1 сәуірден бастап ең төменгі зейнетақы қанша болады

0
3 019

Қалай есептеледі?


1 сәуірден бастап ең төменгі зейнетақы қанша болады

2020 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері 40 441 теңгені құрайтын болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

1 сәуірден бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Мемлекет басшысының биылғы 31 наурыздағы тапсырмасына сәйкес, зейнетақылар мен мемлекеттік жәрдемақыларды жылдық тұрғыда 10%-ға индексациялауды жүргізді.

Нәтижесінде, ағымдағы жылы, зейнетақы екі рет көтерілді.

Мәселен 2020 жылдың 1 қаңтарынан инфляцияның болжамды деңгейі ескеріле отырып, базалық зейнетақыға 5%, ал жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдеріне 7% (инфляция деңгейінен 2%-ға артық) кезекті рет жыл сайынғы индексация жасалды.

2020 жылдың 1 сәуірінен жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдері 2020 жылға дейін тағайындалғанымен қоса осы жылғы 1 қаңтар мен 31 наурызда бекітілген бөлігі 5%-ға жоғарылады.


Бірінші мысал: ер адамға 18.11.2019 жылдан бері 43 000 теңге ынтымақты зейнетақы тағайындалды делік. Оның зейнетақысы жыл сайынғы қайта есептеу аясында 2020 жылдың 1 қаңтарынан қаңтарынан 46 010 теңгені құрады. 2020 жылғы 1 сәуірден болса, аталған ынтымақты зейнетақы 5% өсіп, 48 311 теңге болады (46 010+5%=48 311).


Екінші мысал: әйел адамға 12.03.2020 жылдан 52 000 теңге тағайындалды деп алайық. 2020 жылғы 1 сәуірден, 5% өсімді ескерсек, бұл ынтымақты зейнетақы 54 600 теңгені межелейді (52 000+5%=54 600).

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлеміне келер болсақ, ол «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 4-бабына сай, 2020 жылдың 1 сәуірінен ең төменгі күнкөріс деңгейінің жаңа сомасы бойынша пайыздық мөлшерде айқындалады.


Мысал: ер адамға 20.12.2019 жылдан бері 26 729 теңге немесе күнкөріс деңгейінен 90% базалық зейнетақы тағайындалды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан оның мөлшері, күнкөріс деңгейінің жыл сайынғы өсімін назарға алсақ, 28 065 теңгені көрсетіп, 2020 жылдың 1 сәуірінен 29 402 теңгені құрайды (биылғы 1 сәуірден ең төменгі күнкөріс деңгейі 32 668 теңге болып бекітілді, оның 90%-ы=29 402).


Осы орайда, «2020-2022 жылдардағы республикалық бюджет туралы» заңына енгізілген өзгертулерге сәйкес, 1 сәуірден бастап ең төменгі зейнетақы мөлшері 40 411 теңге болды.

Тиісті қадамдар 2,2 миллионнан астам зейнеткерді қамтиды.

дереккөз: gov.kz