Нидерланд пен Австралия ұшақ апатына қатысты Ресейге ресми айып тақты

0
1 182

2014 жылы 17 шілдеде MH17 рейсімен Амстердамнан Куала-Лумпурға бет алған Boeing 777 жолаушылар ұшағы Донецк облысының әуесінде атып түсірілген еді. Ұшақ бортындағы 298 адамның барлығы мерт болған.


 Нидерланд пен Австралия ұшақ апатына қатысты Ресейге ресми айып тақты

Малайзиялық ұшақ апатын зерттеушілер апат орнын шолып жүр. Көрнекі сурет

Нидерланд пен Австралия үкіметтері малайзиялық жолаушылар ұшағын Шығыс Украинада атып түсіруге қатысы бар деп Ресейді ресми түрде айыптады. Бұл туралы BBC-ге сілтеме жасап Азаттық Радиосы хабарлайды.

Бейсенбі күні Нидерландтың Бюннике қаласында өткен баспасөз мәслихатында халықаралық біріккен тергеу тобының өкілдері (JIT) MH17 рейсті Boeing ұшағы ресейлік 53 зенит-зымыран бригадасына тиесілі "Бук" кешенінен атып түсірілді деп мәлімдеген. Тергеушілердің қорытындысына сәйкес аталмыш "Бук" Украинаның ресейшіл сепаратистер бақылауындағы аумаққа Курскіден әкелініп, кейін Ресейге қайтқан.

Ресей ұшақ апатына қатысы жоқтығын бірнеше мәрте мәлімдеген. Ресейдің қорғаныс министрлігі 24 мамырда "Ресей қорғаныс күштеріне тиесілі бір де бір зенит-зымыран кешені Ресей-Украина шекарасын кесіп көрген емес" деп мәлімдеді.

Әскери ведомство өкілдері Мәскеудің бұған дейін Boeing ұшағын "ресейлік емес, украиналық зымыранның атып түсіргенін дәлелдейтін бұлтартпас деректер бергенін" айтқан.

2014 жылы 17 шілдеде MH17 рейсімен Амстердамнан Куала-Лумпурға бет алған Boeing 777 жолаушылар ұшағы Донецк облысының әуесінде атып түсірілген еді. Ұшақ бортындағы 298 адамның барлығы мерт болған. Құрбандардың көпшілігі Нидерланд азаматтары еді. Екі нидерландтық жолаушы әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалып кеткендер санатында. Өйткені олардың ДНК-сын анықтауға қажетті тіпті болмашы дене қалдықтары да табылмаған.