Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қақтығыс болды

0
728

Екі елдің шекаралас аймақтарындағы жергілікті тұрғындар арасындағы қақтығысқа екі жүзге жуық адам қатысты.


Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қақтығыс болды

ERNUR.KZ. 18 желтоқсан күні таңертең қырғыз-тәжік шекарасы учаскелерінің бірінде шекара маңындағы ауылдардың тұрғындары арасында жанжал болды. Жаппай қақтығыс салдарынан қырғыз шекарашыларының бірі жарақат алды. Қазіргі уақытта қақтығыстың себебі анықталып жатыр. Оған екі жақтан 180-ге жуық адам қатысты, деп жазады sputniknews.kz.

Ұрыс-керістің соңы жылдам кескілескен қақтығысқа ұласқан, олар бір-біріне тас лақтыра бастайды. Оқиға орнына екі жақтан келген шекарашылар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен облыстық әкімшілік басшылары жанжалды тоқтатты.

Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметінің мәліметінше, келіссөздер барысында тәжік тарапынан оқ атылған. Салдарынан шекарашы жараланды.

"Келіссөздер барысында сағат 11:30-да тәжік тарапынан белгісіз біреулер Қырғызстан азаматтарына тас лақтыра бастады, жауап қайтарылған кезде тәжікстандықтарға тиесілі екі көліктің алдыңғы әйнегі сынған. 20 минуттан кейін тәжік тарапынан, алдын ала мәлімет бойынша, ұсақ калибрлі қарудан оқ атылды. Салдарынан Қырғызстан ІІМ Ішкі әскерлерінің сарбазы жарақат алды", - деп хабарлады Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз қызметі.

Хабарламада келіссөздердің уақытша тоқтатылғаны, екі елдің билігі жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқандығы айтылған.

Шекаралас аймақтағы жағдайды тұрақтандыру үшін бас штаб бастығы – ведомство басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әбдікәрім Әлімбаев Баткен облысына ұшып кетті.