Иран АҚШ-тың әскери базасына зымыранмен соққы жасады

0
906

​Он үш зымыран нысанаға тиді, зардап шеккен америкалық әскерилер туралы ақпарат жоқ. Иран АҚШ-тың аймақтағы одақтастарына да соққы беруге дайын екенін мәлімдеді.


Иран АҚШ-тың әскери базасына зымыранмен соққы жасады

ERNUR.KZ. Америка әскерилері орналасқан Ирактағы "Айн-әл-Асад" әскери базасына зымыранмен соққы жасалды, деп жазады sputniknews.kz.

Иран ислам революциясы сақшыларының корпусы жауапкершілікті өз мойнына алды.

"Ислам революциясы сақшыларының корпусы Ирактағы америкалық "Айн-әл-Асад" әуе базасына ондаған зымыранмен соққы жасағанын растап отыр", - деп хабарлады телеарна Twitter-де.

CNN мәліметінше, базадағы ақпарат көздері кем дегенде 13 зымыранның дәл тигенін растады, бұған дейін Иран аумағынан кем дегенде 30 зымыран ұшырылғаны туралы хабарланған. Сонымен бірге америкалық агенттік АҚШ әскерилері зардап шекпегенін атап өтті.
АҚШ қалай жауап қайтарды
АҚШ қорғаныс министрінің қоғаммен байланыс жөніндегі көмекшісі Джонатан Хоффман Иран Ирактағы Америка базаларын баллистикалық зымырандармен атқылағанын мәлімдеді.
"Иран АҚШ-тың әскери базаларына және Ирактағы коалициясына қарсы оннан астам баллистикалық зымыранмен соққы берді. Біз шығынды алдын-ала бағалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", - деп мәлімдеді ол.
Хоффманның айтуынша, АҚШ аймақтағы өзінің әскери қызметкерлерін, серіктестері мен одақтастарын қорғау үшін "барлық қажетті шараны" қабылдайды.
Дональд Трампқа Ирактағы базаларға оқ жаудырылғаны туралы хабарланды, ол жағдайды қадағалап отыр, деді АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Стефани Гришэм.
"Біз АҚШ-тың Ирактағы нысандарына жасалған шабуылдардан хабардармыз. Президентке ақпарат берілді, ол жағдайды мұқият қадағалап отыр және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі өз командасымен кеңесіп жатыр", - деп мәлімдеді Гришэм.
Дональд Трамп халыққа үндеу жасайды деп жоспарланған, бірақ кейінірек Ақ үйдегілер ешқандай үндеу болмайтынын хабарлады.
Америка президенті қорғаныс министрімен және мемлекеттік хатшымен кездесу өткізді.
Генерал Сулейманиге жасалған қастандық
3 қаңтарда АҚШ Бағдадтағы халықаралық әуежай аумағында арнайы операция жүргізіп, ирандық генерал Сулеймани мен ирак шейіттер жасағының басшысы Әбу Махди әл-Мухандисті өлтірді.
Вашингтонның мәлімдеуінше, олар өткен жылдың 31 желтоқсанында Бағдадтағы АҚШ елшілігіне шабуыл ұйымдастырды. Иранның Жоғары көшбасшысы Али Хаменеи Сулейманидің өлімі үшін АҚШ-тан кек қайтаруға уәде берді. АҚШ президенті Дональд Трамп америкалықтарға шабуыл жасалса, Ирандағы 52 нысанға соққы жасалатынын мәлімдеді. Әлемдік қауымдастық АҚШ пен Иранды ұстамдылық танытуға үндеп жатыр.