Отыз жыл бұрынғы оқиғаға байланысты Горбачевті сотқа берді

0
507

​Литваның азаттығы үшін 1991 жылғы 13 қаңтарда болған оқиғада қаза тапқан Видас Мацюлявичюс, Альгимантас Патрас Каволюкас, Виргиниус Друскис, Аполинарас Юозас Повилайтистің туыстары Кеңес одағының бұрынғы Президенті Михаил Горбачевті сотқа берді.


Отыз жыл бұрынғы оқиғаға байланысты Горбачевті сотқа берді

ERNUR.KZ. Арыз биыл дәл 13 қаңтарға қараған түні жолданды. Өйткені бұл күні отыз жыл бұрын КСРО Литва радио және теледидар орталығы мен Вильнюс телемұнарасына шабуыл жасады, деп жазады inbusiness.kz.

Шағым иелері "КСРО-ның сол кездегі президенті Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы ретінде 1991 жылы 11-13 қаңтарда армияны басқарды, бірақ агрессияны тоқтатуға қадам жасамады" дейді және алға тартатын дәлелдер жинақтағанын мәлімдейді.

"Әскери қылмыстар мен адамзат алдындағы қылмыстарға жауапты адамдар жазаға тартылуға міндетті", - дейді адвокат Миндаугас Гядейкис.

"КСРО-ның сол кездегі Президентінің қылмыстық жауапкершілігі мәселесін Бас прокуратураның прокурорлары көтермегені, көтеруге батылы бармағаны өте өкінішті. Кісі өлтіруді ұйымдастырушылар мен орындаушылардың бір бөлігі сотталды – жақсы. Алайда жоғары деңгейдегі басшылықтың жауапкершілігі бағаланбаса, Заң салтанат құра алмайды", - деді Повилайтистің ұлы Роберт.

Вильнюс телемұнарасына жасалған шабуылда 14 адам қайтыс болған. Әскери қылмысы үшін бұрынғы Кеңес әскері мен офицерлері – 67 адам сотталды. Олардың арасында сол кездегі Қорғаныс министрі Дмитрий Язов та бар. Олардың көпшілігі сырттай сотталған, өйткені Ресей мен Беларусь жазагерлерді беруден бас тартты.