Түркияда өрт сөндірушілер тікұшағы су бөгетіне құлады: екі қырғызстандық іздестіріліп жатыр

0
3 508

Кеше сағат 23:53-те орман өртіне жіберілген тікұшақтардың бірімен байланыс үзілген.


Түркияда өрт сөндірушілер тікұшағы су бөгетіне құлады: екі қырғызстандық іздестіріліп жатыр

ERNUR.KZ. Измирдің Мендерес ауданында орман өртін сөндіру кезінде Тахталы бөгетінен су алмақ болған тікұшақ құлады. Тікұшақта болған үш адам іздестіріліп жатыр, біреуі құтқарылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Кеше сағат 23:53-те орман өртіне жіберілген тікұшақтардың бірімен байланыс үзілген. Тексеру жұмыстары нәтижесінде тікұшақтың Тахталы су бөгетінен су алғаны және сонда құлағаны анықталған.

Бұл ауданға полиция, жағалау күзеті, AFAD (ТР Төтенше жағдайлар министрлігі) және UMKE (Ұлттық медициналық құтқару тобы) жасақтары жіберілген. Әзірге тікұшақтың екінші ұшқышы – Қырғызстан азаматы құтқарылды, ол ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.

Түркияның ауыл және орман шаруашылығы министрі Ибрагим Юмаклы оқиғаның мән-жайы мен іздестіру-құтқару жұмыстары туралы айтып берді. Әзірге тікұшақтың құлаған орны анықталды.

«Мендерестегі өрт бақылауымызға алынды. Тікұшақта болған 4 адамның үшеуі – Қырғызстан азаматтары, біреуі түрік. Әзірге бір қырғызстандық аман табылды, оның өміріне еш қауіп жоқ. Тікұшақтың құлаған орны анықталды, құтқару жұмыстары жедел түрде жүргізіліп жатыр», - деді министр.