Түркияда 5,3 балдық жер сілкінісі кезінде 23 адам жарақат алды

0
273

Зілзала Малатья қаласында тіркелді.


Түркияда 5,3 балдық жер сілкінісі кезінде 23 адам жарақат алды

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа жер сілкінісі салдарынан 23 адамның жараланғанын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

Апат және төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, 10 тамыз күні Түркия уақытымен кешкі сағат 20:48-де Малатьяның Йешилюрт ауданында 5,3 балдық зілзала орын алды. Тереңдігі 7 шақырымға жеткен. Дүмпу жақын маңдағы аудандарда да сезілді.

Малатья әкімі Хулуси Шахин жергілікті телеарнаға берген сұхбатында қараусыз қалған бір ғимарат қирап, бірнеше адам жарақат алғанын айтты.

Ал Ішкі істер министрі Әли Ерликая әлеуметтік желідегі парақшасында:

"Біздің топтар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Алғашқы анықтауларға сәйкес қараусыз қалған 1 ғимарат қирап, 2 ғимарат қатты зақымданған. Кісі өлімі тіркелген жоқ. Үрейленіп биіктіктен секірген 22 тұрғын жеңіл жарақат алды. Зардап шеккен азаматтарымызға шипа тілейміз. Алла елімізді түрлі апаттардан сақтасын", - деп жазба қалдырды.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожаның айтуынша, дүмпу кезінде үрейленіп биіктіктен секіріп кеткен тұрғындар қазір дәрігерлердің қарауында. Жарақат алған 23 адамның 22-сі Малатья, ал біреуі Адыяман қаласының тұрғындары.