Үндістан ғарышқа адам тәрізді роботты ұшырады

0
348

Робот орбиталық модульдің параметрлерін бақылап, кеменің алты панелін басқарып, сұрақтарға жауап бере алады.


Үндістан ғарышқа адам тәрізді роботты ұшырады

ERNUR.KZ. Үндістан 2024 жылдың үшінші тоқсанында «Vyommitra» есімді адам тәрізді роботты орбитаға жіберуді жоспарлап отыр, деп жазады inform.kz.

ТАСС ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы Үндістанның ғылым және технология министрі Джитендра Сингх мәлімдеме жасаған.

– Бұл миссия 2024 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған және ғарыш кемесінің астронавты ғарыштық ортадағы адамның функцияларын имитациялауға және тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерімен байланыс орнатуға арналған, - деді министр.

Оның айтуынша, робот орбиталық модульдің параметрлерін бақылап, кеменің алты панелін басқарып, сұрақтарға жауап бере алады.

Робот атауы екі санскрит сөзінен, «vyom» – ғарыш және «mitra» – дос деген сөзден шыққан. Ғарышқа ұшырылғалы отырған робот әйел кейпіне еніп, бірнеше тілдегі сұрақтарға оңай жауап бере алады. Кеменің техникалық жағдайы туралы ақпарат оның жасанды интеллектіне жүктелген.

Үндістан ғарыштық зерттеулер ұйымының (ICRO) басшысы Шридхара Паникер Сомнатхтың айтуынша, Үндістан 2025 жылдың соңына қарай өзінің алғашқы адам басқаратын ғарыш кемесін ұшырмақ.

2018 жылдың тамыз айында елдің британдық отаршылдық режимінен тәуелсіздік алғанына 75 жыл толуына орай премьер-министр Нарендра Моди Үндістанның ұлы немесе қызы 2022 жылға қарай Үндістанның ұлттық туын ғарышқа желбірететінін мәлімдеді. Жобаның «Гаганян» атауы санскрит тілінен аударғанда «аспан кемесі» дегенді білдіреді. Алайда 2020 жылдың наурыз айында басталған COVID-19 пандемиясына байланысты бұл жоба бойынша жұмыс тоқтатылды.

Бұл миссия сәтті аяқталғаннан кейін орбитаға әйел экипажын шығару жоспарланған болатын. Сондықтан да болар, үнділік ғарыш агенттігі ғарышта әйел кейпіндегі алғашқы адам тәрізді робот жасауды ұйғарды. Дегенмен, әзірге Үндістанның алғашқы ғарыштық миссиясына негізгі үміткер ретінде 4 адам ғана таңдалды. Ғарышкерлердің аты-жөні әлі жарияланған жоқ, бірақ олардың барлығы әуе күштерінің бұрынғы ұшқыштары екені белгілі. Үміткерлер Ресейдегі Юрий Гагарин атындағы ғарышкерлерді даярлау орталығында дайындықтан өткен.