Медсақтандыру жүйесінде тіс емдеу, көзге операция жасау, ПТР-тест тапсыру қызметі бар ма?

0
3 596

Қазақстанда 15,9 млн адам әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мүшесі ретінде тіркелген.


Медсақтандыру жүйесінде тіс емдеу, көзге операция жасау, ПТР-тест тапсыру қызметі бар ма?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүйесінде сақтандыру мәртебесі бар азаматтар ақылы клиниканың маманына қаралуына толықтай мүмкіндігі бар. Тек барлығы сіз бен біз ойлағандай әп-сәтте болмайды. Бүгінде қазақстандықтардың басым бөлігі сырқаты сыр берсе, мемлекеттік емес, жеке меншік медициналық мекеменің көмегіне жүгінуді жөн көреді. Оған себеп те аз емес. Медицина саласындағы күрделі жүйе науқасты бір дәрігерден екіншісіне жүгіртіп мезі қылатындықтан, көбі нақты маманға қаралуға ниетті.


Ақылы клиника жолдамасыз қабылдамайды

Дамыған елдерде қолданылатын медициналық сақтандыру жүйесі елімізге енгізілген кезде көпшілік дәрігерге тез арада қаралудың тиімді тетігі пайда болды деп топшылады. Ал іс жүзінде көп дүние өзгере қойған жоқ.

Яғни, ӘМСҚ жүйесі арқылы ақылы емхананың тегін көмегіне жүгінуді көздеген тұлға, мекемеге аяқ баспай тұрып, алдымен өзінің учаскелік дәрігерінен жолдама алуы керек.

«Сақтандырылған азамат клиникаларды қордың тізімінен таңдай алады. МӘМС жүйесінде тегін мемлекеттік медициналық қызметтер көрсететін мекемелердің тізімі қордың сайтында жарияланған. Бірақ ол жерден көмек алу үшін міндетті түрде өзінің учаскелік дәрігерінің жолдамасы болуы қажет», - дейді ӘМСҚ заңды және жеке тұлғалармен жұмыс департаментінің директоры Зәбира Оразалиева.

Науқас дәрігердің қабылдауын 10 күннен артық күтпеуге тиіс

Елдегі емханаларда дәрігерден жолдама алмас бұрын, алдымен оған қалаған уақытыңда жазылудың өзі оңай шаруа емес. Қазақстандықтар емхана дәлізінде өз кезегін сағаттап күтпегенімен, учаскелік терапевтінің қабылдауын апталап күтетіні бар. Ал, невропатолог сынды тапшы мамандарды кейде бір айлап күтуге де мәжбүр. МӘМС жүйесі осы олқылықты жоюға сеп бола ма деген едік. Бірақ қор өкілі бұл проблеманың жергілікті әкімдіктегі денсаулық сақтау жүйесінің ішкі саясатына қатысты екендігін айтты.

«Қор медициналық қызметтердің ақысын төлеу үшін ғана құрылған. Былайша айтқанда, ол әрбір медициналық клиниканың ішкі жұмысына араласуына еш құқығы жоқ», - деді Зәбира Оразалиева.

Айта кететін бір жайт, заңнамаға сәйкес науқас дәрігерге жазылғаннан кейін, оның күту мерзімі 10 күннен аспауға тиіс. Бірақ кейбір мемлекеттік медициналық мекемелердегі кадр тапшылығына байланысты жергілікті тұрғындар маманды ұзақ күтуге мәжбүр.

Алайда медициналық қызметтерге көңілі толмаған тұлғалар үшін қор Call-орталығын іске қосқан. Азаматтар тарапынан шағым түскен жағдайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өз тарапынан тексеріс жүргізетінін айтты.

Науқасқа қажетті мамандар мен медициналық қызметтер клининканың ішінде бар болса, ол сол жерде ем-домын алуы тиіс. Ал, мекемеде қажетті маман жоқ болған жағдайда, науқас қордың келісімшарт жасасқан кез келген клиникасын таңдауға толық құқығы бар.

Жалпы қазір ӘМСҚ респбулика бойынша 1373 медициналық мекемемен келісім жасасқан. Оның ішінде 669-ы жеке меншік клиникалар, ал 704-і мемлекеттік мекемелер.

Сақтандырылмаған азаматқа тегін операция жасалмайды

ӘМСҚ жүйесі арқылы нақты қандай медициналық көмектердің көрсетілетінін бірі білсе, бірі біле бермейді. Осыған дейін тегін көрсетілген қызметтер тізімі аса өзгерген жоқ. Мәселен, МРТ, КТ, УДЗ (УЗИ) сынды диагностикалық зерттеулер бұдан былай қор есебінен төленеді. Қаржыландыру тәсілі оңтайландырылғанымен, қызметті көрсету жүйесінің өзгерген түгі де жоқ. Өйткені, сақтандырылған науқас аталған қызмет түрлерін тегін алуды көздесе, жолдама алғаннан кейін, қалай болғанда да бұрынғыдай кезегін күтуге мәжбүр. Қор өкілі Забира Оразалиева ӘМСҚ жүйесі арқылы көрсетілетін қызметтерді тізіп шықты.

«Амбулаториялық жағдайлардағы медициналық көмек, стационарды алмастыратын жағдайдағы медициналық көмек, сондай-ақ елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына әкелетін аурулар кезінде және оларға күдік туындаған жағдайда үйдегі стационар қызметі де қор есебінен қаржыландырылады. Стационарлық жағдайдағы медициналық көмек, медициналық оңалту, потологиялық-анотомиялық диагностика, қайтыс болғаннан кейінгі донорды дайындау, ауруханада жатқан науқасты дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен және препараттармен қамтамасыз ету де осы МӘМС жүйесі арқылы көрсетіледі», - деді Забира Оразалиева.

Сонымен қатар, жоспарлы түрде тегін жүзеге асырылатын тегін операциялар да қор есебінен қаржыландырылады. Алайда, Қор сақтандарылмаған азаматтарға бұдан былай бұл қызметті тегін көрсетпейді.

«Жоспарлы түрде кез келген медициналық қызметке қол жеткізу үшін сақтандырылу қажет. Тегін операция тек шұғыл түрде жасалады», - деді ӘМСҚ заңды және жеке тұлғалармен жұмыс департаментінің директоры.

Стоматологиялық және лазерлік операция қызметтері бар ма?

Шетелдік клиникалардың көмегіне жүгінуді қалайтын азаматтардың шығынын қор қаржыландырмайды. Сондай-ақ, өзге елден маман тарту да жаңа жүйеде қарастырымаған.

Бүгінде тіс емдеу мәселесі елімізде қымбат қызметтің қатарына кіретіні жасырын емес. Ірі қалалардағы стоматологиялық қызметтің ең арзан дегені 10 мың теңгеден басталады. МӘМС жүйесінде белгілі санаттағы адамдар ғана тісін тегін емдетуіне мүмкіндігі бар. Нақтырақ айтқанда, олар: жүкті әйелдер, 18 жасқа дейінгі балалар, ҰОС ардагерлері, 1,2,3 топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, зейнеткерлер, мүгедек балаға күтім жасайтын тұлғалар. Ал қалған азаматтарға бұл қызмет түрі тек ақылы түрде көрсетіледі. Өйткені, тіс ауруы заңнамаға сәйкес тегін көрсетілетін медициналық қызметтер пакетіне кірмейді.

Қазір көз жанарын қайта қалпына келтіру үшін лазерлік операциялардың көмегіне жүгінетіндер саны артып жатыр. Бірақ бұл қызмет түрі де ӘМСҚ жүйесінде жоқ.

Көпшілік ПТР-тесті де шұғыл қажеттілік туындағанда ақылы зертханаларға барып тапсыратыны анық. Коронавирусқа нақты күдік болмаса, Медсақтандыру қоры арқылы ПТР-тестін тегін тапсыра алмайсыз.

Қор мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға шамамен 550 млрд теңге аударылды. Оның ішінде 297,6 млрд теңге мемлекеттік бюджеттің есебінен бөлінді. Жұмыс берушілердің өз қызметкерлері үшін аударымдарының жалпы сомасы 162,6 млрд теңгені, ал жеке тұлғалар жарналарының үлесі 16%-ды құрады. Бүгінде 15,9 млн қазақстандық әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мүшесі ретінде тіркеліп үлгерді. Алайда, 3 млн астам азамат әлі сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр.

Дереккөз: Azattyq Rýhy