Трамп Солтүстік Кореяның шекарасына аяқ басқан АҚШ-тың тұңғыш Президенті болды

0
1 061

Дональд Трамп КХДР шекарасын кесіп өткен алғашқы басшы болғанын мақтан ететінін атап өтті.


Трамп Солтүстік Кореяның шекарасына аяқ басқан АҚШ-тың тұңғыш Президенті болды

ERNUR.KZ. Жексенбі күні АҚШ Президенті Дональд Трамп кореяаралық шекарадағы екіжақты кездесудің алдында Солтүстік Кореяның шекарасына аздаған уақытқа өтіп, елдің көшбасшысы Ким Чен Ынмен қол алысты, деп жазады «ҚазАқпарат».

Алдымен Трамп «бітімге келу қалашығын» (Бірлескен қауіпсіздік зонасы» деп те аталады) бөліп тұрған әскери-демаркациялық сызыққа бет алған болатын. Кейін оған Ким Чен Ын таянып, олар бір-бірімен қол алысты. Бұдан әрі екеуі Солтүстік Кореяның шекарасына бірге аттады.

Дональд Трамп Америка Құрама Штаттарының іс басындағы Президенті ретінде КХДР шекарасын кесіп өткен алғашқы басшы болғанын мақтан ететінін атап өтті.


«Біздің кездесуіміздің өзі тарихи сәт...», - деді америкалық лидер Ким Чен Ынге кездесу басында. «Біз дамытып отырған қарым-қатынас көптеген адамдар үшін үлкен маңызға ие деп ойлаймын. Және бұл мен үшін үлкен абырой», - деп қосты Трамп.

Д.Трамп Солтүстік Кореяға табан тіреген АҚШ-тың алғашқы Президенті екенін тілге тиек еткен Ким Чен Ын: «Бұл, оның барлық түнеріңкі өткен шақтан арылып, жаңа келешекті ашуға дайындығын көрсетеді», - деді.

Аздаған уақыттан соң олардың жанына Оңтүстік Кореяның басшысы Мун Чжэ Ин жақындады. Үш президент келіссөздер өткізу үшін «Еркіндік үйі» ғимаратына бет алды. Ким Чен Ын мен Дональд Трамп екіжақты кездесуді жабық есік жағдайында өткізді.