Әлемге әйгілі көліктердің атаулары ҚАНДАЙ МАҒЫНАНЫ БІЛДІРЕДІ?

0
4 990

Олардың атауларының өзінде үлкен мағына бар.


Әлемге әйгілі көліктердің атаулары ҚАНДАЙ МАҒЫНАНЫ БІЛДІРЕДІ?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Автоөндірушілер модельге үйлесімді атау беру үшін көптеген ресурстарды жұмсайды. Тиісінше дұрыс таңдалған атау көбіне сатылымдағы сәттілікке тікелей әсер етеді. Кейде автоөндірушілер кейбір нарықтар үшін модельдің атын өзгертуге де мәжбүр болады, өйткені басқа елдерде олардың атауы жағымсыз немесе күлкілі болуы мүмкін. Мысалы, Финляндияда «Калина» атауы "сықырлау" деген мағынаны білдіреді екен.


Chevrolet Camaro

1960 жылдардың ортасында Ford Mustang американдықтарға қолжетімді әрі спорттық көлік ұсыну арқылы нарықтық төңкеріс жасады. Ал "Мустангтың" пайда болуымен поникар сегменті дүниеге келді. Бірақ General Motors Фордқа барлық даңқты бере салғысы келмеді. Сөйтіп 1967 жылы Chevrolet Camaro көлігін дайындады. Осылайша тарихтағы ең ауқымды автомобиль бәсекелестігі басталған.

Бұл сөздің өзі Франциядан шыққан және "дос" деген мағынаны білдіреді. Олардың неліктен француз тілінен атау алғанына бірқатар болжам жасалған. Сөйтіп марканың негізін қалаушы Луи Шевролет швейцариялық болғандықтан, Chevrolet пен француз тілінің байланысы осы деп танылған екен.


Lamborghini Countach

Бұл модель автоспорт тарихында мәңгі із қалдырған. Себебі Countach барлық жағынан жарқын және оның атауы да танымал болды. Сөзбе-сөз аударғанда бұл атау "оба" немесе "инфекция" дегенді білдіреді екен. Бірақ Lamborghini суперкарына қатысты Countach сөзі басқа контексте қолданылған. Дәлірек айтсақ, итальяндық жаргонда Countach әдемі нәрсені көргенде таңдануды білдіреді екен. Шынында да, адамдар Countach-ты көргенде немесе рульге отырғанда осындай реакция білдіретін болған.


Ferrari Testarossa

Ferrari-дің барлық дерлік модельдері өздеріне лайық даңқ жинаған. Бірақ ең танымал модельдердің бірі Testarossa болды. Бұл атау алғаш рет 1957 жылы Testarossa 250 моделінде қолданылған. Бұл модель өз уақытындағы ең жылдам машина болмауы мүмкін, бірақ дизайн тұрғысынан ең жарқын көліктердің бірі болды. Testa rossa итальян тілінен аударғанда "қызыл бас" дегенді білдіреді екен. Бұл көптеген Ferrari көліктері үшін әдеттегі ашық қызыл түске емес, V12 қозғалтқышының қызыл бөлшектеріне қатысты қойылған көрінеді.



Honda NSX

Кейде ең танымал автомобиль атаулары қарапайым мағыналардан құралады. Honda NSX инновациялық моделі де соларға ұқсас. Жапондық орташа моторлы суперкар бүкіл әлемге суперкарлардың сенімді және техникалық қызмет көрсетуі оңтайлы екенін дәлелдеді. Аты аңызға айналған Формула-1 «шабандозы» Айртон Сенная әзірлеген көліктің дизайны мен бірегей шассиі NSX-ті аңызға айналдырды. Бұл атау JDM әуесқойларына жақсы таныс және үш әріп New Sports Car eXperimental дегенді білдіреді. Бұл тәжірибе өзін-өзі ақтап, тіпті аталған көлік пайда болғаннан кейін 30 жылдан астам уақыт өтсе де, NSX әлі де әйгілі жапондық спорттық көлік болып саналады.


Pagani Zonda

Пагани шынымен таңғажайып көліктерді шығарады. Итальяндық автоөндіруші өзінің негізін қалаушы Хоратио Паганидің есімімен аталады. Паганидің алғашқы моделі Анд тауларынан Аргентина даласына дейін созылатын Оңтүстік Американың ыстық желінің атымен аталған. Көлік те оның атауы сияқты керемет болып шықты. Оған дизайны ғана емес, сонымен қатар Mercedes негізінде жасалған өте қуатты V12 қозғалтқышы да әсер еткен.

Pagani Huayra моделі де желге байланысты атау алды. Хуайра-тата – Анд тауларында өте қатты құрметтелетін Оңтүстік Американың «Жел Құдайы». Бір қызығы, бұл атауды басқа көлік те алып жүрді, ол — Ford Y-Block V8 қозғалтқышымен жабдықталған аргентиналық Huayra Pronello Ford көлігі.


Porsche Panamera

Porsche ондаған жылдар бойы төрт есікті 911көлігін өндіру идеясымен тәжірибе жасап, ақырында оны Panamera көлігін шығару арқылы жүзеге асырды. Porsche өзінің жарыстағы атақтарымен мақтанады, сондықтан жаңашыл модель де жақсы атау алуы керек еді. Модельге оның ерекше сипаттамаларына сәйкес келетін атау қажет болды. Панамера кездейсоқ таңдалмады, өйткені ол Panamerica — carrera Americana автожарысы өтетін тас жолдан алынған. Бұл Аляскадан Аргентинаға дейінгі ең ұзын жол деп саналады.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Жол ережесін ойлап тапқан адам ӨЗІ мүлде КӨЛІК ЖҮРГІЗБЕГЕН - автокөлік әлеміндегі ҚЫЗЫҚ ДЕРЕКТЕР


СӨМКЕ СИЯҚТЫ: Әлемдегі ЕҢ КІШКЕНТАЙ көліктермен таныс болыңыз