Иранда "тыңшылық жасаған" 4 адам сотталды, бірі өлім жазасына кесілді

0
840

Бұл ақпаратты Иранның сот органдары хабарлады.


Иранда

ERNUR.KZ. Иран соты "АҚШ-тың тыңшысы" деп айыпталған екі адамды он жылға соттады, бір адамды өлім жазасына кесті. Тағы бір адам "Ұлыбритания тыңшысы" деген айыппен он жылға сотталды, деп жазады azattyq.org.

Иран сотының ресми өкілі Голамхосейн Эсмаилидің айтуынша, өлім жазасына кесілген сотталушының аты-жөні жоғары сотта кассациялық шағымы қаралмайынша жарияланбайды. Он жылға кесілген үш адамның аты-жөндері белгілі: Али Нафарие, Мохаммадали Бабапур және "британ барлау қызметіне жұмыс істеді" деп айыпталған Мохаммад Әмин Насаб.

Шілде айында Иран барлау министрлігі осы елде астыртын жұмыс істеген АҚШ-тың "Орталық барлау басқармасы тыңшыларын әшкерелегенін" мәлімдеп, 17 адам ұсталғанын хабарлаған. Үкім оқылған адамдардың бұл іске қатысы бар ма, жоқ па, белгісіз. АҚШ бұл үкімге байланысты әзірге түсініктеме бермеді.