Қатар-2022: Англияны ұтқан Франция 1/2 финалға шыққан соңғы команда болды

0
657

Ағылшындар 1996 жылы өз елінде өткен біріншілікте үздік шықса, Франция 1998 және 2018 жылдары чемпион атанған болатын.


Қатар-2022: Англияны ұтқан Франция 1/2 финалға шыққан соңғы команда болды

ERNUR.KZ. Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында Англия мен Франция жартылай финалдың жолдамасы үшін жасыл алаңға шықты, деп жазады ҚазАқпарат.

Ағылшындар 1996 жылы өз елінде өткен біріншілікте үздік шықса, Франция 1998 және 2018 жылдары чемпион атанған болатын.

Мамандар бұл матчта фаворит ретінде негізінен Францияны атағанымен, қос команданың мүмкіндігі бірдей еді. Плей-офта Гарет Саутгейт жаттықтыратын ағылшындар Сенегалдан оңай өтті – 3:0. Дидье Дешамның шәкірттері де Польшаны сенімді ұтты – 3:1.

Бұл жолы бірінші таймда 17-минутта Антуан Гризманнан пас алған 22 жастағы жартылай қорғаушы Орельен Чуамени алыстан қақпа бұрышын дәл көздеп, Францияны алға шығарды – 1:0. Бұл оның ұлттық құрама сапындағы екінші голы еді.

Содан кейін Франция сапында 143-інші матчын өткізіп, рекорд орнатқан құрама капитаны Уго Льорис Харри Кейннің қос бірдей соққысын тойтарды.

Екінші кезеңде У.Льорис 19 жастағы Джуд Беллингемнің гол соғуына мүмкіндік берген жоқ. Әйтсе де О.Чуамени 52-минутта өз айып алаңында Букайо Саканы шалып жықты. Англия капитаны Харри Кейн 54-минутта 11 метрлік нүктеден мүлт кеткен жоқ – 1:1. Бір қызығы, У.Льорис пен Х.Кейн Англияның «Тоттенхэм» клубында бірге ойнайды.

Ағылшын қақпашысы Джордан Пикфорд та қарап қалмай, әуелі Адриен Рабьоның, сосын Оливье Жирудің соққысын қайтарды. Дегенмен 78-минутта А.Гризманнан пас алған О.Жиру баспен қақпаны дәл көздеді – 2:1. Бұл Антуанның кездесудегі екінші нәтижелі пасы еді.

Бразилиялық төреші Вилтон Сампайо Франция қорғаушысы Тео Эрнандес алаңға тыңнан қосылған Мейсон Маунтты итеріп құлатты деп есептеп, 82-минутта екінші пенальтиді белгіледі. Алайда Х.Кейн бұл жолы допты аспанға тепті.

Осылайша, Англияны 2:1 есебімен сүріндірген Франция 14 желтоқсан күні финалға шығу үшін Мароккомен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Нидерланд құрамасын жолдан тайдырған Аргентинаның жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.