Мұғалімдер мектептен неге "қашады"?

0
5 159

Жалақысы үшін бе әлде жұмысы ауыр ма?


Мұғалімдер мектептен неге

Жыл сайын ЖОО бітірген 40 мыңнан астам түлектің ¼ ғана білім беру мекемелеріне мамандық бойынша жұмысқа орналасады екен. Ал қалған мамандар қайда? 4 жыл алған білімін сарп етіп қай салада қызмет етіп жүр?

"Мектептен қашқан" мұғалімдердің өзімен ERNUR.KZ сайтының тілшісі тілдесіп қайтты.


Қолында мұғалімдік дипломы бар мамандар тек мектепте ғана қызмет ете алады деген сөз емес. Үздік ұстаздар ақылы оқу орталықтары мен балаларды дамыту ұйымдарына да керек. Қазіргі таңда педогогтардың басым бөлігі түрлі оқу орындарында жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік мектеп пен жекеменшік мекеменің қызметі бір. Екеуіде балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беруге тиіс. Атқаратын қызметі бір болса да, көп мұғалімнің мектептен баз кешуі бекер емес екен. Жекеменшік оқу ордасының бірнеше мұғалімімен тілдесіп көрген едік. Олардың айтуынша, мектептен қарағанда жекеменшік мекемелерде жұмыс істеу әлде қайда тиімді көрінеді.


Сонымен мұғалімдер неге мектепте жұмыс істегісі келмейді?

- Мемлекеттік мектепте бір сыныпта 30 оқушы отырады. Айналдырған 40 минутта оларға сабақ түсіндіріп, үй жұмысын сұрап үлгермейсің. Үлгерімі жақсылар алып кетеді, қалған оқушылар үшін артық жауапкершілік арқалайсың. Олардың оқымағаны үшін басшылықтан сөз естисің. Одан қалса, жоғарғы сыныптың оқушыларының өзі сенің сөзіңді тыңдай қоюы екіталай. Ол кезде тек жүйке-жүйең құртылады. Ал оқу орталықтарында бір топта 7-8 ғана баладан отырады. 60 минут уақыт олармен жұмыс істеуге жеткілікті. Жетпей жатса қосымша алып қаласың, сұрағанына жауап беріп, соңында нәтижесін көре аласың. Оның үстіне оқушылар қосымша оқу орталықтарына ата-анасының ақшасы кеткенін біліп, ақтауға тырысады. Ал мектепте тегін берілген білімнің құны болмайды, - дейді Шымкентте жекеменшік оқу орталықтың бірінде математика пәнінен сабақ беретін Р.Бектарова.

Ал мектепте 13 жылдан аса ағылшын тілінде сабақ беріп, кейіннен қосымша оқу орталықтарында қызмет ете бастаған А.Қанат:

- Мектептерде 18 сағатқа, орташа есеппен 90 000 теңге беріледі. Ол қазіргі таңда толық қажетіңді өтемейді. 36 сағат алып екі есе ақша табуыңа да болады. Ол үшін темірдей төзім болу керек. Отбасың, өзің үшін де уақытың қалу керек қой. Қосымша білім беру орталықтарында саған келген бала санына қарай жалақыңды аласың. Орташа есеппен 180 000 теңге табасың. Одан бөлек, қосымша репетитор болып та табыс тапсаң болады, - дейді.

Оқуын енді аяқтаған Г.Құдайбергеновтың айтуынша, қазір мектепте жұмысқа тұру үшін танысың болуы керек екен.

- Мектепке жұмысқа тұру үшін де жақсы танысың болу керек. Болмаса басшылыққа беретін қомақты қаржың болуы қажет. Оңтүстікте мектепке кіру үшін кемі 700-800 мың сұрайды. Беретін сағатын айтып саудаласады. Ол белгілі жай. Жаңадан оқуды аяқтаған менің қалтамда ондай қаражат болмады. Сосын түйіндемемді жеке оқу орталықтарына жіберіп, жұмысқа шақырту алдым, - дейді.

Мектепте бастауыш пәнінің мұғалімі болып 20 жыл бойына қызмет еткен Р. Абдиева:

- Мен мұғалім болуды бала кезден армандадым. ЖОО-нын аяқтаған соң мектепке жұмысқа кірдім. Содан бері 20 жыл өтті. Осы уақыт ішінде өзім де көп дүниені үйрендім. Оқушыларымның әр қайсысы мен үшін бір бөлек. Мектеп бітіріп кеткен балаларым қазір жоғары қызметте. Ұстаздар күнінде гүлдерін құшақтап алып, алғыстарын айтып келеді. Соның өзі неге тұрады. Сен бір баланы оқытып, тәрбиелеп тұлға етсең, шәкіртіңнің жетістігі үшін қалай қуанбайсың? Ол өз кәсібіңнен ләззат алу емес пе? Мектепте сол баланың бұзықтарын еске алып, жетістіктерін естіп марқаясың. Сол сәтте өз еңбегіңнің жемісін көргеніңді сезінесің. Мектепте мұғалім болғаным үшін өкінген емеспін. Бұрынғыдан қарағанда, қазір қағазбастылық, қосымша жұмыстар азайды. Баламен жұмыс істеуге мүмкіндік көп. Аз ғана уақытта алдыңа келген 20 балаға білгеніңді үйретіп, сұрағанын бере алсаң ол сенің біліктілігіңнің жоғары екенін көрсетеді. Жалақы да жыл сайын көбейіп келеді. Шүкір, қазір мұғалімдерге бар жағдай жасалған. Тек жұмыс істеймін деген құлшынысы бар болса болғаны. Мен өз мектептегі қызметімді басқа жермен алмастырмас едім, - дейді.


"Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен қымбат. Өйткені мұғалім - мектептің жүрегі", - деген Ы.Алтынсарин. Ал қазіргі заманның баласына бір мектептің білімі аздық етеді, қосымша ізденіп оқуы керек, дейді мамандар. Соған сәйкес түрлі оқу орталықтарына сұраныс артты. «Ұстаз - ұлық емес, ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлы. Қай жерде, қалай болмасын балаға білім беріп жүрген мұғалім қашан да құрметке лайық.