Оңтүстік Кореяда мұғалімдерді ата-аналардың қорлауынан қорғайтын заң қабылданды

0
956

Сеулде 23 жастағы бастауыш сынып мұғалімі өз-өзіне қол жұмсағаннан соң елдегі бүкіл мұғалімдер тоғыз апта бойы наразылық танытуда.


Оңтүстік Кореяда мұғалімдерді ата-аналардың қорлауынан қорғайтын заң қабылданды

ERNUR.KZ. Оңтүстік Кореяда мұғалімдерді ата-аналардың қорлауынан қорғайтын заң қабылданды, деп жазады stan.kz.

Сеулде 23 жастағы бастауыш сынып мұғалімі өз-өзіне қол жұмсағаннан соң елдегі бүкіл мұғалімдер тоғыз апта бойы наразылық танытуда. Марқұм жас қыз бұған дейін ата-аналардың тым қатыгез, шағымдарына алаңдайтынын айтқан.

Наразылық білдірушілердің негізгі талаптары мұғалімдер құқығын көбірек қорғау. Олардың айтуынша, ата-аналар 2014 жылы қабылданған балаларды қорғау туралы заңды пайдаланады.

Ал "Мұғалім құқықтарын қалпына келтіру туралы" жаңа заңда балаға зорлық-зомбылық жасады деп айыпталған мұғалім бірден жұмыстан шеттетілмейтіні айтылған. Ол үшін қосымша тергеу мен дәлелдемелер қажет болады. Сондай-ақ, сотқа тартылған мұғалімдерге мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп, мектеп директорларына өз қызметкерлерін қорғау жауапкершілігі артады. Кореяның Мұғалімдер кәсіподақтары федерациясы жаңа заңын құптады. Кәсіподақ күнде көшеге шыққан мұғалімдерге алғысын білдіріп, жаңа заң олардың еңбегі екенін жеткізді.

Соңғы апталарда үкімет пен жергілікті билік мұғалімдерді қорғау және олардың жұмысын жеңілдету үшін бірқатар шараларды енгізді. Қыркүйек айының басында енгізілген үкіметтің жаңа нұсқаулары мұғалімдерге тәртіп бұзатын оқушыларды сабақтан шығарып жіберуге және қажет болған жағдайда олармен күресу құқығын береді. Сеулдің білім департаменті осы аптада мұғалімдерге ата-аналардан түскен барлық қоңырауларды жазып алуға және оларды қорғау үшін сенім телефоны ретінде чат-бот орнататынынжариялады.

Алайда кейбір мұғалімдер жаңа заңдарды тиімсіз деп есептейді. Корея мұғалімдер кәсіподақтары федерациясының төрағасы Ким Ён Со жаңа заңнамада балаға зорлық-зомбылық жасады деп жалған айып тағып жүрген ата-аналардың жауапқа тартылғанын қалайтынын жеткізді.

"Жаңа заң балаларға зорлық-зомбылық жасалды деген негізсіз хабарламаларды тоқтатпайды. Осылайша, ата-аналар өздері ұнатпайтын мұғалімдерді қасақана айыптауды жалғастырады", - деді мұғалім Ким Джин Соо.