Қытайдағы қауіпті вирус жабайы жануардан жұққан

0
1 124

Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесін тойлауға байланысты вирусты жұқтырғандар саны арта түсуі мүмкін.


Қытайдағы қауіпті вирус жабайы жануардан жұққан

ERNUR.KZ. Қытайда тіркелген коронавирустың жаңа түрі қоздырған пневмония ауруы адамнан адамға жұғады. Бұл жайында Қытайдың денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық комитетінің сарапшылар тобының жетекшісі Чжун Наньшань мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы маманның айтуынша, бұл дерт осыдан 17 жыл бұрынғы атипиялық пневномия секілді жаппай тарап кетпейді. Себебі бұл жолы қауіпті дерт ерте анықталып, дер кезінде тиісті шаралар қабылданған. Дегенмен, Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесін тойлауға байланысты вирусты жұқтырғандар саны арта түседі дейді маман. Соңғы деректер бойынша белгісіз індетті жұқтырғандар саны 220-дан асып, 4 адам көз жұмды. Сарапшылардың пікірінше, коронавирустың жаңа түрі Ухань қаласындағы базарда сатылған жабайы жануарлардан жұқты. Мамандар жануардың нақты қай түрі бұл ауруды қоздырғанын анықтау үшін қосымша зерттеулер өткізу қажет дейді.

- Ухань қаласында вирусты жұқтыру негізінен екі ауданда болды. Аурулардың 45% дәл сонда тіркелді. Бұл аудандардың бір ерекшелігі онда теңіз өнімдерін сататын базарлар орналасқан. Бірақ іс жүзінде осы базарларда балық емес, жабайы жануарлар сатылады. Алғашқы зерттеулер адамдарға ауру жануарлардан жұққанын көрсетті. Бұл базарлар жабылды. Алайда енді вирус адамнан адамға тарайтын болды. Өте сақ болуымыз керек, - дейді сарапшылар тобының жетекшісі Чжун Наньшань.