Үйін қорғау үшін өзін өртеген ер азамат қайтыс болды

0
972

Марқұмның артында үш баласы жетім қалды.


Үйін қорғау үшін өзін өртеген ер азамат қайтыс болды

ERNUR.KZ.18 мамырда Самарқанд облысы Тайлак ауданына қарасты Сочак махалласының 33 жастағы тұрғыны үстіне бензин құйып, жер кадастры кәсіпорыны қызметкерлерінің көзінше өз-өзіне өрт қойды. Денесінің көп бөлігі күйген ол ауруханада көз жұмды, деп жазады centralasian.org.

Баласын құтқаруға талпынған 60 жастағы анасы да ауыр күйіктермен ауруханаға түсті. Куәгерлердің айтуынша, үш баланың әкесі үйін сүріп тастау туралы шешімге қарсы шыққан. Оқиға 18 мамырда, түскі сағат екі шамасында Сочак махалласында болған.

"Сенбі күні жер кадастры кәсіпорынының қызметкерлері 33 жастағы тұрғынның үйін сүруге келді. Бұның алдында ол заңсыз салынған үйін заңдастыру мақсатында тиісті органдарға құжаттарын өткізген. Бірақ мемлекеттік органдар оған қажетті құжаттарды жасап бермеген. Содан кейін ол шенеуніктердің әрекетіне наразылық ретінде үстіне бензин құйып, өзін өртеді.

Оның анасы өртеніп жатқан баласын құтқаруға ұмтылды. Екеуін де ауруханаға алып кетті. Жігіттің денесінің 80 пайызы, анасының денесінің 40 пайызы күйіп қалды. Дәрігерлер жігітті құтқарып қала алмады, сол күні кешке ол ауруханада қаза тапты. Анасы әлі жансақтау бөлімінде жатыр", – деді оқиға куәгері.

Бас прокуратура мәліметі бойынша, өз-өзін өртеу фактісіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Марқұмның артында үш баласы жетім қалды.