Кредитті төлей алмасаңыз не істеу керек?

0
5 058

Қарыз алушылардың назарына: кредит бойынша өз міндеттемелеріңізді орындай алмасаңыз, не істеу керек​.


Кредитті төлей алмасаңыз не істеу керек?

Қаржылық жағдай нашарлауы мүмкін түрлі күтпеген жағдайлардан ешкім сақтандырылмаған. Жағдайлар әртүрлі: жұмысынан айрылу, жалақының төмендеуі, денсаулыққа қатысты проблемалар — бұл кез келген адамның басына түсуі мүмкін. Соның салдарынан кредитор алдында өзінің қаржылық міндеттемелерін орындаудың мүмкін еместігі туындайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ fingramota.kz-ке сілтеме жасап.

Қандай қадамдар жасау керек және сіздің қарызыңызды реттеу туралы не білуіңіз керек.
Кредитті төлей алмасаңыз не істеу керек?
Мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушы - жеке тұлғалар өз кредиттерін немесе микроқарыздарын қайта құрылымдау мәселелерін тікелей кредиторлармен шеше алады. Қазақстандықтар мұндай мүмкіндікті 2021 жылы алды.
Мәселен, ҚР Заңнамасына енгізілген түзетулерге сәйкес 2021 жылғы 1 қазаннан бастап кредиттік ұйымдардың (банктің немесе микроқаржы ұйымының) қарыз алушы жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай құқықтық режимі енгізілді. Осы режимге сәйкес кредиторлар қарыз алушыны туындаған мерзімін өткізіп алу туралы мерзімі өткен сәттен бастап 20 күнтізбелік күн ішінде хабардар етуге міндетті.
Хабарламада кредиторлар қарыз алушыны туындаған мерзімін өткізіп алудың нақты мөлшерін көрсете отырып, төлемдер енгізу қажеттігі туралы хабардар етуге, олардың өздеріне жүгіну құқығы және кредиттер мен микроқарыздар бойынша өз міндеттемелерін орындамау салдары туралы айтуға тиіс.
Егер қарыз алушының кредит бойынша мерзімі өткен берешегі болса, ол мерзімі өткен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде кредитті қайта құрылымдау үшін жазбаша өтінішпен немесе шартта көрсетілген басқа тәсілмен қызмет көрсететін қаржы ұйымына жүгінуі керек.
Қарыз алушы өз өтінішінде мыналарды көрсетуі қажет:
1. Өз міндеттемелерін орындамау себебі. Қолыңызда өз қаржылық жағдайыңыздың нашарлауын растайтын құжаттардың болуы маңызды.
2. Міндеттемелерді орындау бойынша өз нұсқалары. Қарыз алушы кредиторға, мысалы: сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгертуді, төлемді кейінге қалдыруды, шарттың қолданылу мерзімін, өтеу әдісін өзгертуді, мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіруді, айыпақыны (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) жоюды, өзінің қаржылық жағдайын ескере отырып, жаңа төлем кестесін жасауды немесе кепіл мүлкін өз бетінше сатуды ұсына алады.
Банк қарыз алушының өтінішін қабылдауға, ҚР заңнамасына сәйкес 15 күнтізбелік күн ішінде тіркеуге және қарауға және мыналар:
1) шарттың талаптарына сіз ұсынған өзгерістерді қабылдай отырып, келісу;
2) шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын беру;
3) себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып бас тарту жайлы қабылданған шешім туралы жауап беруге міндетті. Алғашқы екі тармақ бойынша шешім қабылдаған кезде кредитор күнтізбелік 15 күн ішінде шарттың талаптарына өзгерістер енгізеді. Шарттың талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген кезде қарыз алушы Агенттікке жүгінуге құқылы.
Егер сіз ипотекалық кредит үшін төлем жасамасаңыз не болады?
Егер қарыз алушы ипотеканы төлеу жөніндегі өз міндеттемелерін орындамаса, кредитор кепіл мүлкін соттан тыс не сот тәртібімен сата алады. Кепіл ұстаушы борышкерге жылжымайтын мүлікті соттан тыс тәртіппен өткізуді жүргізудің басталғаны, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікке сот тәртібімен өндіріп алу мүмкіндігі туралы хабарлама жіберуге міндетті.
Кепіл беруші жылжымайтын мүлікті өткізуді жүргізудің басталғаны туралы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде кепіл ұстаушының алдында көрсетілген мүлікті дербес өткізу туралы өтінішхат беруге құқылы. Ипотека туралы Заңның 20-1-бабына сәйкес 2022 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда кепіл ұстаушының өтінішхаты бойынша кепіл берушіге кепіл мүлкін ең төмен бағадан төмен емес бағамен үш ай ішінде дербес өткізу мүмкіндігін беру міндеті енгізілді.
Кепіл ұстаушы белгілейтін кепіл мүлкін өткізудің ең төменгі бағасы жасалған күнінен бастап 6 айдан аспайтын уақыт өткен бағалау туралы есепте көрсетілген бағалау құнының 75%-ын құрауға тиіс. Бағалау ҚР бағалау қызметі туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Дербес өткізудің ең ұзақ мерзімі тараптардың келісімі бойынша белгіленеді. Кепіл ұстаушы ипотеканы дербес өткізу мүмкіндігін беру туралы хабарламаған жағдайда, кепіл беруші, яғни қарыз алушы кредиторға өз өтінішхатын жіберген күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң мүлікті ең төмен құнынан төмен емес құны бойынша үш ай мерзімде дербес өткізуге құқылы. Егер кепіл беруші ипотеканы көрсетілген мерзімде сата алмаса, онда кепіл ұстаушы кепіл мүлкін соттан тыс (сауда-саттық жүргізу) не сот тәртібімен сатуға құқылы.
Кепіл мүлкіне сауда-саттық жүргізу. Ипотеканы соттан тыс тәртіппен өткізу сенім білдірілген адам ұйымдастыратын кепіл мүлкіне сауда-саттық жүргізу арқылы жүргізіледі. Сенім білдірілген адамды тараптар ипотека шартында немесе ипотеканың нысанасын соттан тыс тәртіппен өткізу кезіндегі келісімде айқындайды. Егер 30 күнтізбелік күн өткеннен кейін сенім білдірілген адам тараптардың келісімімен айқындалмаса, оны кепіл ұстаушы тағайындайды.
Сенім білдірілген адам жылжымайтын мүлікті соттан тыс тәртіппен сатуды жүргізудің басталғаны туралы хабарламаны жасайды, оны ипотека тіркелген органда тіркейді және оны кепіл берушіге жолдайды.
Хабарламада мынадай мәліметтер болуға тиіс:
  • кепіл беруші және кепіл ұстаушының деректері;
  • борыштың және барлық өзге алымдар мен шығыстардың сомасы;
  • кепіл берушінің (жеке тұлғаның) хабарлама тапсырылған немесе алынған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде кепіл ұстаушының алдында жылжымайтын мүлікті дербес өткізу туралы өтініш жасау құқығы туралы талап;
  • сенім білдірілген адамның аты (атауы), тұрғылықты жері (орналасқан жері) және телефон нөмірі.
Егер қарыз алушы құқықты пайдаланбаса немесе белгіленген мерзімде жылжымайтын мүлікті өз бетінше сата алмаса, онда сенім білдірілген адам хабарлама тапсырылған немесе жіберілген кезден бастап күнтізбелік отыз күннен ерте емес мерзімде кепіл мүлкіне бағалау жүргізеді және кепіл ұстаушыға және кепіл берушіге бағалау туралы есеп пен кепіл мүлкіне сауда-саттық туралы хабарлама жібереді.
Егер сауда-саттық өткізілмеді деп жарияланған болса кепіл ұстаушы кепіл мүлікті өзінің ағымдағы бағалау құны бойынша өз меншігіне айналдыруға не жаңа сауда-саттық тағайындауды талап етуге құқылы. Ипотека туралы заңның 37-бабына сәйкес мүлікті соттан тыс сату, дербес, сондай-ақ кепіл мүлкін кепіл ұстаушының меншігіне айналдыру кезінде ипотеканың тоқтатылуымен бір мезгілде негізгі міндеттеме де тоқтатылады.
Кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті сот тәртібімен сату. Бұл рәсім кепіл ұстаушының талап арызы бойынша шығарылған сот шешімімен жүзеге асырылады. Ипотека шарты бойынша кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті өндіріп алу туралы шешім қабылдаған кезде сот шешімде:
  • кепілге қойылған мүліктің құнынан кепіл ұстаушыға төленетін барлық сомаларды;
  • бағалауға сәйкес кепілге қойылған мүлікті сату кезіндегі оның бастапқы бағасын айқындап, көрсетуі тиіс.
Сот орындаушысы мүлікті сот тәртібімен сатқанға дейін қарыз алушыға кепілге қойылған мүлікті бағалау туралы есеп жібереді және тұрғын үйді (оның жазбаша өтініші бойынша) 3 айдан аспайтын мерзімде құрылғанына бір жылдан аспайтын уақыт өткен бағалау туралы есепте көрсетілген оның бағалау құнының 75 %-нан төмен болмайтындай бағамен өз бетінше сату құқығын береді.
Тыйым салынған кепілге қойылған мүлікті өз бетінше сату құқығын борышкер бір атқарушылық іс жүргізу бойынша бір реттен жиі емес пайдалана алады. Ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті сату көпшілікке ортақ сауда-саттық арқылы жүзеге асырылады.
Электрондық сауда-саттық қалай өтеді? 2021 жылғы желтоқсанда ипотеканы сот арқылы сату шеңберінде сауда-саттық рәсімін жетілдіруге бағытталған түзетулер қабылданды. Атқарушылық iс жүргiзу туралы заңның 80-бабының 3-тармағына сәйкес электрондық аукцион борышкердің мүлкін өткізуге беру туралы қаулыда көрсетілген бағалау құнынан белгіленген қадаммен мүліктің құнын көтерумен басталады. Егер электрондық аукционға қатысушылардың бірде-бірі сауда-саттықтың алдын ала белгіленген қадамын қолдау арқылы мүліктің құнын арттырмаған жағдайларда, онда аукцион өтпеді деп танылады. Бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан өткізілетін сауда-саттық бірінші аукцион өткізілген күннен бастап 10 жұмыс күні өткеннен кейін қайта тағайындалады.
Еске салайық, бұған дейін бағаны төмендетуге бағытталған аукциондар баспананы мәлімделген құнынан артық бағаға сатып алғысы келетіндер болмаған жағдайда бірден өткізілген болатын.
Енгізілген түзетулерге сәйкес, кепіл ұстаушыға, онымен үлестес тұлғаларға және оның қызметкерлеріне, сондай-ақ сот орындаушысына, бағалаушыға, олардың жақын туыстарына, жұбайына (зайыбына) соттан тыс, сондай-ақ сот тәртібімен де сауда-саттыққа қатысуға тыйым салынды.
Анықтама: Кепіл ұстаушы –негізгі міндеттеме бойынша талабы кепілмен қамтамасыз етілген адам, яғни кредитор. Кепіл беруші – жылжымайтын мүлкі не ондағы үлесі ипотека нысаны болып табылатын адам. Борышкер немесе үшінші адам кепіл беруші ретінде әрекет ете алады.
Сенімді тұлға – ипотеканы соттан тыс тәртіпте өткізетін адам. Ипотека туралы заңның 37-бабының 2-тармағына сәйкес, ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша жылжымайтын мүлікті өткізгеннен кейін қалған берешек мынадай жағдайларда есептен шығарылуға тиіс:
  • ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты жасалатын уақытта және сот тәртібінде өндіріп алу күні кепіл мүлкі негізгі міндеттемені толығымен қамтамасыз етсе;
  • борышкер-жеке тұлғада өндіріп алуға болатын, жалақының екі еселік ең төменгі мөлшерінен асатын басқа мүлік не кірістері болатын болса.
Сондай-ақ, бұл норма бұрын жасалған ипотекалық қарыз шарттарынан туындаған, орындалмаған ақшалай міндеттемелер бойынша құқықтық қатынастарға қатысты қолданылады. Жылжымайтын мүлік сот тәртібінде өткізілгеннен кейін қалған берешекті есептен шығару үшін қарыз алушыға өзінің кредитор-банкіне жүгіну қажет.
Осы тақырып бойынша сұрақтарыңыз болатын болса, консультация алу үшін агенттіктің Call-орталығына немесе «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы арқылы жүгіне аласыз, оны мына сілтемелер бойынша жүктеп алуға болады.
  • App Store-да: https://apps.apple.com/kz/app/fingramota-online/id1134502211;
  • Play Market-те: https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.nationalbank.appeals.
Сонымен бірге, мобильдік қосымшаның веб-нұсқасы қолжетімді: http://online.fingramota.kz/ru .