер кінәлі деп отыр. Министрліктің өкілі Ашраф әл-Кудра оқиғаны "қырғын" деп атады.

Алайда куәгерлердің айтуынша, адамдардың көпшілігі сарбаздардың оғынан емес, жүк көліктері қағып кеткеннен қаза тапқан.

Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш Газада болған оқиғаны айыптап, бейбіт тұрғындардың шұғыл гуманитарлық көмекке мұқтаж екенін еске салып, тағы да дереу гуманитарлық бітімге келуге, сондай-ақ барлық кепілге алынғандарды босатуға шақырды.