Шымкентте қоқыс мәселесі қашан шешіледі

0
2 668

Қоқыс жинаушылардың жалақысы қанша? Қоқыс жиналмай жатса, қайда хабарласу керек?


Шымкентте қоқыс мәселесі қашан шешіледі

Шымкент қаласында 490 қоқыс алаңшасы, 2104 қоқыс контейнері бар. Тұрмыстық қалдықтарды тасымалдаумен арнайы 11 мекеме айналысады. Сонда да қаланың қоқыс алаңшаларынан қоқыс арылар емес. Әлеуметтік желілерге де тұрғындар тазаланбаған аула, алынбаған қоқыс туралы көп шағымданады. Мәселенің мән-жайын білу үшін ERNUR.KZ сайтының тілшісі жауаптылармен тілдесіп қайтты.

- Бүгінгі таңда, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы қоқыс жәшіктері күніне екі рет, ал жеке тұрғын үйлер аптасына бір рет тазаланады. Қазір таңда аудандардағы қоқыстар уақытылы алынады. Тазалық жұмыстарына байланыста арыз-шағымдар айтарлықтай азайды. Кестеге сәйкес, арнайы мамандар таңғы сағат 06:00-ден түңгі 00:00-ге дейін жұмыс жасайды. Ауладағы қоқыс алынбаған жағдайда жауапты мекеме нөмеріне хабарласып айтсаңыз, олар бірден алып кетеді, - дейді Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жолшыбек Шайхсламов.

Қоқыс қалдықтарын тасымалдаумен айналысатын мекемелер тек өздеріне бөлінген аудандарды ғана тазалайтынын айтады. Тұрғындар көп аймақтарда күніне 2 рет тазалағанның өзінде қоқыс тез толатын көрінеді.

- Біз жоспарға сәйкес бөлінген аудандардың тазалығы үшін жауап береміз. Жұмыс кестесіне сай қоқыстарды азанда ерте, болмаса түнде жинап аламыз. Тұрғындарға ыңғайсыздық тудырмау үшін сол уақыт тиімді. Біз күнделікті 200-ге жуық қоқыс алаңшаларын тазалаймыз. Артынан хлор қосылған суын шашып, иістеніп кетпеудің амалын жасаймыз. Кейде үлгермейтін кездер болады. Ондай жағдайда ертесіне бірінші алмаған жердің қоқыстарын тазалаймыз, - дейді «СпецАвтоТранспорт» ЖШС-нің басшысы Сапаркүл Қуандықов.


Қаладағы 4 ауданның тазалығы үшін қандай мекемелер жауапты?

Жалпы аудан аумағынша қанша қоқыс алаңшасы бар? Ауладағы қоқыс алынбаса кімге хабарласу керек десеңіз. Төменнен өз ауданыңызға қарайтын мекемеге қоңырау шалып айтсаңыз болады.

  1. Абай ауданында тұрмыстық қалдықтарға арналған 112 қоқыс алаңшасында 485 контейнер бар. Қоқыстарды тасмалдау қызметімен "ЛТД Тұрмыс" ЖШС-і айналысады. Телефон: +7 (7252) 56-86-44, +7 (7252) 31-07-51.
  2. Әл-Фараби ауданында 192 қоқыс алаңшасында 749 контейнер бар. Ондағы қоқыстарды тасымалдау "СпецАвтоТранспорт" ЖШС-і, «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-і айналысады.Телефон: +7(7252)44-20-49, сот: 87015057536, 87023179825.
  3. Еңбекші ауданында қалдықтарға арналған 117 қоқыс алаңшасында 644 контейнер орнатылған. Қоқыстарды тасымалдаумен «Вейсалидзе Л.Н.» ЖК, «Нұр Олжа» ЖШС-і айналысады. Телефон: 8 701 137 5703.
  4. Қаратау ауданында қалдықтарға арналған 69 қоқыс алаңшасында 226 контейнер бар. Ондағы қалдықтарды тасмалдау қызметімен «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-і, «Жан&Мейір» ЖШС-і, «ҚайнарБұлақ» ЖШС-і айналысады. Телефон: 87023179825, 87014003311, 8 775 952 3276.


Осы орайда, «iKomek» жедел қызмет көрсету орталығына да қоңырау шалып, қоқыс мәселесін айтсаңыз болады. Орталық мамандары тәулік бойы тұрғындардың қоңырауларына жауап береді. Кез келген сауалға 109 нөміріне қоңырау шалу арқылы немесе 87777109109 WhatsApp нөмірі жазып жауап алуға болады.


Жиналған қалдықтардың көбі қайта өңдеуге келмейді

Шымкент қаласында тұрмыстық қалдықтарды қайта сұрыптайтын бір ғана завод жұмыс істейді. 2015 жылдың наурыз айынан іске қосылған өндіріс орны күнделікті 550-600 тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейді. Ағымдағы жылдың 8 айында қоқыс полигонына 145 954,8 тонна қоқыс қабылданған. Бүгінгі таңда қайта өңдеуден сұрыпталып алынған қалдықтар 35 317,2 мың тонна. Ол 24,1 % құрайды. Қаладағы қоқыстардың бәрін қайта қалыпқа келтіру мүмкін емес. Десе де үкімет 2030 жылға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізуі тиіс. Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жолшыбек Шайхсламовтың айтуынша, бұл мәселе 3-4 жылдың ішінде толықтай іске асатын көрінеді.

- Бүгінге дейін қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 4 мекемеден ұсыныс түсті. Қазіргі уақытта ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен қоқыс өңдеу және оларды жағу зауытын салу мәселесі қарастырылып жатыр. Нәтижесінде, қоқыстарды өртеу арқылы электр қуаты өндірілетін болады. Сонымен қатар Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау мен сұрыптауды енгізу және қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды мәселесі қаралып жатыр. Қазіргі таңда Ақтас-1 қоқыс полигоны аумағынан 20 га жер телімі қарастырылып, жұмыстар жүргізілуде, - дейді басқарма басшысы.


Қоқыс жинайтын қызметкерлердің жұмысы қиын да қауіпті

Күннің ыстығы мен суығына қарамай қала тазалығы үшін күресетін мамандар жалақысы үшін жанын салып қызмет етеді.

- Мен қалада қоқыс жинаумен 10 жылдан бері айналысып келемін. Осы жұмысымның арқасында 5 баламды бағып отырмын. Жалақым 75 000 теңге. Мереке кезінде одан да көп аламыз. Азанғы 06:00-ден түскі 14:00-ге дейін жұмыста боламыз. Бізден кейін басқалар түседі. Басшылықтан тексеріс келетін кезде, немесе мереке күніне түсетін болсақ уақытқа да қарамаймыз. Азаннан кешке дейін көшеде жүре беретін кездер болады,- дейді Айша Биқожаева.

Аула сыпырып, қоқыс жинап күні өтетін қызметкерлердің денсаулығы үшін ешкім кепілдік бермейді. Ыстықта басынан күн өтсе, суықта тоңып, не мұзға тайып жығылса жағдайы қалай болмақ?

- Қоқыс жинайтын қызметкерлер қызмет барысында жарақат алса,медициналық сақтандыру бойынша медициналық көмек алады. Сонымен қатар, әлеуметтік көмекпен де қамтылады, - дейді Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жолшыбек Шайхсламов.

Қазіргі таңда қала аумағында қоқыс тастайтын контейнерлердің көбінің тозығы жеткен. Осыған орай, бүгінде Шымкентте көпқабатты тұрғын үй аумағына қоқыс тастайтын жаңа металл жәшіктер орнатылды. Жаңа қоқыс контейнерлері басқа контейнерлерге қарағанда ыңғайлы. Арнайы қақпақтары жеңіл қалдықтардың ұшып кетуінен, шашылуынан қорғайды және жағымсыз иісті шығармайды.

Жалпы осы жылы жаңа 1376 контейнер сатып алу жоспарланған. Қазір олардың 376-сы сатып алынды. Жауаптылар жыл соңына дейін қалған 1000 қоқыс контейнерін сатып алып, қаладағы қоқыс мәселесін толықтай шешетінін айтты.