Қалалық тұрғындар 20 жылдан бері дәретханасыз үйде тұрып келеді (фото, видео)

0
2 276

Қала тұрғындары қоқыс толы көшеде тұруға мәжбүр


Қалалық тұрғындар 20 жылдан бері дәретханасыз үйде тұрып келеді (фото, видео)

ERNUR.KZ. Жетісай қаласының тұрғындары қоқыс толы көшеде тұруға мәжбүр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Жетісай ауданының орталығы - Жетісай қаласының тұрғындары қоқыс толы көшеде тұруға мәжбүр. Ол аз дегендей көпқабатты тұрғын үйде тұратын жетісайлықтар 20 жылдан бері дәретханасыз тұрып келе жатыр екен. Есесіне, әр пәтердің иесі аулаға бір-бір әжетхана орнатып алған. Амалы құрығандар бұған әбден көндігіп үйренісіп кеткендігін айтады. Бар мәселе канализация құбырларының дұрыс жүргізілмеуінен дейді тұрғындар.

Ал әкімдік болса, Жетісайдағы көпқабатты тұрғынүйдің басым бөлігінде канализация жүргізіліп қосуға ыңғайластырып қойғанын айтып аузын құр шөппен сүртуде. Ал осы кезде көпқабатты үй тұрғындары өз беттерімен үйдегі канализация суы ағатын арық қазып, өз проблемаларын өздері шешпекке әрекет жасапты.

"Беті ашық септиктерден шыққан сасық иіс пен арықтарды жауып қалған қалың сора жауаптылардың қаперіне де кірмейді. Аудандық әкімдік те, СЭС те мәселеден хабардар болса да, бір рет ат басын бұрып нақты шараларды қолға алған емес", - деп ренжиді тұрғындар.

Сондай-ақ, канализациядан шыққан сасық пен даладағы дәретханаларға мұндағы қордаланған қоқыс иісі қосылып қолқаңды қабады. Антисанитария жағдайы дерсіз. "Садовая" аталып кеткен Жетісай қаласындағы қалашықта арнайы қойылған бокстарға жиналған қоқыс өртеніп өрт сөндіру қызметін шақыртқан кездер аз болмайтын көрінеді.

Айсұлу Батыршаева, Жетісай қаласының тұрғыны: "Мына қоқыс тастайтын бокстар тура газ құбырына тақап орнатылған. Өткенде өрт шығып масқара, пожарниктерді шақыртып әлек болдық. Осы бокстарды құртса екен. Қоқыс жәшіктеріне жеткісі келмеген жұрт боксты толтырып тастайды. Үй маңы қоқыстан көрінбейтін кез көп болады. Ауламызды өзіміз ақ тазалаймыз ғой. Қоқысты дер кезінде тазалап өтсе екен жауаптылар", - дейді.

Ал Жетісай ауданы әкімдігі көп қабатты тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып отыр.

"Жалпы Жетісай қаласының аумағында көпқабатты 109 тұрғынүй бар. Оның үшеуі 2014 жылы күрделі жөндеуден өткізілген. Модернизациялауға байланысты осы үш үйдің екеуінде қазір үй ішінен дәретхана орнатылды. Канализация толық іске қосылғанда аулалардағы әжетханалар сүріледі. Ал үшінші үй тұрғындары модернизациялаудан бас тартты. Себеп - қалталары көтере алмауы. Өйткені, ол үшін әр пәтердің иесі жүз мың теңгеге жуық ақша төлеуі керек. Негізінде, модернизациялаудан көпқабатты тұрғын үйлер кезеңімен өтетін болады", - дейді Жетісай ауданы әкімінің кеңесшісі-баспасөз қызметінің жетекшісі Айдар Сейдазымов.

Айта кетейік, көп қабатты тұрғын үйлері жиырма жылдан бері дәретханасыз отырған Жетісай қаласында қазіргі аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев бас-аяғы он шақты жыл әкім болған. Сол кезеңдерден бері көзжұмбайлықпен созылып келе жатқан бұл мәселе жақын уақытта оң шешімін табатынына әкімдік өкілі сенім білдірді.