Ташкент маңындағы қоймадағы жарылыс себебі жарияланды

0
835

Комиссия зардап шеккендердің жалпы саны 163 адам екенін анықтады.


Ташкент маңындағы қоймадағы жарылыс себебі жарияланды

ERNUR.KZ. Үкіметтік комиссия 28 қыркүйекте Ташкент іргесіндегі Сіргелідегі қоймада болған жарылыстың себептерін зерделеу және оның салдарын жою туралы ақпарат берді, деп жазады zakon.kz.

Комиссия зардап шеккендердің жалпы саны 163 адам екенін анықтады. Олардың 150-і жеңіл, 13-і ауыр жарақат алған. Ауыр жарақат салдарынан кәмелетке толмаған бір бала қайтыс болды. Зардап шеккен 24 адам ауруханаға жатқызылып, оларға медицина және психология көмегі көрсетілді.Қалған 138 зардап шегуші амбулаторлық ем алды. 23 қазандағы жағдай бойынша барлық жаралылар жазылып, үйлеріне қайтуға рұқсат етілді.

Төтенше жағдай салдарынан 39 көпқабатты үй мен 246 үйдегі 1370 пәтердің қасбеті, терезелері, есіктері мен шатырлары зақымданған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы - 14,5 миллиард сум (57 миллион теңге).

Өрт пен жарылыс металл және сэндвич-панельдерден тұрғызылған қоймада болған. Өрт болған қоймада ірі көлемдегі химиялық заттар, құрылыс және басқа да өнімдер белгіленген талаптарды бұза отырып, аралас күйінде сақталған. Оқиға орнынан алынған сынаманы химиялық зерттегенде полиэфирлер, ксилол, көмірсутектер, натрий гидроксиді, сутегі асқын тотығы, этиленгликоль және жоғары молекулалық көмірқышқылды күрделі эфирлер сияқты химиялық заттардың бар екені анықталды.

Оқиға орнын тексеру кезінде сутегі асқын тотығы қоймасының жанында орау қағазы мен басқа да жанғыш материалдар сақталғаны анықталды. Зерттеу нәтижелері бойынша, жарылыс қоймада сақталған химиялық заттар мен материалдардың өзара әрекеттесуі және химиялық өздігінен жану салдарынан болған. Кешенді сот-медициналық сараптаманың қорытындысы мен тергеу нәтижелері бойынша түпкілікті қорытынды дайындалады.