​Шымкентте опырылған жолға КаМАЗ түсіп, құрылысы бітпеген көшеде автобус "жантайып" жатыр

0
1 745

Тұрғындар жыл басынан-ақ жол ойылып, жүк көлігінің түсіп кеткені мен жолаушы тасымалдап келе жатқан автобустың аударылуға шақ қалғанына куә болды.


​Шымкентте опырылған жолға КаМАЗ түсіп, құрылысы бітпеген көшеде автобус

Сапасыз жол. Қала ішіндегі ойылған көшелер. Бұл тіркестер құлаққа түрпідей тиеді. Дегенмен, жаңа статусқа ие болған Шымкент қаласындағы біршама көшелердің кемшілігі шаш етектен. Тіпті, кейбір мердігер мекемелердің жұмысы нәтижесінде және сапасыз жолдың себебінен келеңсіз жайттар орын алуда.

Соның бірі, осы жылдың 7 қаңтары күні орын алған. Қала сыртындағы «Зеленая балка» деп аталып кеткен шағын ауданда асфальт жол ойылып, оған КамАЗ көлігі батып кеткені жайында әлеуметтік желіде таралды. Мәліметтерге сүйенсек, «Су ресурстары маркетинг» ЖШС су құбырын жүргізгенде дұрыс жасамаған көрінеді. Салдарынан КамАз көлігінің салмағына шыдамаған жол қабаты опырылып, көлік үйелеп қалған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ екен.

фото: әлеуметтік желіден алынды

Ресми деректерде көрсетілгендей, жауапты мекеме орын алған бұл келеңсіз жайтқа қатысты былай деп мәлімдеме жасаған: "Дәл сол күні "Су ресурстары-Маркетинг" ЖШС қызметкерлері траншеяны тексеру және оны жабу кезінде ұйымның жүк көлігінің бір бөлігі траншеяға құлап кетті. Бүгінде барлық ақаулар ұйым есебінен жойылды, шөккен орындар толық жөнделді. Ауа райына байланысты асфальтті төсеу наурыз айына қалды".


Бұл дегеніміз, шырайлы Шымқаланың тұрғындары сапалы әрі қауіпсіз жолда жүру үшін көктемді күтуі керек дегенге саятын секілді. Қала тұрғындарының шыдамы шексіз деп санайтын болар, бәлкім?!

фото: инстаграм желісінен скриншот

Бұл бір емес, Шымкентте «құлап жатқан» көлікті көп өтпей тағы көрді ел. Күні кеше, яғни, 8 қаңтар күні мегаполистің көлік көп жүретін көшелерінің бірі Адырбеков бойында №147 қоғамдық көлік жол жағасына шығып, аударылуға шақ қалған. Бір жағына қарай қисая кетіп, тұралап қалған көлікті өткіншілердің бірі түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Тағы да қопарылған, құрылысы бітпей тұрған жолдың бойында орын алды бұл өкінішке ұрындыра жаздаған жағдай. Өйткені, аталмыш көшенің сау жері қалмаған. Ойдым-ойдым және көлік жүргізушілер шұңқыр теріп әлек боп жүр. Көпшіліктің көкейтесті мәселесіне айналаған бұл жол жайлы ERNUR.KZ тілшісіне қала тұрғынының (атын атамауды өтінді) пікірін жеткізген болатын. Осы маңда тұратын болғандықтан келеңсіз оқиға мен жол апатына жиі куә болатын көрінеді.

«Бұл үлкен көше болады деп жатыр. Сондықтан да, мұндағы құрылыс жұмыстарын жасау оңай шаруа емес, әрине. Халықаралық деңгейге сай, Д.Қонаев көшесі сияқты болу керек. Бірақ, құрылыс жұмыстарының неге ұзаққа созылып жатқанын түсінбеймін. Күні кеше осында көлік қақтығысы болды. Автобус жол шетіне шығып кетті. Өйткені, жолдың екі жағы ойылып тұр. Мен бұл жермен жүрмеуге тырысамын. Бірақ амал жоқ. Үйім осында болғандықтан, басқа көшемен айналып келемін», - дейді ол.

Ал, бүгін Адырбеков көшесінің сиқы мынадай.

суреттер: ERNUR.KZ

Әрине, жоспарға сәйкес жұмыс атқарылады. Әйтеуір бір бітетіні анық қой. Дегенмен, уақыт озған сайын мұндай сағыздай созылған жол жөндеу жұмыстары қарапайым халыққа кері әсерін тигізіп жатқаны анық.