Пластикалық ойыншықтар: олар несімен қауіпті және қандай ұсынымдар бар?

0
646

Пластмасса – поливинилхлорид, полистирол, полиэтилен, полипропилен және т.б. сияқты синтетикалық немесе табиғи жоғары молекулалық қосылыстар болып табылатын полимерлер тобының жалпы атауы.


Пластикалық ойыншықтар: олар несімен қауіпті және қандай ұсынымдар бар?

ERNUR.KZ. Пластикалық ойыншықтар - қауіпті болуы мүмкін деп ойламайтын, балалар арасында танымал болып саналатын ойыншықтар. Әрине, мұндай ойыншықтар берік, күтімі оңай және әртүрлі нұсқаларда қол жетімді болып келеді.

Дегенмен, сыртқы тартымдылығы мен функционалдылығынан басқа, ойыншықтар балалар үшін қауіпсіз болуы тиіс. Мысалы, сынып қалуы мүмкін өткір жиектері мен ұсақ бөлшектеріне зер салып, иісіне ерекше назар аудару керек. Егер сіз ойыншық сатып алғанда өткір иісін байқасаңыз, бұл фталат, формальдегид немесе күшән, барий, кадмий, хром, қорғасын, сынап және селен сияқты ауыр металдар болуы мүмкін. Бұлардың барлығы сәби үшін өте қауіпті.
«Пластмасса – поливинилхлорид, полистирол, полиэтилен, полипропилен және т.б. сияқты синтетикалық немесе табиғи жоғары молекулалық қосылыстар болып табылатын полимерлер тобының жалпы атауы. Егер полимер өндіруде сапасы төмен шикізат қолданылса немесе өндіріс технологиясы бұзылса, пластмассалар деструкцияға, яғни сыртқы ортаға әртүрлі қауіптілік сыныбындағы химиялық заттарды бөлуге бейім болады. Ішінара немесе толығымен поливинилхлоридтен (ПВХ) жасалған ойыншықтар үлкен қауіп төндіреді. ПВХ пластификаторы ретінде фталаттар қолданылады, олар пластикалық өнімдерден шығарылады. Қыздырған кезде мұндай ойыншықтар денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін», - дейді ҚДСҰО Жұқпалы емес аурулардың алдын алу департаментінің директоры Ермек Тоқбергенов.
Құрметті ата-аналар: ыстық суға салатын ойыншықтарға, шығармашылық жұмыс үшін духовкада қыздыруды талап ететін материалдарға, сондай-ақ қайнатуды қажет ететін емізіктер мен резеңке тістеуіктерге ерекше назар аударыңыздар. Пластификатордан басқа, пластмасса құрамына оксиданттар кіреді, олардың бірі ретінде фенол қолданылады.
«Фенол уытты, тері және шырышты қабаттар арқылы қанға сіңеді, содан кейін тіндер мен ағзаларға енеді. Фенолдан уланған кезде әлсіздік, қатты шаршау, ұйқының бұзылуы, бас ауруы, бас айналу, орталық жүйке жүйесінің бұзылуы, асқазан-ішек жолдары қызметінің бұзылуы, терінің қышуы, дерматит байқалады, сондықтан балаларыңызға мұндай ойыншықтарды таңдағанда абай болыңыздар», - деп қосты Ермек Тоқбергенов.
Пластикалық ойыншықтарды таңдаған кезде ұстанатын бірнеше қағида бар:
1. «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентінің (КО ТР 008/2011) талаптарына сәйкестік сертификаты бар ойыншық екеніне көз жеткізіңіз.
2. Ойыншықтың икемділігі өндірісте фталаттарды қолдануы мүмкін екендігін көрсетеді. Әртүрлі температурада қаттылығын өзгертетін ойыншықтарды сатып алмауға тырысыңыз.
3. Ашық бояу қосымша қауіп факторы бола алады, бояуында қорғасын, кадмий және басқа да ауыр металдар болуы мүмкін.
4. Пластикалық ойыншықтардың иісі қатты шықпауы керек.
5. Жарамдылық мерзімін көрсету - немқұрайлық емес!
6. Сондай-ақ баланың психологиялық жағдайын бағалай отырып, оның жасына сәйкес ойыншықтар сатып алған жөн.
Сайып келгенде, балалардың қауіпсіздігі бірінші кезектегі міндет және пластикалық ойыншықтарды дұрыс таңдау олардың қауіпсіз әрі жақсы уақыт өткізуіне көмектеседі.