Қытай басшысы Сирияға көмектесуге уәде берді

0
477

ҚХР төрағасы Башар Асадқа Сирия президенті болып қайта сайлануына байланысты жолдаған жеделхатында мәлім етті.


Қытай басшысы Сирияға көмектесуге уәде берді

ERNUR.KZ. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Сирияға эпидемиямен күрес пен елдің экономикасын қалпына келтіру бойынша көмек көрсетуге уәде берді, деп жазады tengrinews.kz.

Бұл туралы ҚХР төрағасы Башар Асадқа Сирия президенті болып қайта сайлануына байланысты жолдаған жеделхатында мәлім етті.

"Қытай Сирияның егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қолдайды, COVID-19 эпидемиясына қарсы күресте, ел экономикасын жандандыруда және халықтың өмірін жақсартуда мүмкін болатын барлық көмекті көрсетеді, Қытай мен Сирияның ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге әрекет етеді", - делінген хабарламада.

Си Цзиньпин құттықтау жеделхатында Қытай мен Сирия бұрыннан достас мемлекеттер екенін, Сирия Қытаймен дипломатиялық қатынастар орнатқан алғашқы араб елдерінің бірі екенін айтты.

"Мен Қытай-Сирия қатынастарын дамытуға үлкен мән беремін және президент Асадпен бірге бұдан да үлкен жетістікке жету үшін Қытай-Сирия қатынасын алға жылжытуға дайынмын", - деді Қытай басшысы.

Сирияда 26 мамырда президент сайлауы өткен. 2000 жылдан бері Сирияның президенті болып қызмет етіп келе жатқан Асад 95,1 пайыз дауыс жинап, тағы да жеті жылға сайланған. Ішкі оппозиция кандидаты Махмуд Мерии 3,3 пайыз, социалистік партияның бұрынғы депутаты Абдалла Саллум Абдалла 1,5 пайыз дауыс жинаған.