"Үйірме, ұзартылған күн тобы жоқ": Шымкенттегі жаңа мектепке бір жылдан бері директор тағайындалмай отыр (видео)

0
2 848

Мектеп мәселесін экс-әкім Ғ.Әбдірахымов жылдың басында өзі шешетінін айтқан болатын.


иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласы Бозарық саяжайындағы №131 мектеп бір жылдан бері директорсыз жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласының шетіндегі Бозарық саяжайына жаңадан соғылған №131 мектеп 2018-2019 оқу жылында басшысыз өткізген. Бұл туралы Бозарық елдімекеніне жолаушылар автобусы мәселесін жеткізу барысында тұрғындар айтқан болатын.

«Біздің тағы бір өзекті мәселеміз саяжайдағы №131 мектепке 1 жыл бойы басшы тағайындалмауы. Ол мектептің директоры жоқ болғасын ішінде талай нәрсе болып жатыр. Оның ең бастысын атап айтсақ, мектепте үйірмелер ашылмаған. Ал, ондай үйірмелер болмаған мектептің оқушылары бос уақытын көшеде өткізеді ғой! Одан кейін, ел болғасын түрлі жағдайдағы отбасылар бар. Соның ішінде жалғызбасты аналарға қиын. Өйткені, мектепте «ұзартылған күн тобы» қызмет көрсетпейді. Балаларына қарайлап шыға алмайды. Соның кесірінен жалғызбасты аналар сабақ басталғасын жұмыс істеп ақша таба алмайды. Ал, жұмыс істемесе мемлекеттің берген көмегі жетпейді. Мектеп қызметкерлеріне осы ойымызды айтсақ, «Мектепте басшы жоқ, директорсыз штат аша алмаймыз» деп жауап береді. Ал, біз балаларымыздың болашағына, жағдайына алаңдаймыз!», - дейді тұрғындар басшысыз мектептің мәселесі жайлы.

Сондай-ақ, бұл туралы Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің жыл басындағы есептік кездесуінде де қозғалып, қаланың экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов аталған мәселені өзі шешетінін айтқан болатын.

«Бозарыққа жаңа мектеп салып бердік, бірақ неге директор жоқ? Мен баяғыда әкім болған кезде конкурсты өзім басқаратын едім. Осы жолы да мәселені өз қолыма алып, директор конкурсын жеке өзім басқаратын боламын. Басшыны тез-тез және адал тағайындаймыз», - деген еді экс-әкім Ғ.Әбдірахымов өз сөзінде.

Десе де, уәде берген экс-әкім өз сөзінде тұра алмаған сияқты. Оның себебі, конкурс осы жылдың 20 наурызында жарияланғанымен, білікті басшы табылмаса керек.

Ал, «сол кеткеннен мол кеткен» мәселенің мән-жайын анықтау үшін Шымкент қалалық білім басқармасына сауал жолдағанымызда, мамандар мектепке басшының әлі де тағайындалмағанын жеткізді.

«Білім беру ұйымдарының басшыларын конкурстық орналастыру және лауазымына тағайындау қағидаларымен тәртібі ҚР БҒМ-ның 2012 жылғы 21-ақпандағы № 57 бұйрығымен сәйкес жүзеге асырылады. Осыған орай, жоғарыда аталған мектепке директор лауазымына тағайындау туралы 20.03.2019 жылы БАҚ-қа хабарландыру жарияланып, конкурс нәтижесі бойынша мекеме басшысы тағайындалмаған еді. Бірақ, білім басқармасына қарасты «№131 жалпы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директорының уақытша міндетін атқарушы қызметі 2019 жылдың 11 ақпанынан бастап Назгүл Отарқұлқызы Салманға жүктелген. Сондай-ақ, конкурс 05.06.2019 жылы екінші рет жарияланып, бүгінгі таңда мектеп басшысына үміткерлер құжаттарын тапсырды. Енді, конкурс нәтижесі арқылы мекеме басшысы тағайындалатын болады», - деп жауап берді қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Шымкент қалалық білім басқармасының жауабына сәйкес, бір жыл бойы директорсыз жұмыс істеп келе жатқан (дегенмен, директордың міндетін уақытша атқарушы маманға жүктелген) мектепке білікті басшы тағайындалып, жергілікті тұрғындар айтқан мәселелер оңынан шешілер деген үміт бар.

Б.Ерман,

ERNUR.KZ