Қытай мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 240 млрд доллардан асты.
ERNUR.KZ. Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин бейсенбі күні таңертең Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжіңге екі күндік мемлекеттік сапармен келді, деп жазады inform.kz.
«Бұл В.Путиннің Ресей президенті қызметіне жаңа мерзімге кіріскеннен кейінгі алғашқы мемлекеттік сапары болмақ», - деп хабарлады Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэньбинь.
Оның айтуынша, сапар барысында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин президент Путинмен Қытай мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 75 жыл толуы аясындағы екіжақты қарым-қатынас мәселелері, түрлі салалардағы ынтымақтастық, сондай-ақ өзара мүддені қозғайтын халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша пікір алмасады.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Ресей президенті Бейжің мен Харбинге барады. Қытай астанасында Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасы басшыларының келіссөздері тар және кеңейтілген құрамда өтеді. Ресей делегациясының құрамында бес вице-премьер, экономика, дипломатиялық және қауіпсіздік ведомстволарының басшылары, Ресей темір жолдары, Росатом және Роскосмос басшылары, сондай-ақ Ресейдің 20 аймағының басшылығы бар.
Харбин қаласында (Хейлунцзян провинциясының әкімшілік орталығы) Путин VIII «Қытай-Ресей» ЭКСПО көрмесінің ашылу салтанатына және аймақаралық ынтымақтастық жөніндегі IV Ресей-Қытай форумына қатысады.
ҚХР Бас кеден басқармасының мәліметінше, Қытай мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 240 млрд доллардан асты.