Жапония мен Кореяға қуатты тайфун жақындап келеді

0
645

Қазіргі уақытта мамандар оның күшін «өте күшті» деп бағалап отыр.


Жапония мен Кореяға қуатты тайфун жақындап келеді

ERNUR.KZ. Миллиондаған жапондық дереу эвакуация туралы бұйрық алды. Сонымен қатар, 11 префектурадағы тағы алты миллион адамға эвакуациялануға кеңес берілді, деп жазады baq.kz.

7 қыркүйекте қуаты күшті «Хайшен» тайфуны Оңтүстік Корея мен Жапонияға жақындады. Жапонияның оңтүстік-батысында орналасқан алты префектурадағы 1,6 миллионнан астам адам дереу эвакуация туралы бұйрық алды. Ал Кореяда мыңнан астам адам эвакуацияланды, деп хабарлады Reuters.

Дүйсенбі күні 8.30-да (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 05:30) эвакуация туралы бұйрықтар Фукуока, Сага, Нагасаки, Кумамото, Оита және Кагосима префектураларына берілді.

Эвакуация туралы ескертулер Жапонияның 11 префектурасындағы 6 миллионға жуық адамға берілді.

Шенеуніктер қатты жаңбыр, қатты жел және тайфун әкелетін жоғары толқындар туралы ескерту жасауда.

Метеорологтар дүйсенбі күні таңертеңгі сағат 6-да «Хайшен» Цусима қаласынан (Нагасаки префектурасы) оңтүстік-батысқа қарай 40 км жерде теңізде болғанын хабарлады. Орталықта желдің күші секундына 40 метр, екпіні секундына 60 метрге дейін жетеді.

Қазіргі уақытта мамандар оның күшін «өте күшті» деп бағалап отыр. Кюсю аралында кемінде жиырма төрт адам жарақат алған.

Кюсю мен Сикоку аралдарын елдің қалған бөліктерімен байланыстыратын 579 ішкі рейс тоқтатылды. Кюсю аймағындағы 464 мың үй және Ямагути префектурасындағы 47 мың 900 үй жарықсыз қалды.

Ал Оңтүстік Кореяда тайфун Ульсан қаласына жеткен. Бұған дейін елде 1000-ға жуық адам эвакуацияланды, 10 әуежайда 300-ден астам рейс тоқтатылды. Күшті желдің салдарынан Корея түбегінің оңтүстік шетіндегі 5000-ға жуық үй, соның ішінде сенбіден бері 473 мм-ден астам жауын-шашын түскен Чеджу курорттық аралы электроэнергиядан ажыратылған.