​Жолаушы 26 жасөспірім қызды секс-құлдықтан құтқарып қалды

0
3 864

Айта кетейік, пойыздағы 26 жасөспірім қыздардың жасы 10-14 аралығында.


​Жолаушы 26 жасөспірім қызды секс-құлдықтан құтқарып қалды

иллюстрациялық фото: vyatkakirov.ru

ERNUR.KZ. Жолаушы өзі отырған вагондағы 26 жасөспірім қыздың жағдайын байқап, твиттер арқылы хабарлама беруі нәтижесінде оларды құтқарып қалды, деп жазады life.ru.

Үндістандық Адарш Шривастава пойызда жолаушылап бара жатып, өзі отырған вагондағы бір топ жасөспірім қыздардың қорқып, жылап кетіп бара жатқанына жіті назар аударған. Қайда кетіп бара жатқанын білмейтін қыздардың жағдайына алаңдаған ол «Твиттерде» хабарлама жариялаған.

«Мен Avadh express (19040) пойызында № 5 вагонда жолаушылап барамын. Мен отырған вагонда 26 қыз кетіп барады. Бәрі де жасөспірім, кейбіреуі жылап отыр. Бұл жағдай күдікті, адам саудасына қатысы бар болуы мүмкін» деген ол өз хабарламасында.

Келесі бір хабарламасында жолаушы ер-азамат пойыздың бағытын көрсетіп, теміржолшылардан көмек сұраған. Олар жолаушының хабарламасына бірден назар аударып, жол полициясына хабарлама жіберген.

Нәтижесінде бірнеше аялдамадан соң қыздар мінген пойызға полицейлер келіп, екі ер-азаматты ұстайды. Олар расында адам саудасымен айналысатындар болып шыққан. Қыздарды секс-құлдыққа сатуға апара жатқан деген күдік бар.

Айта кетейік, пойыздағы 26 жасөспірім қыздардың жасы 10-14 аралығында. Қазір бәрі де қауіпсіз жерде, Үндістан билігі олардың ата-аналарын іздестіруде.

«Твиттер» желісінің қолданушылары Адарш Шривастаның бұл әрекетін батырлыққа балап алғыс айтып жатыр. Ал ол бұл ісінде тұрған ештеңе жоқ екендігін, бұл әрбір азаматтың парызы екендігін айтуда.